Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Түркістан қаласында қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссиясларының мүшелерінің қатысуымен «Сайлау процесін ұйымдастырудағы өзекті мәселелер» бойынша семинар-тренинг өтті. Оның ұйымдастырушысы Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы.
Жиынды Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаев ашып, жүргізіп отырған еді. Семинар барысында облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ильяс Қаланов «Сайлауды бақылау. Бақылаушылармен жұмыс жүргізу туралы» атты тақырыпта баяндама жасады.
«Сайлауда бақылаушы болудың маңызы зор. Сайлау әділ, ал депутат болып лайықты адамдар келгенін қалайтын Қазақстанның кез келген азаматы сайлау учаскесіне бақылаушы болып тіркеліп, процеске араласа алады. Оның бұл құқығы заңмен бекітілген» деді Ильяс Сұлтанұлы. Оның айтуынша, бақылаушылар сайлау учаскесіндегі заң бұзушылықтар мен алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі екен. Олар заңға сәйкес әрекет етіп, дауыс беру мен дауыстарды санау процедураларының сақталуын бақылайды. Бақылаушылар заң бұзушылықтарды тіркейді, заң бұзушылықтарды дәлелдеу үшін фото және видео түсіреді. Ұзақ мерзімді бақылаушылар сайлау жарияланған күнінен бастап, дауыс берілетін күні, сондай-ақ бүкілхалықтық дауыстарды санау және сайлау нәтижелері жарияланған уақыт аралығында электоралды кампанияны бақылау жұмысын жүргізеді. Бақылаушыларды үйлестірушілері тәуелсіз бақылаушылардың қызметін үйлестіру, сайлау учаскелеріндегі бақылаушыларға жедел ақпарат, құқықтық және моральдық қолдау көрсету бойынша жұмыс істейді және бақылау кампаниясының штабымен байланыс орнатуға жауапты.
– 18 жастан асқан Қазақстан азаматы бақылаушы атанып, сайлау мониторингіне қатысуға толық құқығы бар. Мемлекет ішінде немесе шетелде тұрып жатқан Қазақстан азаматтары да бақылаушы бола алады. Шетелде тұрып жатқан Қазақстан азаматтары сайлау бақылауын Қазақстаннан басқа елдердегі елшілігі немесе өкілдіктерінде жүргізе алады. «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры бұл ретте бақылаушы болуды көздеген адамға ең алдымен өз мақсатын айқындау алуға кеңес береді. Кіммен бақылағыңыз келетінін таңдаңыз: тәуелсіз бақылаушы болғыңыз келе ме, әлде кандидаттың немесе саяси партияның өкілі ме? Бұл өте маңызды. Себебі егер сізде белгілі бір саяси көзқарастар болса және белгілі бір кандидатты немесе партияны қолдайтын болсаңыз, сол кандидаттың немесе партияның штабынан бақылаушы болуыңызға жол ашық. Тәуелсіз бақылаушылардың басқалардан айырмашылығы – оларға нәтижесінде билікке кім келетіні маңызды емес. Олар үшін демократиялық процедураның әділ және ашық өтуі маңызды, - дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ильяс Қаланов.
Сондай-ақ ол өз кезегінде бақылаушының міндеттерімен де таныстырып өтті. біз бір сәт сол міндеттерге тоқталып өтсек.
Бақылаушының сайлау учаскесіндегі міндеті қандай?
Бақылаушылар тек қарап, тыңдап қана қоймай, сонымен қатар заң бұзушылық актілерін жасайды, сайлау барысы туралы сауалнамалар толтырады, құқықбұзушылықтардың фото және видео түсірілімін жасап, «Қазақстан Республикасының Сайлауы туралы» Конституциялық заңының 20-1 бабына сәйкес басқа да рұқсат етілген қызметті жүзеге асырады.
Бірақ алдымен жіті дайындалып алыңыз...
Әрбір бақылаушы заңнаманың қыр-сырын үйрететін тренингтен өтеді. Заңның ерекшеліктерін білу бақылау кезінде өте маңызды: бұл жанжалды жағдайларды шешуге және мемлекеттік қызметкерлермен қисынды диалог жүргізуге көмектеседі. Әрбір бақылаушы бақылауға дайындалып, сайлау туралы Конституциялық заңды жақсы зерттеп шығуы керек. Бақылаушы өзінің үйлестірушісімен үнемі байланыста болуға тиіс. Ол сайлау учаскесіндегі жағдайды талдап, белгілі бір жағдайларда не істеу керектігін айтады. Сайлау күні заңгерлік кеңес алу үшін сенім телефоны жұмыс істейді. Онда әр бақылаушы кеңес немесе ақпарат сұрай алады. VPN пайдалану Интернетке тосқауыл қойылған жағдайда байланыста болуға көмектесуі мүмкін.
Еркіндік қанаты смартфонның құлпын ашқанда, тек PIN-кодты пайдалануға кеңес береді. Face ID және Touch ID жүйелері смартфонды осал етеді, өйткені кедергі келтірушілер телефон иесін камераға қарауға немесе саусағын сканерге қойып, телефонның құлпын ашуға оңай мәжбүрлеуі мүмкін.
Messenger Signal және Telegram қауіпсіздігі жоғары қосымшалар болып табылады және сайлау күні соларды пайдаланған жөн. Бақылаушылар сайлау комиссиясының мүшелерімен мүмкіндігінше жанжалдаспағаны және арандатушылыққа бой алдырмағаны дұрыс. Психологиялық қысым көрсеткен жағдайда не болып жатқанын фото және бейнекамераға жазып, тез арада үйлестірушімен хабарласу керек.
Сайлау күні – Х-сағаты
Сайлау күні бақылаушы таңертең сағат алтыда сайлау учаскесіне келіп, бақылаушылар тізімінде белгіленеді. Учаскеде заңнама талаптарының сақталуын тексереді. Сағат 7.00-де дауыс беру басталатындықтан, учаскеге тіркелгендер санын біледі. Түскі 12.00-де үйден дауыс беретіндердің санын анықтайды. Сайлау учаскесінде тәртіп бұзушылықтар анықталған жағдайда төрағаға жүгінеді, акт толтырады. Сағат кешкі 20.00-де дауыс беру аяқталады, соған сәйкес дауыстарды санау процесіне қатысып, қол қойылған және мөр басылған хаттама көшірмесін алады. Бақылаушы сайлау учаскесінде өзімен бірге жеке куәлігі мен бақылаушы куәлігін, қағаз бен қалам, бақылаушының жадынамасын алуы керек. Күні бойы бір жерде отыратындықтан, телефон қуаттағыш пен тағам алу артық етпейді.
Бақылаушының құқығы
Бақылаушының құқығы «Сайлау туралы» заңның 20-1-бабы, 2-тармағымен реттеледі. Оған сәйкес, бақылаушы дауыс беруге, соның ішінде сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға құқылы. Ол сонымен қатар, дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінде болуы керек. Тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, тасымалдайтын көлік ішінде болуға да.
Бақылаушы одан бөлек дауыс беру өткізілгеннен кейін, дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысып, олардың куәландырылған көшірмелерін ала алады. Сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы.
Бақылаушылардың міндеті жайлы
Бақылаушылар жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүруге тиіс. Сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпауы керек. Ол сонымен қатар, сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамай, сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауы керек.
Сонымен қатар бақылаушы өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеп, сайлау туралы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауы керек. Ешкімді алаламай, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермей, фото, аудио және бейнежазбаны жүзеге асыру және тарату кезінде Қазақстан заңдарында көзделген талаптарды сақтауға міндетті.
Ал сайлау комиссиясы бақылаушыға дауыстарды санау хаттамасын беруге міндетті. Сайлау комиссиясының төрағасы, оны алмастыратын адам сенім білдірілген адамдардың, бақылаушылардың өтініштері бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актілерін қоса беруге тиіс.
Семинардың күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша пікір алмасулар мен аудан, қалалық аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Жалпы айтқанда сайлау жұмысының бағыттарымен жұмыстың жаңартылған тәсілдері тренинг арқылы түсіндірілді. Іс-шара соңы түрлі спорттық шаралармен аяқталды.