Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Қазақстан Республикасындағы «Сайлау туралы» Конституциялық заң – барлық сайланбалы лауазымдарды және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға дайындық және оны өткізу кезінде туындайтын қатынастарды реттейтін және Республика азаматтарының ерік білдіру бостандығын қамтамасыз ететін кепілдіктерді белгілейтін басты құжат.
Аталған заңға сүйенсек, сайлау науқанында сайлауға қатысушылар деген түсінік бар. Олардың қатарына, сайлау комиссиялары, кандидаттар, кандидаттарды ұсыну құқығы бар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, сенімді өкілдер мен байқаушылар, сайлаушылар және құзырлы органдар.
Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдардың және уәкілетті мемлекеттік органдардың рөлі туралы» тақырыбы бойынша оқыту-семинары өтіп, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге қатысты мәселелер кеңінен айтылды.
-- «Сайлау туралы» Заңның 10-шы бабынан бастап саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге ұсыныс жасау тәртібінде белсенділік мүмкіндігі айқындалған, -- дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов. -- Яғни, Орталық сайлау комиссиясынан басқа барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелері тікелей саяси партиялардың ұсынысымен, болмаған жағдайда қоғамдық бірлестіктердің ұсынған кандидаттары негізінде тиісті мәслихаттарға ұсынылады. Алайда, қайсы-бір партиядан немесе қоғамдық бірлестіктен ұсынылып сайланған комиссия мүшесі міндетті шектеулерді қабылдайды. Соның бірі – өзі ұсынылған саяси партия немесе қоғамдық бірлестіктің шешімдерімен байланысты болуға немесе мүдделерін қорғауға құқығы жоқ.
Өткен жылдың желтоқсан айында облыс бойынша барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының уәкілеттіктері аяқталуына байланысты жаңа құрамдары бекітілгені белгілі. Өңірімізде тіркелген барлық 7 саяси партиялармен берілген ұсыныстар негізінде өкілдер енгізілді.
Кейбір комиссияларда саяси партиялардан ұсыныс болмауына байланысты қоғамдық бірлестіктер ұсынысы негізінде мүшелер енгізілген.
-- Облыс көлемінде қалыптасқан 712 сайлау комиссияларының 4570 мүшесі өздеріңіздің тікелей берген ұсыныстарыңыз негізінде сайланып отыр, яғни бірлескен жұмыстың нәтижесі деуге болады, -- дейді Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов. -- Саяси партияларға берілген келесі мүмкіндік, және ол негізгі мүмкіндік десек қателеспейміз, ол – Президент, Парламент немесе мәслихаттар мен әкімдер сайлауында кандидаттарды ұсыну. Сондай-ақ, олардың сенімді өкілдері мен байқаушыларын ұсыну. Біздің жағдайда, яғни, облыстық және аудандық деңгейде ұсынылған партиялық тізімдер мен кандидаттарды, сенімді өкілдерді тіркейтін орган – аумақтық сайлау комиссиялары.
Сонымен қатар, оқыту-семинарын өткізу функциясы да осы аумақтық комиссияның құзырына берілген. Сайлау процесіне қатысы бар ұйымдарға қолданыстағы заңнаманы түсіндіру шараларын іске асырады.
Сайлау комиссияларының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар сайлау науқанын даярлау немесе өткізу кезеңінде тиісті сайлау комиссиясына кеңесші дауыс құқығымен өкілін ұсынуға құқылы.
Өз кезегінде тиісті сайлау комиссиясы ұсынысты қарап шешім қабылдайтын болады.
Мұнда ескеретін екі мәселе бар: біріншіден, ол өкілге ақы төленбейді, екіншіден, комиссия отырысында дауыс бермейді және комиссия құжаттарына қол қоймайды.
Заңның осы бабындағы өкілеттілік қоғамдық бірлестіктерге берілмеген. Алайда, қоғамдық бірлестіктерге «сайлауды байқау» функциясын атқару мүмкіндігі қаралған. Ол үшін аккредитациядан өту рәсімі заңмен реттелген, оның тәртібін айқындау Орталық сайлау комиссиясының құзырында.
Аккредитациялау бойынша берілген өтініштерді қарау мерзімі 1 ай болса, аккредитацияның жарамдылық мерзімі 1 жыл.
Аккредитациядан бас тартудың бірден бір себебі, қоғамдық бірлестіктің жарлығында сайлауды байқау функциясының болмауы немесе ол ұйымның қызметінің тоқтатылуы.
Яғни, сайлауға еш қатысы жоқ (аккредиттелмеген) кез-келген қоғамдық бірлестік немесе коммерциялық емес ұйымдар, сайлау күні байқаушы ретінде сайлауға қатыса алмайтыны айқындалған.
Мұндай мәселе ертеректе орын алған болатын, сайлауға қатысы жоқ қоғамдық бірлестік өкілдері бір ауданның учаскелік сайлау комиссияларына барып сайлауды бақылау функцияларын асырмақшы болған.
Осы тармақтардың ішінде, 12-ші соңғы тармақта байқаушының мәдениеттілігіне қатысты нақты қадамдар келтірілген. Яғни, комиссия тарапынан жіберілген қандай да бір заңбұзушылық немесе қателіктер орын алған кезде, жазбаша өтініштер, Актілер арқылы байланыс орнатуы тиіс. Болмаған жағдайда, құзырлы органдарға жүгінуі қажет.
Көп жағдайда, өкінішке орай, бізде популизмге жол беріліп қояды.
Семинар соңында сайлау науқандарында белсенділік танытқан бірқатар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер басшылары алғыс хаттармен марапатталды.