Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Шын мәнінде Қостанай облысында үлкен өзгерістің басы болған ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасып келеді. 2021 жылы басталған бұл науқан елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға тың серпін беріп отыр. Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ата Заңымыз – Конституцияға өзгерістер енгізіліп, сайлау жүйесі түбегейлі жаңғыртылды.
Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жамиля Самбаеваның айтуынша, Меңдіқара ауданы Михайлов, Бейімбет Майлин ауданы Павлов, Сарыкөл ауданы Веселоподол пен Урожайное, Ұзынкөл ауданы Новопакров ауылдық округтерінде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 23 маусым күні өткізіледі.
- Президентіміз өз Жол¬дауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тап¬сырған болатын. Осы саяси реформа аясында 2021 жылдан бері ауыл әкімдері сайлануда. Биыл да Қостанай облысының аудандарында округ әкімдерінің сайлауы жалғасып отыр. Бұған дейін елімізде болған саяси бәсекелерге біздің аудандардың халқы немқұрайды қарамай, үнемі белсенділік танытып келді. Кешегі күні өткен сайлауда да жерлестерімнің дәл сондай белсенділік танытқанын өз көзімізбен көрдік. Жалпы, азаматтардың сайлауға қатысуы не үміткер ретінде өзін-өзі ұсынуы – туған өлкенің тұрмысын түзетуге деген ізгі ниеті ғана емес, зор жауапкершілік. Сондықтан «мен» деп алға суырылып шыққан, білімді, жан-жақты азаматтарды қолдасақ, әрбіріміз өз таңдауымызды жасасақ, бұл да бір демократиялық қоғам құруға деген қадам деуге болады. Тағы бір айтарым, аудан және ауыл әкімі болып жергілікті жердің азаматтары сайланса және олар 4-5 жыл туған жеріне қызмет етсе, сонда ғана жұмыстың нәтижесі болады, - дейді Жамиля Самбаева.
Оның айтуынша, алдағы сайлауға учаскелік сайлау комиссиялары тыңғылықты дайындалуда. Ондағы әрбір аудандық аумақтық сайлау комиссияларында ай басында сайлауға түсетін кандидаттар анықталып, тіркелген. Меңдіқара ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Р. Байсақаловтың айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-5-бабына сәйкес Меңдіқара ауданының аумақтық сайлау комиссиясы Михайлов ауылдық округінің әкіміне кандидаттарды 3 маусым күні тіркеді. Бұл сайлауда Amanat партиясы округтің бұрынғы әкімі, 1981 жылы туған Джафарова Марина Сергеевнаны қолдап, сайлауға қатыстыруда. Ал өзін-өзі ұсынғандар қатарында Алешин мен Боровской ауылдық округі әкімі аппаратының бас мамандары Иванцова Светлана Владимировна мен Селезнева Леся Александровна бар.
Ал Бейімбет Майлин ауданы аумақтық сайлау комиссиясының Павлов ауылдық округінің әкіміне 3 кандидат тіркелген. Оның бірі, Amanat партиясы ұсынған Мирамкүл Темірханқызы Барменова. 1988 жылы туған ол Апанов негізгі орта мектебінің директоры болып еңбек етуде. Екінші кандидаттың есімі Венера Мырқайдарқызы Бермұхамбетова. Ол Бейімбет Майлин ауданы әкімі аппаратының заң қызметінің басшысы. Үшінші кандидат Айсұлу Амантайқызы Қожахметова Новоильинов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істеуде. Соңғы екі кандидатта өзін-өзі ұсынғандар.
Сарыкөл ауданындағы Урожайное және Веселоподоль ауылдық округтерінде де үш-үштен кандидат тіркелген. Бірінші ауылдық округ бойынша екі кандидат өзін-өзі ұсынғандар. Атап айтсақ, оның бірі 1979 жылы туған, Сарыкөл ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Динара Бақытжанқызы Мулдабекова, екіншісі 1967 жылы туған Сарыкөл аудандық мәслихаты аппаратының бөлім басшысы Райхан Мырзағалиқызы Сманова. Үшінші кандидатты «Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған. Ол Урожайное ауылы әкімі аппаратының бас маманы Айман Нұрланқызы Шонова. Ал екінші ауылдық округ бойынша ұсынылған үш кандидаттың біріншісі Ғалымжан Багитжанұлы Менгельбеков. 1986 жылы туған ол Сарыкөл ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы. Екіншісі Дмитрий Владимирович Яценко. Сарыкөл ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы. Екі кандидат та өзін-өзі ұсыну арқылы ұсынылған. Үшінші кандидат Жақсылық Жұмадыұлы Мейірембаев. 1971 жылы туған ол осы округтің әкімі. Оны бұл сайлауға Аmanat партиясы ұсынып отыр.
Жоғарыда аталған аудандардағы ауылдық округтерінде сайлауға түсетін кандидаттардың есімдері белгілі. Жамиля Самбаева осы ретте ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу кезіндегі сайлау комиссиясының өкілеттіктерін таратып айтып берді. «Сайлау заңнамасына сәйкес сайлауды аумақтық сайлау комиссиялары кемінде 40 күн бұрын тағайындайды және қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын өткізеді. Әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, сайлау бір ай ішінде тағайындалады және олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі. Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейін басталады және сайлау өткізілетін күннен он бес күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады», - деді ол.
Сонымен қатар, ол кандидаттарды ұсыну жолдарын да түсіндіріп берді. Оның айтуынша, саяси партия мүшелері қатарынан саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екіншіден сайлауға өз-өзін ұсынушы дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайызынан қол жинау арқылы, өзін-өзі ұсына алады. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін ел азаматы жасы 25-тен кем емес, әрекетке қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуы, заңда белгіленген тәртіппен танылған соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау дерегі болмауы тиіс.
«Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының кемінде бір пайызы дауыс беруі тиіс. Сайлаушыларды қолдау олардың қолдарын жинаумен куәландырылады. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен 10 күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады, яғни сайлау күніне дейін 10 күн бұрын және сайлау болатын күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат он екіде аяқталады», - деп қосты Жамилия Байанқызы.
Оның айтуынша, сайлау қорытындыларын ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде белгілейді. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып сайланды. Ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиялары жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жұмыстарын жасайды. Сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.