Абай облысында 30 маусымға белгіленген сайлау кандидаттары тіркелді

Oinet.kz 04-06-2024 67

Ауылдық округ әкімдерін сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан, ауылдық округ әкімін сайлаудың нәтижесі аса маңызды. Жалпы қарапайым халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына өз үлесін қосатын осы ауылдық округтің әкімдері. 

Screenshot_11.jpg

Абай облысында жылы басынан бері бес-алты қайтара аудандарда аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау өткізілді. Ендігі кезекте қойылып отырған сайлау Жарма ауданы Аршалы ауылдық округінде 30 маусымға белгіленген. 

Жарма аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Жанат Есенжолованың айтуынша, Аршалы ауылдық округ бойынша кандидаттар тіркелген. 

- Бүгінгі күні округте сайлауға қатысатын кандидаттардың есімдері белгілі. Аршалы ауылдық округі әкімі қызметіне тіркелген үш кандидаттың екеуі өзін-өзі ұсынса, бір кандидатты Amanat партиясы ұсынып отыр. Өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі Қарасу ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, 1992 жылы туған Мәсәлім Ерғалиұлы Абдулин. Екіншісі, Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, 1993 жылы туған Алмас Аманұлы Болатов. Ал Amanat партиясы Аршалы округінің әкімі Мирлан Далелханұлы Қасымхановты қайта ұсынып отыр. Қазақта «бап шаба ма, бақ шаба ма» деген сөз бар ғой. Кандидаттарды таңдап дауыс беретін халық. Ауылдық округ тұрғындары өз таңдауын жасап, 30 маусымға белгіленген сайлауға өз үлестерін қосады деген сенімдеміз, - дейді Жанат Есенжолова.  

Бүгінгі таңда Аршалы ауылдық округінде орналасқан саулау учаскесінде сайлаушылар тізімін түгендеу, бақылаушылар мен сайлаушыларға қажетті барлық жағдайлар сайлау талабына сай жасақталуда. 

- Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар сайлаушылардың сайлау процесіне тікелей араласуына, өз таңдауын жасауына және олардың жергілікті жерлерде атқарушы органдардың шешім қабылдау процестеріне қатысуға толық мүмкіндіктер береді. Бұндай оң өзгерістер өңірдегі саяси партиялармен қоғамдық ұйымдардың да жұмысын жандандыруға ықпал ететіндігі белгілі. Тағыда бір айта кететін мәселе, сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуге әр түрлі тараптардан қатысатын байқаушылардың рөлі үлкен. Мәселен, бұған дейін ауданымызда өткен сайлаулар барысында көп тәжірбие жинақтадық. Жалпы сайлау туралы заңда сайлау учаскелерін сайлаушыларға барынша қолайлылық туғызу мақсатында, жергілікті және өзге жағдаяттар ескеріле отырып құру айқындалған. Бүгінгі күні, ауданда құрылған барлық сайлау учаскелері заң талаптарына сәйкестендірілген. Бұл учаскелердің барлығында сайлаушыларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың учаскеге келіп дауыс беруіне толықтай жағдай жасалынған. Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған сәттен бастап дауыс беру күніне 30 күн қалғанға дейінгі мерзімде тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Сайлау комиссиялары сайлаушылармен жұмыс істеуде жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілердің мүмкіндіктерін пайдалануда. Мысалы, кейінгі саяси науқандарда Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен азаматтарды сайлау туралы барынша құлақтандыру шаралары ұялы байланыс операторларымен СМС хабарламалар тарату арқылы жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, сайлауға дейін сайлаушылардың тізімін нақтылау шаралары әкімдіктерде құрылған колл-орталықтарда және дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларымен еgov.kz порталындағы онлайн-сервистер арқылы сайлаушылардың дауыс беруіне жағдайлар жасалуда, - дейді ол.  

Оның айтуынша, сайлау қоғамдық саяси науқан болғандықтан, барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, байқаушылар мен сенімді өкілдер тарапынан үлкен бәсекелестік ахуал қалыптасуы шартты жағдай. Бұл, барлық дамыған елдерде өтіп жатқан сайлаулардың тәжірибесінде көрініс табатын құбылыстар. Сондықтан, қоғам ішіндегі кез келген тараптар өкілдеріне таңдау жасау құқығы шектелмеуі тиіс. «Біздің мақсатымыз, елімізде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан саяси реформаның негізінде сайлау процесін заманауи талаптарға сәйкес үнемі жетілдіріп отыру болып табылады» дейді Жарма аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Жанат Есенжолова.   

Қостанайда округ әкімдерінің сайлауын сайлау учаскелері талапқа сай өткізеді деген сенім мол
Ақтөбе облысында 7 шілдеде сайлауға түсетін кандидаттар тізімі нақтыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу