Қарағанды облысында халық өз таңдауын жасады

Oinet.kz 22-05-2024 86

Қарағанды облысының Нұра, Осакаров және Шет аудандарында 9 маусым күні округ әкімдерінің сайлауы өтті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сандуғаш Асылбекованың айтуынша, 9 маусымда ұйымдастырылған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауына Нұра ауданының Талдысай және Байтуған, Осакаров ауданының Жансары, Шет ауданының Ақжал кенті, Ақшоқы және Киикті ауылдық округтері қатысты.

Screenshot_6.jpg

Нұра аудандық сайлау комиссиясының 19 мамырда өткен отырысында «Нұра ауданының Байтуған ауылдық округі және Талдысай ауылы әкімдеріне кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы» шешім қабылданды. Нұра ауданының Байтуған ауылдық округі және Талдысай ауылы әкімдеріне кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Уатай таныстырған болатын. Оның айтуынша, Нұра ауданының Байтуған ауылдық округі және Талдысай ауылы әкімдеріне үміткер ретінде 6 кандидат тіркелді. Оның ішінде саяси партиялардан 1, өзін-өзі ұсыну тәртібімен 5 кандидат белгілі болды. Тіркелген үміткерлердің ішінде 5 ер адам және 1 әйел адам бар. Кандидаттардың орташа жасы 32 жас. Ең жас үміткер 28 жаста, үміткерлер арасында ең үлкен жас 41 жас. Мамандықтар бойынша айтар болсақ, оның 5-еуі заңгер болса, біреуі жергілікті мемлекеттік басқару маманы.

- Осы жылдың 9 маусымда Нұра ауданы Талдысай мен Байтуған ауылдық округі әкімдерінің сайлауының қорытындысы белгілі болды. Сайлау қорытындысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 3-тармағына, 45-бабына,113-10-бабына сәйкес Нұра ауданының ауыл, кент, ауылдық округтері әкімдерін сайлау нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлау қорытындыларын белгіленді. Талдысай ауылы әкімінің сайлауы бойынша айтар болса, ондағы дауыс беретін сайлаушылар тізімінде барлығы 91 азамат болса, оның 82-і сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Сайлауға үш кандидат түссе, дауыс үміткерлер арасында төмендегідей бөлінді. Нариман Еримов сайлаушылардың 5, Айжарық Мұсина 7, ал Асемгүл Нуртаева 63 дауысын иеленді. Сонымен Талдысай ауылы әкімі болып 1983 жылы туған ауыл тұрғыны Нуртаева Асемгүл Жаикқызы сайланды. Ал Байтуған ауылдық округі әкімінің сайлауына тізімдегі 618 азаматтың 494-і қатысты. Мұнда 14 жарамсыз бюллетень анықталды. Дегенмен сайлауға түскен 3 кандидаттың арасынан үлкен дауыс айырмасымен Шаяхметов Изат Куандықұлы алға шықты. Ол сайлаушылардың 419 дауысына ие болған болатын. сөйтіп, Көбетей ауылдық округі әкімі болып 1989 жылы туған Изат Шаяхметов сайланды. Екі округте де сайлау әділ өтті, - дейді Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сандуғаш Асылбекова.

Сонымен қатар Осакаров ауданы Жансары ауылдық округінде өткен сайлау да ұйымшылдықпен өтті. Мұнда 19 мамырда жүргізілген тіркеу барысында екі кандидат өзін-өзі ұсынса, бір адам «Amanat» партиясы атынан сайлауға түсетіні мәлім болған еді. Атап айтсақ, «Amanat» партиясы ұсынған кандидат «Жансары ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алтынай Жанабайқызы Ибрагимова. Өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі – «Білім» білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ольга Александровна Саак, екіншісі – Родников ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Елка Сексенбай. 

Сайлау учаскесіне сайлаушылар тізіміндегі 272 азаматтың 205-і қатысып, өз таңдауларын жасады. 5 адам өз таңдауын денсаулығына байланысты үйінде берді. Осакаров ауданы Жансары ауылдық округі әкімі сайлауының келесідей қорытындылары белгіленді. Атап айтсақ, Алтынай Ибрагимова сайлаушылардың 165 дауысын иеленіп, жеңіске жетті. Сайлау қорытындысы бойынша Осакаров ауданы Жансары ауылдық округі  әкімі болып 1966 жылы Алтынай Жаңабайқызы сайланды. 

Ал Шет ауданының Ақжал кенті, Ақшоқы, Киікті ауылдық округтері әкімдеріне кандидаттарды тіркеу бойынша 2024 жылғы 19 мамыр күні Шет ауданының аумақтық сайлау комиссиясының отырысы өтті, онда «2024 жылғы 9 маусымға тағайындалған Шет ауданының ауылдық округтері және кент әкімдеріне кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы» шешім қабылданған еді. Ол шешіммен аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Амангельдинов таныстырған болатын. Оның айтуынша, Шет ауданының Ақжал кенті, Ақшоқы, Киікті ауылдық округтері әкімдеріне 11 кандидат ұсынылып, оның 9-ы тіркелген-ді. Тіркелген үміткерлердің ішінде 8 ер адам және 1 әйел адам бар. Мамандықтар бойынша 5-еуі заңгер, 4-і басқа сала маманы. Тіркелген кандидаттардың 9-ы мемлекеттік қызметші. Ал 9 маусым күні сайлау қорытындысы шығып, жаңа әкімдер тағайындалды. 

- Шет аудандық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 14-бабының 9-тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына,113-10-бабына сәйкес, әкімдерді сайлау нәтижесі туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлау қорытындысы шығарылды. Мұндағы сайлау округтері бойынша сайлаушылар тізіміне 2946 азамат енгізілсе, оның 1900-і, яғни 64,49 пайызы қатысып, дауыс берді. Әкімдікке кандидаттар саны 9 адам, оның ішінде «Amanat» партиясынан 3 кандидат, өзін-өзі ұсыну арқылы 6 кандидат сайлауда бақтарын сынады. Сайлауға кандидаттардың 5 сенімді тұлғасы және «Amanat» партиясынан 3 бақылаушы қатысты. Сайлау заң талаптарын сақтай отырып, заңбұзушылықсыз өтті. Прокуратура органдарына шағымдар мен арыздар түскен жоқ, соттарға талап-арыздар енгізілген жоқ. Барлық 3 сайлау округінде әкімдер сайланды, - дейді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Амангельдинов.

Оның айтуынша, Ақшоқы ауылдық округі бойынша 184 сайлаушы дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Сайлаушыларының басым дауысына Ақшоқы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жолдыбеков Жанабек Жеңісұлы ие болды. Ол ауыл тұрғындарының 157 дауысына ие болған еді. «Amanat» партиясының ұсынуымен сайлауға түскен ол Ақшоқы ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

Киікті ауылдық округі бойынша сайлаушылардың 70 пайызы қатысты. 341 сайлаушының басым дауысына «Amanat» партиясы ұсынған, 1987 жылы туған Киікті ауылдық округінің әкімі Смағұлов Мерей Қуатбекұлы ие болды. Сонымен сайлауда жеңіске жеткен округтің бұрынғы әкімі Киікті ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

Ақжал кенті сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 2189 азамат енгізілсе, оның 1375-і сайлауға қатысып, өз дауыс берді. Сайлау қорытындысында Ардақұлы Қуаныш сайлаушылардың 116, Әбдірәсіл Ерасыл Бекболатұлы 1138, ал Жақанов Олжас Мұсағұлұлы 99 дауысын иеленді. Ақжал кентінің әкімі болып Әбдірәсіл Ерасыл Бекболатұлы сайланды. Ол 1997 жылы туған. Бұған дейін «Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметін атқарған еді. оны да ұсынған «Amanat» партиясы. 

«Сайлау қорытындысы шықты. Облыс бойынша ауылдық округ әкіміне үміткерлерді ауыл тұрғындары өздері таңдап, өз дауыстарын берді. Ендігі кезекте әкімдер халық үшін қызмет ететін болады. Бір байқағанымыз сайлауда жеңіске жеткен кандидаттардың басым бөлігін  «Amanat» партиясы ұсынғандар құрайды. Бұл біздің таңдауымыздың дұрыс жасалғанын көрсетеді, - дейді Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сандуғаш Асылбекова. 

Ақтоғай мен Бұқар жырауда «Amanat» партиясы ұсынған кандидаттар жеңіске жетті
Абай облысында Дмитриевка ауылдық округінің әкімі сайланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу