Түркістан облысы Шардара ауданында ауыл әкімдерінің сайлауы өтті

Oinet.kz 18-05-2024 104

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін (бұдан әрі- ауылдық округ әкімдері) жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлайтынын мәлімдеген болатын.

Screenshot_32.jpg

«Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Азаматтарымыз реформаларға қолдау білдіреді деп сенемін. Олар жаңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол бермейді деп үміттенемін. Айтылған барлық реформалардың, өзгерістердің табысты жүзеге асуы баршамыздың бірлігімізге, отаншылдығымызға және азаматтық жауапкершілігімізге байланысты», - деді Президент.

Осыған орай республиканың Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен келісе отырып, мемлекетіміздің кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын әзірлеп, оларды Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.

Аталған заң жобаларына саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, қалың жұртшылық, зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдірді, ұсыныстарын айтты. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатында екі ай бойы жан-жақты талқыланды. Қоғамның оң бағасын алды.  Мемлекет басшысы Заңға қол қойды. Соның нәтижесінде еліміздің ауылдық округтерінде әкімдер сайлауы үш жылдан бері өтіп келеді.

Айталық, 2024 жылдың 2 маусымында Жетісай және Шардара ауданының Абай, Қазыбек би мен Көксу және Қ.Тұрысбеков ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтті. Жетісай аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес Жетісай ауданы Абай, Қазыбек би ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы бойынша дауыс беру нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде аудандық сайлау комиссияларының қорытындысы жарияланды.сол қорытындыға сәйкес Абай ауылдық округі бойынша сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 5232 азаматтың 2775-сі сайлауға қатысып дауыс берді. Дауыс беру қорытындысымен 2220 сеніміне ие болған Оспанов Багдат Жанайұлы жеңіске жетті. Сөйтіп, Абай ауылдық округінің әкімі болып, 1980 жылы туған, Халықтар достығы ауылының тұрғыны, Абай ауылдық округінің әкімі, өзін-өзі ұсынған Оспанов Багдат сайланып, өз орнын сақтап қалды. 

Ал Қазыбек би ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 8123 сайлаушының 4687-сі өз таңдауын жасап, дауыс берді. Сайлаушылардың 3642 дауысын Мутаев Нұрлыбек Сағынбекұлы иеленді. Сонымен Қазыбек би ауылдық округінің әкімі болып, 1987 жылы туған, Жетісай қаласының тұрғыны, Жетісай ауданы Мансап орталығының кәсіпкерлерді қолдау және еңбек нарығын ұтқырлығын арттыру бөлімінің маманы, «AMANAT» партиясы ұсынған Мутаев Нұрлыбек сайланды.  

Шардара ауданы бойынша айтар болсақ, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің әкімін сайлауы тізіміне енген 3239 азаматтың 2053-і сайлауға қатысқан. 1783 дауыс жинаған Алтынбеков Аманғани Аныкбекұлы алға шықты. Сайлау қорытындысы бойынша Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі болып 1978 жылы туылған, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі лауазымын атқарған Алтынбеков Аманғани сайланды.

Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес Президенттің Жолдауда енді бұдан былай аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтері әкімдерін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің сайлаушылары тікелей өздері сайлайтыны айтылған. Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын өткізу, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы жұмыс істеп тұр. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған. Сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады. Екінші жартыжылдықта өткізілетін ауылдық округ әкімдерінің сайлауын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әрекеттегі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде қырық күн бұрын тағайындайды және олардың заңда белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталуына дейін кемінде он күн бұрын өткізілуге тиіс. Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

Соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа шатылғандар кандидат бола алмайды. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырады.

 Әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.

Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады.

Ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат ауылдық округ әкімі болып сайланады.

Шамалғанда округ әкімі сайлауына дайындық басталды
Батыс Қазақстан облысында округ әкімі сайлауы талапқа сай өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу