Абай облысында 21 шілдеге сайлау белгіленді

Oinet.kz 09-06-2024 62

Республикамыздағы сайлау және референдумдар туралы ақпаратқа сүйенсек, облыстардың ішінде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауын өткізу бойынша Абай облысы көш бастап тұр. Ай сайын облыста кемі екі-үш сайлау ұйымдастырылады. Бір болғанда кемі бір-екі ауданда екі-үш ауылдық округте сайлау өткізіледі екен. Мәселен, шілде айына облыста екі сайлау қойылған. Оның бірі 7 шілдеге, екіншісі 21 шілдеге белгіленген. 

Screenshot_27.jpg

Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әсет Ерғазиннің айтуынша, 7 шілде күні облыстың Бородулиха ауданының Степной ауылдық округінде округ әкімінің сайлауы өткізіледі. Қазіргі таңда кандидаттар тіркеліп, дайындық жұмыстары басталып кеткен. Ауылдық округі әкіміне үш кандидат тіркелді. Оның біреуін Amanat партиясы ұсынған болса, екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Тіркелген кандидаттардың бірі әйел. Ол 1980 жылы туған Жезкент кенті аппаратының бас маманы Зульфия Мамырбаева. Amanat партиясы ұсынған кандидат округтің әкімі, 1984 жылы дүниеге келген Адильбек Халиоллаевич Жунисов. Үшінші кандидаттың есімі Асқат Құмарұлы Құрманбаев. Кандидаттардың барлығы да жоғары білімді. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. 

Ал Абай облысының Аягөз және Үржар аудандық аумақтық сайлау комиссияларының 2024 жылғы 21 шілдеге тағайындалған әкімдердің сайлауы Аягөз ауданының Бидайық пен Уржар ауданының Жаңа Тілек ауылдық округтерінде өткізіледі. Қазіргі таңда аталған округтерде сайлау учаскелерін белгілеу, сайлаушылар тізімін нақтылау, учаскелік комиссия құрамын бекіту туралы шаралар жүзеге асырылуда. 

- Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жол¬дауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тап¬сырған болатын. Осы саяси реформа аясында үш жылдан бері аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлаулары өткізіліп келеді. Биыл да бұл үрдіс Абай облысының аудандарында жалғасып отыр. Бұған дейін елімізде болған саяси бәсекелерге біздің аудандардың халқы немқұрайды қарамай, үнемі белсенділік танытып келді. Кешегі күні өткен сайлауда да жерлестерімнің дәл сондай белсенділік танытқанын өз көзімізбен көрдік. Жалпы, азаматтардың сайлауға қатысуы не үміткер ретінде өзін-өзі ұсынуы – туған өлкенің тұрмысын түзетуге деген ізгі ниеті ғана емес, зор жауапкершілік. Сондықтан «мен» деп алға суырылып шыққан, білімді, жан-жақты азаматтарды қолдасақ, әрбіріміз өз таңдауымызды жасасақ, бұл да бір демократиялық қоғам құруға деген қадам деуге болады. Тағы бір айтарым, аудан және ауыл әкімі болып жергілікті жердің азаматтары сайланса және олар 4-5 жыл туған жеріне қызмет етсе, сонда ғана жұмыстың нәтижесі болады, - дейді ол. 

7 шілдеге белгіленген ауылдық округтен сайлауға түсетін кандидаттардың есімдері белгілі. Ал 21 шілдеген қойылған Аягөз бен Уржар ауданының Бидайық пен Жаңа Тілек ауылдық округтеріне кандидаттар ұсынылуда. Кандидаттарды тіркеу алдағы апталардың еншісінде. «Сайлау заңнамасына сәйкес сайлауды аумақтық сайлау комиссиялары кемінде 40 күн бұрын тағайындайды және қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын өткізеді. Әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, сайлау бір ай ішінде тағайындалады және олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі. Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейін басталады және сайлау өткізілетін күннен он бес күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады», - деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әсет Ерғазин.

Сонымен қатар, ол кандидаттарды ұсыну жолдарын да түсіндіріп берді. Оның айтуынша, саяси партия мүшелері қатарынан саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екіншіден сайлауға өз-өзін ұсынушы дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайызынан қол жинау арқылы, өзін-өзі ұсына алады. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін ел азаматы жасы 25-тен кем емес, әрекетке қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуы, заңда белгіленген тәртіппен танылған соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау дерегі болмауы тиіс.

«Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының кемінде бір пайызы дауыс беруі тиіс. Сайлаушыларды қолдау олардың қолдарын жинаумен куәландырылады. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен 10 күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады, яғни сайлау күніне дейін 10 күн бұрын және сайлау болатын күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат он екіде аяқталады», - дейді Әсет Баймұратұлы.

Оның айтуынша, сайлау қорытындыларын ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде белгілейді. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып сайланды. Ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиялары жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жұмыстарын жасайды. Сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

Партия тарапынан ұсынылған кандидаттар сайлауда жеңіске жетті
Бес кандидат әкім болуға үміткер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу