Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының мүшелері бірнеше ауданда «Сайлау науқанын өткізу кезінде учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының ұйымдастырушылық және құқықтық негіздері» тақырыбында оқыту семинарларын өткізді. Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Саян Есмағанбетов күн тәртібіне қойылған тақырып аясында баяндама ауқымды баяндама жасады. Сондай-ақ «Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін дауыс беруге арналған үй-жайды жарақтандыру ерекшеліктері» туралы хабарлама жасап, мүгедектігі бар сайлаушылармен жұмысты ұйымдастыру мәселелеріне жан-жақты тоқталды.
«Еліміз 2015 жылы 20 ақпанда Біріккен Ұлттар ұйымының Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын ратификациялап, мүгедектігі бар адамдарға қатысты халықаралық стандарттарды енгізу бойынша міндеттемелерді қабылдаған болатын. Осыған сәйкес қатысушы мемлекеттер мүгедектігі бар адамдарға дауыс беру және сайлану құқығына кепілдік береді, осы санаттағы азаматтарға сайлау процесіне толық қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Сайлау құқығын қамтамасыз етуде негізге алынатын маңызды құжат – «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша бірқатар нормалар қамтылған. 2018 жылғы 29 маусымда сайлаушылар болып табылатын мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында сайлау тәжірибесінде алғаш рет «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына толықтырулар қабылданды. Нақты айтқанда, 18-бапта (4-1-тармақ) учаскелік сайлау комиссиялары мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдау, 39-бапта (1-1-тармақ) дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтар болып табылатын сайлаушылардың кедергісіз кіруі және онда дауыс беруі үшін жағдайлар қамтамасыз етілуін, 48-бапта (2-1-тармақ) жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыста жәрдемдесуге міндетті екенін көздейтіні атап көрсетілген, – деді Саян Есмағанбетов
Оның айтуынша, сайлау учаскесіне дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жарақтандыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы Орталық сайлау комиссиясының 2012 жылғы 23 қазандағы №21/183 қаулысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін дауыс беруге арналған үй-жайды жарақтандыру ерекшеліктері толық қамтылған. Осыған сәйкес еліміздің барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне тиісті жағдай жасалу қажет. Сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайларды жарақтандыру бойынша Орталық сайлау комиссиясының нұсқаулықтарына өзгерістер енгізілді. Онда мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың дауыс беруі үшін мынадай шарттар көзделуі тиіс. Дауыс беруге арналған үй-жайлар (пункттер) орналасқан ғимаратқа кіреберісте тұтқалар, төсеніштер, пандустар, сондай-ақ басқа да қажетті құрылғылар (уақытша рұқсат етіледі) көзделуі қажет. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барынша қолжетімді болу мақсатында дауыс беруге арналған үй-жайлар бірінші қабаттарға орналастырылады немесе басқа қабаттарға ауыстыру үшін көтергіш тетіктері болуы тиіс. Дауыс беруге арналған үй-жайларда (пункттерде) әртүрлі тактильді көрсеткіштер (мүмкіндігінше), тірек-қозғалыс аппараты функциялары бұзылған, соның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын сайлаушылардың қолжетімділігі ескерілген, жасырын дауыс беруге арналған кабиналар, мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін мыналарды қамтитын арнайы жабдықталған орын (бұрыш) көзделуі қажет: мониторлы компьютер (диагоналы кемінде 54 сантиметр, онда мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін бейімделген форматта сайлау туралы ақпарат орналасуы тиіс), құлақаспаптар, брайль қарпінде орындалған сайлау туралы ақпараты бар арнайы папка, қосымша жарықтандыру, ұлғайтқыштар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін сайлау учаскелері үй-жайларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар мүмкіндігінше қажетті жағдайлар жасау қажет. Атап айтқанда, автокөлік тұрақтары, таяныштар, пандустар, төсемдер, есіктердің кең ойықтары, лифтілер, тактильді көрсеткіштер, жасырын дауыс беруге арналған арнайы құралдар және тағы басқалар ұйымдастырылуы шарт. Сайлау учаскелерінде тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған азаматтарға олардың мүгедек арбасымен кіруіне және шығуына мүмкіндік беретін жасырын дауыс беруге арналған арнайы кабиналар ұсынылады. Көру қабілеті нашар азаматтар үшін сайлау учаскелерінде қосымша жарықтандыру, оптикалық түзетуге арналған құрылғылар (үлкейткіштер мен лупалар), сондай-ақ аудиоформаттағы жадынама орнатылуы қажет. Сондай-ақ, көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға сайлау бюллетенін өз бетінше толтыруға арналған трафареттер дайындалады. Есту қабілеті бойынша мүгедек азаматтардың көпшілігінің дауыс беруге қатысуы жорамалданып отырған сайлау учаскелерінде мүгедектердің тиісті ұйымдарының жәрдемдесуімен сурдоаудармашылар тартылады. Егер мүгедектігі бар азаматтардың сайлау бюллетенін алғаны үшін өз бетінше қол қоюға, сайлау бюллетенін толтыруға мүмкіндігі болмаса, онда олар сайлау комиссиясының мүшесі, тіркелген кандидат, оның олардың сенім білдірген адамы, тіркелген кандидатты ұсынған саяси партияның уәкілетті өкілі немесе сенім білдірілген адамы, байқаушы, сондай-ақ шетелдік (халықаралық) байқаушы болып табылмайтын басқа сайлаушының көмегін пайдалануға құқылы. Мұндай жағдайда учаскелік сайлау комиссиясына өзінің басқа адамның көмегін пайдалану ниеті туралы ауызша хабардар ету керек. Бұл ретте сайлаушылар тізімінің тиісті бағанында сайлаушыға көмек көрсететін адамның тегі, аты, әкесінің аты, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі мен берілген күні көрсетіледі. Егер мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруге арналған үй-жайға өз бетінше келуге мүмкіндігі болмаса, онда олар дауыс беретін күні өзінің еркін нысандағы жазбаша өтінішінің негізінде үйінде дауыс бере алады. Бұл үшін азаматтар учаскелік сайлау комиссиясына кез келген уақытта, бірақ сайлау күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12-ден кешіктірмей жазбаша түрде жүгіне алады. Бұл ретте өтінішті уәкілетті өкіл арқылы беріп жіберуге болады. Үйде дауыс беруді өткізу үшін берілген өтінішке сәйкес учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері үйге барады. Дауыс беруді үйде өткізген кезде байқаушылар қатыса алады. Дауыс беру рәсімі дауыс беру құпиясының шарттары сақтала отырып, сайлау бюллетенін толтыру және оны дауыс беруге арналған мөрленген тасымалданатын жәшікке түсіру арқылы жүргізіледі.
Семинар барысында кезектен тыс сайлауды әзірлеу мен өткізу, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау учаскелеріне кедергісіз кіруі және оның дауыс беруі үшін жағдайлар жасау мәселелері бойынша түсініктемелер беріліп, бұл топтағы азаматтардың берген ұсыныстары да талқыланды.