Ақтоғай мен Бұқар жырауда «Amanat» партиясы ұсынған кандидаттар жеңіске жетті

Oinet.kz 22-05-2024 153

Қарағанды облысының Ақтоғай, Бұқар Жырау, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында сайлау өтті. Атап айтсақ, 9 маусымда ұйымдастырылған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауына Ақтоғай ауданының Абай және Сарытерек, Бұқар жырау ауданының Суықсу, Баймырза және Тоғызқұдық, Нұра ауданының Талдысай және Байтуған, Осакаров ауданының Жансары, Шет ауданының Ақжал кенті, Ақшоқы және Киикті ауылдық округтері қатысты. 

Screenshot_5.jpg

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының 113-5 бабы 9 тармағына сәйкес 09.06.2024 жылға тағайындалған ауылдық округтерінің әкімдігіне кандидаттарды тіркеу сайлау талаптарына сәйкес жүргізілді. Нәтижесінде Ақтоғай ауданының Абай және Сарытерек ауылдық округтері бойынша 6 кандидат тіркелген болатын. Атап айтсақ, Абай ауылдық округі бойынша тіркелген кандидаттың бірі – Сарытерек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Игибеков Нұртілек Ерменбетұлы, ол өзін-өзі ұсынып отыр. Екінші кандидат – «Алаш Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Майлыбаев Ердос Рахметоллаұлы. Оны сайлау додасына «Amanat» партиясы қосты. Үшінші кандидат – Ақтоғай ауданы әкімінің аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Смағұлов Нұрбол Нұрмбекұлы. Ол өзін-өзі ұсынған болатын. 

Ал Сарытерек ауылдық округі бойынша тіркелген Алибаев Алтай Баймағанбетұлы Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы болып жұмыс істейді. Омарбеков Данияр Төлегенұлы болса Ақтоғай ауданы әкімінің аппаратының мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау бөлімінің басшысы. Бұл екеуі өз-өздерін ұсынғандар. Ал  Серкебаев Қанат Рахметоллаұлын «Amanat» партиясы ұсынып отыр. Ол бұған дейін осы округтің әкімі болған.  

 Бұқар жырау ауданының Баймырза, Тоғызқұдық және Суықсу ауылы әкімдеріне кандидаттар тіркеліп, сайлауға түсті. Баймырза ауылдық округі әкімі лауазымына «Amanat» партиясы атынан округтің бұрынғы әкімі Асел Сунғатуллақызы Жүнісова, Жаңаталап ауылы әкімінің бас маманы Гүлмира Қуанышқызы Мұханова мен Центральный ауылдық округі әкімінің бас маманы Виктория Анатольевна Стефкина түсті. Соңғы екі үміткер өз-өздерін осы лауазымға ұсынғандар. Ал Тоғызқұдық ауылдық округі әкіміне үмітті үміткерлер қатарында Көкпекті ауылдық округі әкімінің бас маманы Айнель Боранбайқызы Абжанова, Тоғызқұдық ауылының әкімі Гүльнара Қадырқызы Қадырова мен Бұқар жырау ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Мейрам Игілікұлы Тулеуов бар. Мұнда «Amanat» партиясының ұсынған кандидаты округтің бұрынғы әкімі Гүльнара Қадырқызы.   Сасықсу ауылдық округі бойынша түскен кандидаттар Үштебе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қуаныш Есейұлы Амангелді, жұмыссыз Айбар Ойратұлы Касимов пен Бұқар жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Олег Дмитриевич Цыганков. «Amanat» партиясының ұсынған кандидаты жұмыссыз жүрген Айбар Ойратұлы.  

Ақтоғай мен Бұқар Жырау аудандарында өткен сайлау қорытындысына тоқталар болсақ, кешегі сайлау қос аудандағы бес ауылдық округте ұйымшылдықпен өтті. Сайлауға қос аудандағы округ әкімдігіне өтініш берген кандидаттар толық қатысқан. 

Ақтоғай аудандық сайлау комиссиясының айтуынша, 2024 жылғы 9 маусымда өткен Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Абай мен Сарытерек ауылдық округтері әкімінің сайлау қорытындысы ертеңіне белгілі болды. Атап айтсақ, Абай ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне 131 азамат енгізілсе, оның 128-і өз таңдауын жасаған. Сайлауға мұнда бар болғаны 3 сайлаушы ғана қатыспаған. Кандидаттардың жалпы саны 3-еу. Сайлау қорытындысы бойынша, дауыс төмендегідей бөлінді. Таратып айтар болсақ, Нұртілек Ерменбетұлы сайлаушылардың 7 дауысына, Ердос Рахметоллаұлы 106 дауысына, Нұрбол Нұрмбекұлы 13 дауысына ие болды. Дауыс қорытынысымен «Алаш Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы, «Amanat» партиясының ұсынған кандидаты Майлыбаев Ердос Рахметоллаұлы Абай ауылдық округі әкімі болып сайланды. 

Сарытерек ауылдық округі бойынша айтар болсақ, мұндағы 402 тұрғынның 363-і сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасаған. Дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерде 7 сайлаушы дауыс берді. Бастапқыда кандидат ретінде 3 үміткер тіркелсе, сайлау қарсаңында үшінші үміткер Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Алибаев Алтай Баймағанбетұлы өз кандидатурасын тізімнен алдырды. Сөйтіп, әкім лауазымына екі кандидат таласты. Оның бірін «Amanat» партиясы ұсынса, екіншісі өзін-өзі ұсынған. Сайлау барысында Данияр Төлегенұлы сайлаушылардың 28, ал Қанат Рахметоллаұлын 320 дауысын иеленді.  Сайлау қорытындыларымен Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылдық округі әкімі болып 1973 жылы туған, париия атынан сайлауға түскен Серкебаев Қанат Рахметоллаұлы сайланды. 

 Ал 9 маусымда Бұқар жырау ауданының Баймырза, Тоғызқұдық және Суықсу ауылдық округтерінде округ әкімінің сайлауы заң талаптарына сай ы өткізілді. Бұқар жырау аудандық сайлау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, ауданның 3 ауылдық округінде де ешқандай заң талаптары бұзылмаған. Сайлаушылар сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасауына бар мүмкіндік жасалған. Бұқар жырау ауданы аумақтық сайлау комиссиясының қорытындысымен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес, учаскелік сайлау комиссияларының Бұқар жырау ауданының Баймырза, Тоғызқұдық ауылдық округтері және Суықсу ауылы әкімдерін сайлау нәтижелері туралы хаттамалары негізінде Бұқар жырау аудандық сайлау комиссиясы сайлау қорытындыларын белгіледі. Әрбір округ бойынша жеке-жеке тоқталсақ.

Баймырза сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 1150 азамат енгізілсе, оның 727-сі сайлау учаскесіне уақтылы келіп, өз дауыстарын таңдаған кандидаттарына берген. Санақ барысында Асел Сунғатуллақызы Жүнісова сайлаушылардың басым дауысына, атап айтқанда 611 дауысты иеленді. Ал келесі кандидаттар Гүлмира Қуанышқызы Мұханова 61, Виктория Анатольевна Стефкина 49 дауыс жинаған. Сөйтіп 1988 жылы туған, «Amanat» партиясы ұсынған округтің бұрынғы әкімі Асел Сунғатуллақызы Жүнісова өз орнын сақтап, Баймырза ауылдық округінің әкімі болып қайта сайланды. 

Тоғызқұдық сайлау округіндегі 820 сайлаушының 558-і өз таңдауын жасап, дауыс берді. Сайлау қорытындысы бойынша дауыс төмендегідей бөлінді. Яғни, Айнель Боранбайқызы Абжанова сайлаушылардың 31 дауысына ие болса, Тоғызқұдық ауылының бұрынғы әкімі Гүльнара Қадырқызы Қадыроваға 481 сайлаушы сенім білдірген. Ал Мейрам Игілікұлы Тулеуов болса 44 дауысты қанағат тұтқан. Сайлау қорытындысымен округтің бұрынғы әкімі, 1970 жылы туған, «Amanat» партиясы сенім білдірген Гүльнара Қадырқызы Тоғызқұдық ауылдық округінің әкімі болып қайта сайланды. 

Суықсу сайлау округінде халық саны тым аз. Бар болғаны 100 сайлаушының 77-сі сайлау учаскесіне келіп өз таңдауларын жасаған. Үш кандидат арасында басым дауысты жұмыссыз жүрген Айбар Ойратұлы Касимов жинаған. Оны жақтап 62 ауыл тұрғыны дауыс берген. Сөйтіп мұнда да «Amanat» партиясының ұсынған кандидаты жеңіске жетті. 

Шығыс Қазақстан облысында 2 ауданда сайлау өтіп 4 әкім сайланды
Қарағанды облысында халық өз таңдауын жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу