Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Абай облысына қарасты Жарма мен Бородулиха аудандарында маусым мен шілде айларында ауылдық округтің әкімдерін сайлау жоспарланған. Қазіргі таңда ол аудандардағы Аршалы, Степнои мен Дмитриевка ауылдық округтеріндегі сайлау учаскелерінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гульнар Жігітбаеваның айтуынша, Жарма ауданының Аршалы ауылдық округі әкімінің сайлауы 30 маусымға, ал Бородулиха аудандарындағы Дмитриевка ауылдық округі әкімінің сайлауы 9 маусымға, Степной ауылдық округі әкімінің сайлауы 7 шілдеге қойылған.
- Абай облысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының құрылғанына отыз жылдан асты. Облыстағы және аудандағы сайлау комиссиялары өз жұмысында сайлау құқығы саласында белгіленген халықаралық стандарттарды ұстанып, жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастықты сақтап, қоғаммен ашық диалог құрып, бірлесе жұмыс істеуде. Жалпы Абай облысындағы аумақтық сайлау комиссиясы өңіріміздегі сайлау үдерістерін реттеу саласындағы алғашқы органдардың бірінде тұр.
Абай облысы құрылған сәттен бастап Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарының, Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарының, Абай ауданы мен Курчатов қаласы әкімдерінің, яғни 60-тан астам ауыл әкімдерінің сайлауын да біздің өңірдің сайлаушылары ойдағыдай өткізді. Алда да оны жоспарға сай өткізе беретін болады, - дейді Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гульнар Жігітбаева.
Оның айтуынша, былтыр 5 қарашада облыста Абай ауданы мен Курчатов қаласының әкімі республикада пилоттық жоба ретінде ұйымшылдықпен өткізілген. «Былтыр аудан және қала әкімдері сайланатын 45 өңірдің 2-і Абай облысына тиесілі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа арнаған Жолдауында елімізде алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда әкімдерді сайлау өтетінін мәлімдеген болатын. «Азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешім қабылдауға тікелей қатысуын дәйекті түрде кеңейту маңызды. Екі жылдан аса уақыт бойы азаматтардың өздері ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін таңдап келеді», - деді Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында. Президенттің айтуынша, кейінгі екі жылда ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үш бөлігі сайланған. «Енді біз аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды сынақтан өткізуіміз керек», - деді Президент. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін 8 қыркүйек күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс жетінші сессиясы өтіп, сонда 5 қарашада Курчатов қаласы мен Абай ауданы әкімдерін сайлау өтетінін айтылды. Облыстық мәслихат төрағасы «Алдағы сайлау - Президент тапсырмасының орындалуының айқын көрсеткіші, сондай-ақ, Қазақстан тарихындағы жергілікті аудан (қала) әкімдерін сайлау өткізудегі алғашқы тәжірибе» дей келіп, оған дайындықты қазірден бастауды тапсырған еді. Мұны артынша, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров те мәлімдеді. Яғни, пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 17 облыстың мәслихаты 45 елді-мекенді бекіткен. Оның 3-еуі қала болса, 42 аудандар болатын. Біз Мемлекет басшысы берген тапсырманы соңына дейін орындап, Курчатов қаласы мен Абай ауданы әкімін халықтың дауыс беруі арқылы демократиялық жолмен сайладық» дейді ол.
Сонымен өткен Абай ауданы әкімінің сайлауына 8597 сайлаушының 5079 қатысып, өз таңдауларын жасаған. Сайлауға қатысқан екі кандидатқа дауыс төмендегідей бөлінген. Атап айтсақ, бірінші үміткер Сағындықова Нұргүл Мақсұтқызы сайлаушылардың 827 дауысына, ал Смағұлов Мейржан Серикбосынұлы 3766 дауысына ие болған. Бұл ауданда «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны 282-ді құраған. Ал Курчатов қаласы әкімінің сайлауы бойынша айтсақ, сайлаушылар тізімінегі 6931 азаматтың сайлауға 5198-і қатысқан. Оның 63-і өз таңдауын дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерде берген. Мұнда да додаға екі кандидат түсіп бақ сынаған. Дауыс беру қорытындысында бірінші кандидат Абдралиев Болат Тансықбайұлы сайлаушылардың 3733 дауысына, Хусайнова Галия Маратқызы 732 дауысына ие болған. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 463 болды.
«Курчатов қаласы мен Абай ауданы әкіміне сайлау қорытындысы бойынша, жаңа әкімдер белгілі болды. Олар облыс әкімі мен облыстық мәслихат төрағасының қатысуымен халыққа таныстырылды. Сонымен Абай ауданының әкімі болып Смағұлов Мейржан Серикбосынұлы сайланды. Ол 1987 жылы туған. Жаңа қызметіне кіріскенге дейін Абай ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған. Ал Курчатов қаласының әкімі болып Абдралиев Болат Тансықбайұлы сайланды. Ол 1976 жылы туған. Бұған дейін Курчатов қаласының әкімі болып қызмет атқарған ол өз орнын сақтап қалды ел сенімімен. Бұдан бөлек, биыл жыл басынан бері, атап айтқанда 18 ақпан күні Абай мен Аягөз аудандарындағы Саржан мен Ақши, Бородулиха және Үржар аудандарында 25 ақпан күні Новопокровка мен Алтыншолақ, Ертай мен Қарақол ауылдық округтерінде округ әкімінің сайлауын өткіздік. 17 наурыз күні Аягөз ауданындағы Өркен ауылдық округінде сайлау өткен болса, Ақсуат ауданының Кіндікті ауылдық округінде халық жаңа әкімді әділ жолмен сайлап алды. Одан кейінгі өткен сайлау 19 мамырда Абай ауданы Медеу ауылдық округінде ұйымшылдықпен өтті. Ендігі кезекте алда
Жарма мен Бородулиха аудандарындағы Аршалы, Степнои мен Дмитриевка ауылдық округтеріндегі сайлауын өткізу тұр. Ол аудандағы сайлау өтетін округтерде тиісті жұмыстар басталып кетті», дейді Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гульнар Жігітбаева.