Алматы облысының 6 ауданы 9 ауылдық округінде сайлау өтті

Oinet.kz 06-06-2024 560

Алматы облысында да 2 маусым күні аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауы өтті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ерзат Садықовтың айтуынша, Алматы облысының Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Райымбек, Ұйғыр аудандарының 9 ауылдық округінде сайлау өткізіледі.

Screenshot_29.jpg

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси реформа аясында екі жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылған еді. Осылайша, еліміздің көптеген елді мекендерінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметтеріне белсене кірісті. Біздің облысымызда да екі жыл көлемінде біреше ауылдық округте әкім сайлауы өткізіліп, нәтижесі жаман болмады. Енді, міне өткен аптада 6 ауданның 9 ауылдық округінде сайлау өткізіліп, жаңа әкімдер сайланды. Ол сайлауға облысымыздың Балқаш ауданына қарасты  Бақбақты, Бірлік, Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласы, Жамбыл ауданының Бозой, Қарақастек және Теміржол, Қарасай ауданының Жібек жолы, Райымбек ауданының Текес пен Ұйғыр ауданының Дардамты ауылдық округтері қатысты. Сайлау қорытындысы шығарылып, жаңа әкімдер аудан активтерімен, округ тұрғындарына таныстырылып, қызметке тағайындалды. Ал өткен сайлаудың қорытындысына тоқталар болсақ, сайлаудың әділ, тартысты өткенін көреміз, - дейді Ерзат Садықов.

Оның айтуынша, тартысты өткен сайлау учаскелерінің бірі Балқаш ауданындағы Бақбақты және Бірлік аумақтық сайлау учаскелерінде болған. Бұл округтердегі сайлауға барлығы алты кандидат түсіп, халықтың таңдауымен екі үміткер қара үзіп алға шықты. Сонымен Балқаш ауданының аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен Бақбақты ауылдық округ әкімі болып 1980 жылы туған, бұған дейін «Әлмес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Онербеков Ермек Жайлауұлы сайланды. Ал Бірлік ауылдық округ әкімі болып 1985 жылы туған, бұған дейін «Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорының өндірістік жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген Алтынбай Самат Алтынбайұлы тағайындалды. 

Еңбекшіқазақ ауданына тоқталар болсақ, сайлау қорытындысы бойынша Есік қаласының әкімі болып 1989 жылы туған, бұған дейін «Алматы облысының индустриялық аймақтарын басқару компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары болып қызмет атқарып келген Құраметов Жан Бауыржанұлы сайланды.

Тағы бір сайлау өткен аудан бұл Жамбыл ауданы. Ондағы Бозой, Қарақастек және Теміржол ауылдық округтерінде жаңа әкімдер сайланды. Таратып айтар болсақ, Бозой ауылдық округі әкімін сайлауына сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 227 азаматтың 168-і қатысты. Үш кандидаттың ішінен 135 дауыспен Бейсембаева Торғын Сагатқызы жеңіске жетті. Бозой ауылдық округі әкімі болып округтің бұрынғы әкімі Бейсембаева Торғын Сағатқызы сайланып, өз орнын сақтап қалды. Ал Қарақастек ауылдық округі әкімінің сайлауына окроугтегі 2826 азаматтың 1845-і қатысып, дауыс берді. Мұнда да үш кандидат өзара бақ сынады. Сайлау барысында Ешетов Ғабит Серикқұлұлы 208, Чашабаев Азамат Турсумбекұлы 229, ал Касымбаев Малик Серикұлы 1406 дауысты иеленді. Мұнда да округтің бұрынғы әкімі Малик Серикұлы өз орнын сақтап қалып, Қарақастек ауылдық округі әкімі болып тағайындалды. 

Теміржол ауылдық округі әкімінің сайлауы туралы айтар болсақ, мұндағы сайлаушы саны алдыңғы екеуіне қарағанда жоғары. Сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 3107 азаматтың 1992-і сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. 1362 дауыспен Сарсенов Өмирбек Бегендікұлы алға шықты. Алдағы ауылдық округтеріндегі сияқты Өмірбек Бегендікұлы да өзі қызмет атқарып келген ауыл әкімі орнын сақтап қалып, қызметіне қайта кірісті. Жамбыл ауданы бойынша үш ауылдық округте өткен сайлау қорытындысында «Amanat» партиясы ұсынған кандидаттар жеңіске жетті.

Бұдан әрі сайлау Қарасай, Райымбек пен Ұйғыр аудандарында да ұйымшылдықпен өтті. Қарасай ауданы Жібек жолы ауылдық округінің сайлауында Нұрақынов Дидар Құрманжанұлы Жібек жолы ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Райымбек ауданы Текес ауылдық округі әкімі сайлауында Қозыбаков Жеңіс Сейсеналыұлы Текес ауылдық округінің әкімі болып тіркелді. Ұйғыр ауданы Дардамты ауылдық округі әкімінің сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Онда сайлаушылар тізіміне енген 2421 азаматтың 1245-і сайлау учаскесіне келіп өз дауыстарын берді. Мұнда дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 51 сайлаушы тіркелді. Үш кандидаттың ішінде  Кодаров Даулеткелди Ракимбайұлы сайлаушылардың 981 дауысына ие болды. Сайлау қорытындыларымен 1972 жылы туған округтің бұрынғы бас маманы Кодаров Даулеткелди Дардамты ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

- Алматы облысының алты ауданындағы 9 ауылдық округте өткен сайлау өз мәресіне жетті. Сайлау барысында бірқатар ауылдық округтің әкімдері өз орындарын сақтап қалса, қалғандарына жаңа әкімдер қызметке кірісті. Ендігі кезекте алдымызда тұрған тағы бір сайлау бар. Ол маусым айының 23-не белгіленген Қарасай ауданы Шамалған ауылдық округі әкімін сайлауы. Бұл ауданда да дайындық жұмыстары басталып, сайлау учаскелері ашылып, жұмыс істеуде. 23 мамырға белгіленген сайлау да жоғарыда өткен сайлаулар сияқты өз дәрежесінде өтеді деген ойдамын, - дейді Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ерзат Садықов.

Ақтөбе облысында 6 ауданның 12 ауылдық округінде әкім сайланды
Маңғыстау облысының 5 ауданында сайлау өтіп 7 әкім сайланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу