Түркістан облысында шілде айына тағы екі сайлау қойылды

Oinet.kz 07-06-2024 61

Халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында жылбасынан бері ай сайын бір-екі ауылдық округте сайлау өткізіліп келеді. Кейде бірнеше ауданда қатар өткізіліп жатқандары да бар. Мәселен, маусым айында Түркістан облысында екі сайлау қойылса, шілде айына қойылып отырған ауылдық округ әкімдерінің үш сайлауы бар. Оның бірі 7 шілдеге, екіншісі 14 және 21 шілделерге белгіленген. 

Screenshot_20.jpg

Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішевтің айтуынша, 14 шілдеге қойылған сайлаудың бірі Қазығұрт ауданының Сабыр Рақымов ауылдық округінде, екіншісі 21 шілде күні Отырар ауданының Маяқұм ауылдық округінде өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда жоғарыда аталған округтерге үміткер болатын кандидаттар ұсынылуда. Кандидаттарды тіркеу шарасына дейін әлі бірнеше күн бар. Ол кандидаттарға қандай талаптар қойылады, бұл туралы төраға орынбасары айтып берді. 

Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды.

- Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы, сондай-ақ егер ұсыну мерзімі аяқталатын күні екеуден аз кандидат ұсынылған болса, аудан әкімі жүргізеді.

Саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Ауылдық округ әкімдігіне өзін-өзі ұсынған кандидат дауыс беруге құқы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысымен қолдау табуға тиіс. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Заңмен әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді, - дейді Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев.

Жалпы әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады. Сайлау алдындағы үгіт кандидаттар тіркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

«Ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады. Сайлау қорытындыларын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысында сайлаудан кейін үш күндік мерзімінен кешіктірмей белгілейді. Жалпы шілде айына қойылған сайлаулар да облысымызда белгіленген кестеге сай өтеді деген ойдамын» дейді төраға орынбасары.

Маңғыстау облысында халық өз таңдауын демократиялық тұрғыда жасайды
Шамалғанда ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу