Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Елімізде биыл үшінші жыл қатарынан аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып келе жатқан сайлау бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Президентіміз сайлау өткізу жайын «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында жан-жақты анықтап, түсіндіріп айтқан болатын.
«Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет. Аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл ретте, «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек. Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді.
Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн.
Ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссияны бұрынғыдай саяси партиялар атқара береді. «Amanat» партиясы өзінің іс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекші саяси күш екенін дәлелдеп отыр. Партия алдағы реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзінің әлеуетін толықтай пайдаланатын болады. Сонымен бірге, мен, Мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін. Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады», - дейді Мемлекет басшысы.
Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Капаковтың айтуынша, Президентіміздің тапсырмасына сәйкес еліміздің ауылдық округтерінде әкімдер сайлауы үш жылдан бері өтіп келеді. Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысындағы аудандарда ауылдық округ әкімдерінің төрт-бес қайтара сайлауы өткізілді. Айталық, соның бірі 2024 жылдың 26 мамырында Батыс Қазақстан облысы бойынша аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауы Казталов ауданының Қошанкөл ауылдық округінде ұйымдастырылып, талапқа сай өткізілген болатын, - дейді ол.
Казталов ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) - тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес Казталов ауданы Қошанкөл ауылдық округі әкімінің сайлау нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлау қорытындысын жариялады. Сайлан нәтижесінде сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 727 азаматтың 461-і өз таңдауларын жасаған. Онда жарамсыз болып қалған 8 бюллетень, «Барлығына қарсы» дауыс берген бір сайлаушы тіркелді. Сайлауға түскен үш кандидаттың дауыс бөлінісі арқалай болды. Атап айтар болсақ, Р.Шарипов 342, А.Сабирова 73 және Е.Мұрзағалиев 37 сайлаушының дауысына ие болды. Сөйтіп, өзін-өзі ұсынған, 1982 жылы туған, Казталов ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген Шарипов Радж Болақайұлы Қошанкөл ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
- Облыста ауылдық округ әкімдерінің сайлаулары жалғасуда. Мәселен, кешегі аптада, дәлірек айтсақ, облысымызда 2 маусымға белгіленген аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің сайлауы өңірдің Орал қаласы мен Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылдық округінде, Бөрлі ауданының Бумакөл ауылдық округінде, Жәнібек ауданының Қамысты ауылдық округінде, Тасқала ауданының Достық ауылдық округінде, Орал қаласының Деркөл кентінде әкімдерінің өкілеттігі аяқталуына байланысты және Сырым ауданының Жетікөл ауылдық округінде округ әкімдерінің сайлаулары тағайындалып, өткізілді. Сайлау уақтында басталып, сайлаушылар өз таңдауларын жасады. Нәтижесінде үш ауылдық округтің әкімі өз орындарын сақтап қалса, қалған округ әкімдері жаңадан сайланды, - дейді Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Капаков.
Оның айтуынша, әкім орнын қайта сақтап қалғандардың бірі – Орал қаласының Деркөл кентінің әкімі Жұмағалиев Жұбан Тұрарұлы. Ол сайлаушылардың 1061 дауысын жинап, Деркөл кентінің әкімі болып өз орнына қайта сайланды. Ал Бөрлі ауданының сайлау комиссиясы бойынша сайлаушылар тізіміндегі 698 азаматтың 385-і ғана өз таңдауын жасаған. Мұнда жарамсыз бюллетеньдер саны – 11, «Барлығына қарсы» деген жолда белгісі бар – 8 бюллетень анықталды. Дауыс кандидаттар үшін төмендегідей бөлінді. Кандидат А.Бикеев 37, Н.Каймулдинов 321, ал Ж.Шакирова 27 дауысқа ие болды. Бөрлі ауданының Бумакөл ауылдық округінің әкімі болып Нарынбек Өтегенұлы Каймулдинов сайланып, бұрынғы өз қызметін сақтап қалды. сондай-ақ Жәнібек ауданының Қамысты ауылдық округі әкімінің кезекті сайлауы қорытындысы бойынша сайлаушылар тізіміне енген 774 сайлаушының 353 -і дауыс берген. Дауыс беру барысында Н.Аюпов 247, И.Утегенова 46 дауысқа ие болды. Сайлау қорытындысымен Қамысты ауылдық округінің әкімі лауазымын Аюпов Нурлан Дуйсенгаевич қайта сақтап қалды.
Ал Тасқала ауданы Достық сайлау округі бойынша сайлауға қатысуы тиіс 504 азаматтың 273-і өз таңдауын жасаған. Дауыс беру барысында 17 жарамсыз бюллетень анықталып, «Барлығына қарсы» 7 адам өз белгісін қалдырған. Ал үміткерлердің бірі М.Ахметов 95, Ғ.Сапаров 144, Е.Туркаев 10 дауыс жинаған. Сайлау қорытындысымен 1989 жылы туған Сапаров Асхат Гайдарович Достық ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Сырым ауданы Жетікөл сайлау округі бойынша Жетікөл ауылдық округі әкімінің сайлауы тартысты өтті. Сайлау тізіміндегі 564 сайлаушының 286 дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Дауыс кандидаттар арасында төмендегідей бөлінді. Атап айтсақ, Қ.Құлтемір 95, К.Мурзашев 8, А.Рамазанов 175 дауыс жинаған. Сөйтіп «Amanat» партиясы ұсынған 1983 жылы туған Рамазанов Айдархан Ерсайынович Жетікөл ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылдық округі әкімінің сайлауы да тартысты өтті. Онда сайлаушы тізіміндегі 791 азаматтың 387-і сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Мұнда есептеу барысында Ж.Абиров 331, К.Айткалиев 26, Р.Ескалиев 20 сайлаушы дауысын жинағаны белгілі болды. Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі болып «Amanat» партиясы ұсынған, 1986 жылы туған Жанибек Игалиевич Абиров сайланды.
- Алдымызда тағы бір саяси наухан күтіп тұр. Атап айтсақ, алдағы айдың 7 шілдесіне тағайындалған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауына облысымыздағы Бәйтерек ауданының Дариян, Құрманғазы және Рубежин ауылдық округтері, Бөкей Ордасы ауданының Темір Масин, Қаратөбе ауданының Аққозы мен Қаратөбе ауылдық округтері, Теректі ауданының Ақсуат ауылдық округі енген. Бұл сайлауларды да алдағы уақытта талапқа сай өткіземіз деген ойдамын, - дейді Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Капаков.