Ауыл әкімдерін сайлау реформаның жемісі

Oinet.kz 12-05-2024 148

Алдымызда тұрған міндет қала, аудан және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын талапқа сай өткізу. Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Жігітбаеваның айтуынша, ең алдымен сайлау учаскелеріндегі комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру. 

Screenshot_21.jpg

«Осы ретте біз учаскелік комиссия мүшелерінің біліктіліктерін арттыру мақсатында алдағы сайлау қарсаңында Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясы Семей, Курчатов қалаларының, Абай, Бесқарағай, Бородулиха және Жаңасемей аудандарының аумақтық сайлау комиссияларының қатысумен жоспарға сәйкес «Аудандар мен облыстық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдерін сайлау» тақырыбында оқыту семинарын өткіздік. Семинарға аталған аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары мен хатшылары қатысты. Сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру және байқаушылармен жұмыс, сайлаушылар тізімдерімен жұмыс істеу және сайлау учаскелерін жарақтандыру мәселелері бойынша оқыту жүргізілді, сондай-ақ сайлау күні алгоритмі және сайлау алдындағы үгітті жүргізу егжей-тегжейлі түсіндірілді» дейді Гүлнар Жігітбаева. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтетінін мәлімдеген болатын. Мұнымен қатар, ол әкімдердің өзі басқарып отырған аймақтың ерекшелігі мен «әлсіз тұсын» білетініне қарамастан, қиындықты уақтылы бағамдай алмайтынын сынға алған еді. өз кезегінде Президент: «Жергілікті депутаттар аймақтағы тексеру комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Бұл комиссиялардың рөлі едәуір артып, жауапкершілігі күшейтіледі. Алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осы орайда қажетті нормативтік базаны және жол картасын әзірлеу қажет. Үкімет бұл жұмысты Орталық сайлау комиссиясымен және облыс әкімдерімен бірлесіп жүргізеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ары қарай президент қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдерісі жалғасатынын алға тартты. Айтуынша, «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңның қабылдануы бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ, - дейді ол.

Семинарда 19 маусымға сайлау белгіленген Бородулиха аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Харченко Дмитриевка ауылдық округ әкіміне кандидаттардың ұсынылғанын, сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарының басталып кеткенін айтты. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-1-бабына сәйкес, 2024 жылғы 1 мамырда Бородулиха ауданының аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 9 маусымға Абай облысы, Бородулиха ауданы, Дмитриевка округ әкімдерінің сайлауын тағайындады. Осы жылдың 2 мамырдан бастап ауылдық округ әкімдікке кандидаттар ұсыну басталған еді. Кандидаттар ұсыну құқығы саяси партияларға, азаматтарға, өзін-өзі ұсыну жолымен жүргізілді. 14 мамырдағы жағдай бойынша 3 кандидат ұсынылды. Оның екеуі өзін-өзі ұсынса, біреуін «Amanat» партиясынан ұсынып отыр» дейді ол. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады» деп ауыл әкімдеріне көп жауапкершілік жүктеп отыр. Міне сол жауапкершілікті сезіне отырып бүгінгі күні ауданда үш кандидат үміткер ретінде тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті. Олар кімдер? Мен алдымен соған тоқталайын. Бірінші кандидаттың есімі Иргайбаева Юлия Александрова. Ол 1980 жылы туған. Бүгінге дейін Абай облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру «Бородулиха арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» директорының орынбасары болып қызмет істеп келген. Екінші кандидат Мартаев Альви Алиұлы. Ол 1991 жылы дүниеге келген. Бородулиха ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік мекемесінің бас маманы. Бұл екі кандидат та өзін-өзі ұсынғандар. Үшінші үміткер – Нұрлыбеков Қайрат Кенесбекұлы. 1967 жылы туған. Осы ауылдық округтің әкімі болып қызмет еткен. Оның кандидатурасын «Amanat» партиясынан ұсынған. Үш кандидат та бүгінгі таңда халықтың ортасында өз үгіт-насихатын жүргізуде, - дейді Бородулиха аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Харченко.

Сондай-ақ ол бүгінгі таңда сайлау учаскелеріндегі дайындық жұмыстарының барысымен таныстырып, дайындық жұмысының қалыпты жағдайда екенін айтты.

Семинар барысында Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары, хатшысы және мүшелері, сондай-ақ Курчатов қаласы және Абай ауданы аумақтық сайлау комиссияларының төрағасы және төраға орынбасары баяндама жасады.

Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Жігітбаева барлық деңгейдегі сайлау кампанияларында Қазақстан Республикасының заңдарының сақталуының маңыздылығына ерекше тоқталды.

Семинар барысында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты толық жауап берді.

Алдағы сайлауларға дайындық бүгіннен басталып кеткен
Қарағанды облысындағы 5 ауданда 11 ауылдық округ әкімінің сайлауы өтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу