Қызылорда облысы Шиелі ауданында екі сайлау өткізілмекші

Oinet.kz 28-05-2024 408

Өткен жылы Сыр өңірінде 38 ауыл әкімі сайланған болатын. Оның басым бөлігі өзін-өзі ұсынғандар. Ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы – Президент реформаларының бірі. Жалпы Қызылорда облысында 146 кент және ауылдық округ әкімі бар. Биыл 25-нің өкілеттілік мерзімі аяқталады. 16 маусымда Шиелі ауданында 3, ал 7 шілдеде 2 әкім сайланады. 

Screenshot_17.jpg

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, Қызылорда облысы Шиелі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 7 шілдеге тағайындалған әкімдер сайлауы туралы хабарламасында ауданның Ақмая мен Тұран ауылдық округтерінде кандидаттарды тіркеу жұмыстары жүргізілуде. «Осы жылғы 11 маусым күнгі сағат 18.00-де кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды. Шиелі ауданы бойынша Ақмая және Тұран ауылдық округтері әкімдеріне барлығы 6 кандидат ұсынылды, олардың ішінде 1-уі  саяси партиядан, 5-і өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынылды. «Amanat» партиясы 1 кандидат ұсынды. Орташа бәсекелестік бір орынға 3 адам құрады. Қазіргі уақытта ұсынылған кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтау және кандидаттарды тіркеу бойынша шаралар жүргізілуде. Тіркеу 2024 жылғы 16 маусым күнгі сағат 18-00 де аяқталады. Кандидаттар шығып қалған және баламалылық болмаған (сайлау округінде екіден аз кандидат) жағдайда, заңнамаға сәйкес ұсыну мерзімі бес күннен аспайтын уақытқа ұзартылады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 113-5 бабының 9 тармағына сәйкес кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы арнайы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары бетінде жарияланады», - дейді Әділбек Ерсұлтанов. 

Оның айтуынша, сайлау талаптары сайлау заңына сәйкес жүргізілуде. Есте болса, былтыр Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған. 

Онда ауыл әкімінің сайлауына түсетін кандидаттарға мынадай талаптар қойылған болатын. Атап айтсақ, кандидаттың жасы 25-тен асқан Қазақстан азаматы; барлық мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын шектеулер (сотталмағандығы, еңбекке жарамсыздығы және тағы басқа); біліктілік талаптарына сәйкестігі (мемлекеттік қызметте кемінде бір жыл, мемлекеттік органға жатпайтын ұйымдарда кемінде екі жыл басшылық қызмет атқару); арнайы тексерудің нәтижесі (кандидатты тіркегеннен кейін 5 күн ішінде жүргізіледі).

Сайлауға үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсына алады және өзін-өзі ұсыну арқылы. Өзін-өзі ұсынған кезде үміткер тиісті округтегі сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайызының қолын жинау керек. 

Ал сайлау кезеңдері Заң жобасына сәйкес, сайлау сол елді мекен әкімінің өкілеттігінің аяқталуына 40 күн қалғанда басталады. Ал сайлаудың өзі әкімнің өкілеттігінің аяқталуына 10 күн қалғанда өтеді. 

Кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланған күннің ертесінде басталып, сайлауға 15 күн қалғанда аяқталады. Яғни, мәжіліс спикерінің сөзінше, үміткерлерді ұсыну мерзімі 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады.

Кандидаттарды тіркеу сайлауға 10 күн қалғанда аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың шынайылығын тексереді. Үгіт жүргізуге 8 күн беріледі. Сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде дауыс берудің қорытындысы шығарылады. Сайланған әкімді тіркеу 7 күн ішінде жүзеге асады.

Сондай-ақ заң жобасына мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазуды қосу нормалары енгізілген. 

«Ауыл әкімін сайлау оның ел алдында жауапкершілігін көтереді әрі халықтың билікке сенімін өсіреді. Енді оның дербес бюджетіне аз-кем тоқталсақ. 2020 жылдан барлық ауылға қатысты «4-деңгейлі бюджет» деп айдарланған реформа жүзеге асып келеді. Бұл тетік ауыл басшыларына елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін дербес шешуге мүмкіндік беруі тиіс. Қазақша айтқанда ауыл әкімі қашанғы аудан, я қалаға алақан жайып қарап отырады? Өз шаруасын өзі неге шешпеске? 4-ші деңгейлі бюджет осы мәселелерге жауап болуы тиіс. Ауылішілік жолдарды өздеріңіз білесіздер күтіп ұстауға, техникаларды күтіп ұстауға, көгалдандыру, аулаларды абаттандыру жұмысы сияқты ірілі, ұсақ, орта деңгейдегі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Міне, ауыл әкімдерін сайлаудағы халықтың ұтар тұсы осы. Ендігі кезекте 16 маусым мен 7 шілдеге белгіленген Шиелі ауданындағы ауылдық округ әкімдерін таңдауда халық өзінің іділ таңдауын жасап, осы орынға, лауазымға лайықты азаматты әділ жолмен сайлайлайды деген сенімдеміз», дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов. 

Түркістанда сайлауалды дайындық жұмыстары басталып кетті
Маңғыстау облысының Қарақия ауданында сайлау өтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу