Сарыкөлдіктер өз таңдауын жасады

Oinet.kz 10-05-2024 122

Еліміздегі сайлау жүйесінде соңғы жылдары көп өзгерістер орын алған. Әсіресе шетелдік тәжірибелер де батыл енгізіліп, ғылыми тұрғыда сайлаудың жетілдіріле түскені байқалады. Қызылорда облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, облыста жылбасынан бері сегіз ауылдық округте сайлау өткізіліпті. Соның ішінде Қармақшы, Қазалы және басқа да аудандар бар. 

Screenshot_16.jpg

- Қазіргі таңда сайлау жүйесінде ашықтық бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен сайлау жүйесі жаңаша түрленді. Халықтың да көзқарасы өзгергені байқалады. Облыстың бірнеше ауданында сайлау өткізгенде байқағанымыз, сайлау учаскелеріне келіп, өз дауысын берушілердің қатары арта түскен. Бұл қуанарлық жағдай. Тағы бір айтайын дегенім, шет мемлекеттердің де сайлау жүйесіндегі тың идеялар да біздің сайлау өткізу тәжірибемізді арттыруға серпін беруде. Мәселен, өткен айда Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Кореяда өткен жалпысайлаудың процестерін, оның ішінде дауыстарды санауды байқауға қатысып, Кореяның озық сайлау тәжірибесімен танысып келді. Сөйтіп, өзінің жоғары бағасын берді. Сол сапардан үлкен әсермен оралған, Нұрлан Әбдіров бізден кездескенде ондағы сайлаушылардың белсенді және сапалы қатысуын ерекше атап өткен болатын, - деді Әділбек Ерсұлтанов. 

Есте болса, Сеулде «Korea Times» газетіне берген сұхбатында Н.Әбдіров «мерзімінен бұрын дауыс беруге келетін болсақ, біздің басымдығымыз – бұл процестің тек сайлау органдарына ғана емес, сайлаушыларға да ыңғайлы болуын қамтамасыз ету. Дауыс беру кезеңіне қарамастан, біздің мақсатымыз өзгеріссіз қалады: ашықтық пен әділдік», - деді. Сондай-ақ ол адамдар әр түрлі дауыс беру рәсімдеріне бейімделе алатынымен, дауыс беруді қолжетімді және түсінікті ету үшін дұрыс алгоритмдерді, әдістерді және процестерді әзірлеу маңызды екенін атап өтті. 

«Тиісті алгоритмдер мен әдістерді әзірлеу дауыс берудің дәстүрге айналуына әкеледі. Ол қоғамға сіңген сайын, бұл дәстүр адамдардың сайлау процесін қалай қабылдайтынына әсер ету арқылы ұжымдық ойлауды қалыптастыра алады», - деді Н.Әбдіров.

- Өткен айда облысымызда ұйымшылдықпен өткен сайлаудың бірі Қазалы ауданының Сарыкөл ауылдық округінде болды. Онда үш кандидат әкім лауазымына өз кандидаттарын ұсынған болатын. Сол сайлауда Сарыкөл ауылдық округінің әкімі болып Рахымжан Дабылұлы Бердімұрат сайланды. Дауыс беру қорытындысымен сайлаушылардың басым дауысын жинаған Рахымжан Бердімұрат әкім ретінде сайланды. Ол күні таңсәріден дауыс беру келген әрбір азамат өз конституциялық құқығын пайдаланып, ауыл әкімі болуға ниетті кандидаттар арасынан өз таңдауларын жасап, азаматтық жауапкершілік танытты, - дейді Әділбек Ерсұлтанов.  

Сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған сайлаушылар да болды. Соның бірі Сарыкөл ауылдық округінде тұратын Бағлан Итжемес бірінші рет дауыс беру мүмкіндігіне ие болған екен. Ол ол күнге жәй жексенбі ретінде қарамайды. «Себебі ауыл өмірінің әлеуетін көтеру әкімдерге тікелей байланысты. Сондықтан әрбір тұрғын қалыс қалмауы тиіс» деген көзқараспен келіпті. Біздегі әрбір азамат осындай көзқараста болса, біз де Кореяның сайлау жүйесін басып озарымыз анық. 

Бір атап өтерлігі, дауыс беру күні отбасымен бірге келген сайлаушылардың қатары аз болмаған. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Бауыржан Қабылбаев. Бұрын зайыбымен келетін ол бұл жолы сайлау науқанына баласын ерте келген. Оның айтуынша, балалардың арасында дауыс беру мәдениетін ерте кезден қалыптастыруға ата-аналар ерекше үлес қосуы керек. 

Айту керек, Сарыкөл ауылдық округі бойынша 620 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар өтініш беру арқылы тасымалданатын жәшік көмегімен дауыс береге. Округте өткен сайлауда ең бірінші дауысты ауыл ақсақалы Түрікпенәлі Алпамыс беріпті.

- Осы ауылдың тұрғыны ғана емес, жанашыр ақсақалы ретінде ауыл әкімдерінің сайлауына ерекше мән береміз. Президентіміздің бастамасымен ауыл әкімдерін ауыл халқы болып, тікелей сайлай алатынымыз оң шешім болды. Туған жерін шексіз қадірлей білетін, іскер, белсенді азаматтың ауыл әкімі болғанын қалаймыз. Сол үшін де таң сәріден ерте тұрып, дауыс беруге асықтым. Сөйтіп бірінші болып өз таңдауымды жасап едім. Менің таңдауым дұрыс шығыпты, - деді Түрікпенәлі Алпамыс.

Айту керек, Сарыкөл ауылдық округінде 620 сайлаушы дауыс беруге құқылы. Ал, өтініш берген 72 сайлаушы тасымалданатын жәшік арқылы таңдау жасады. 

«Жалпы Қызылорда өңірінде сайлау қарқынды жүргізілуде. Еске сала кететін нәрсе, биыл Қызылорда өңірінде 25 кент және ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Жыл басынан бері 8 ауылдың әкімі сайланды. Сайлау әлі де жалғасын табуда» дейді  Қызылорда облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов. 

Демократияның бірден-бір көрінісі сайлау
Дауыс беру – үлкен жауапкершілік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу