Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Учаскелік сайлау комиссияларының біліктілігін арттырып отыру Жетісай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының негізгі міндеттерінің біріне айналған. Жуырда облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Жетісай ауданына қарасты Атамекен, Абай , Қазыбек би ауылдық округінің учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерінің қатысуымен оқыту семинар тренинг болып өтті. Оған аталған округтерде бұған дейін өткізілген сайлаулардың оң нәтиже көрсетуі себеп болды. Бұл семинар-тренингке аудандағы басқа да учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері қатысты.
Семинар-тренингті облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Мұрат Базарқұлов пен комиссия мүшесі Қуандық Құлажанов жүргізіп отырды. Семинар барысында «Әкім сайлауы – демократияның жаңа деңгейі» , «Ауылдық округі әкімдерінің сайлау тәртібі мен ережесі» және «Учаскелік сайлау комиссияларының іс-әрекеттері» тақырыптарында баяндамалар жасалды.
- Елімізде сайлау жүйесін дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Жаңа Қазақстанды құрудағы қадамымыз өзгеріс пен дамуға бастайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл әкімдерін халықтың тікелей өзі сайлауы бүгінде іске асырылып жатыр. Бұл шара – соның айқын көрінісі. Мәселен, Жетісай ауданындағы Атамекн ауылдық округінде 5 мамырда өткен ауыл әкімінің сайлауын мысалға алайық. Мұндағы ауыл әкімін сайлауға жергілікті халық белсенді қатысты. Әдеттегідей сайлау учаскесі таңғы сағат 07.00-де мемлекеттік Гимнмен ашылды. Халықтың көңіл күйін көтеру мақсатында сайлау учаскесінде көңілді әуен қосылып, бірінші болып дауыс беруге келген және сол күні туған күні болған, алғаш рет дауыс беруге келген сайлаушыларға сыйлық ұсынылды. Осынысымен бұл қадам сайлаушылардың есінде ерекше сақталып қалды. Жалпы бұл күні бұл ауылдық округтен бөлек Түркістан облысының 4 ауданында осындай ауыл әкімінің сайлауы өтіп, оған лайықты азаматтардың таңдалғанын көрдік, - деді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы М.Базарқұлов.
Сондай-ақ ол осы сайлау күні учаскелік сайлау комиссиясының қалай жұмыс істегенін, ұйымдастыру шараларының жоғары болғанын айтып, комиссия мүшелеріне Алғыс хаттар тапсырды. «Жоғарыда айтқанымдай, сайлау комиссиясының жұмысын көзіммен көргендіктен, оның қорытындысына да тоқтала кетейін. Мұндағы сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 5098 азамат енгізілсе, сайлауға оның 3212-сі қатысып, өз таңдауларын жасады. Дегенмен, дауысты санау барысында 9 жарамсыз бюллетень шықты. Ал «барлығына қарсы» дауыс беру жолында белгі қалдырған 9 сайлаушы болды. Ал қалған дауыс сайлауға қатысқан екі үміткерге төмедегідей бөлінді. Атап айтқанда Нұрғали Байназаров сайлаушылардың 2473, ал оның қарсыласы Нұрболат Қасымбеков 726 дауысына ие болды. Сөйтіп Атамекен ауылдық округі әкімі болып, 1973 жылы туған, Шымкент қаласының тұрғыны, Ордабасы ауданының Бадам ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, өзін-өзі ұсынған Нұрғали Айнабекұлы сайланды. Сайлау әділ, әрі тартысты өткенін көрдік» деді ол өз сөзінде.
Ал комиссия мүшесі Қ.Құлажанов болса ауылдық округі әкіміне кімдер түсе алатындығы туралы ақпарат берді. «Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды.
Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін- өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы, сондай-ақ егер ұсыну мерзімі аяқталатын күні екеуден аз кандидат ұсынылған болса, аудан әкімі жүргізеді.
Саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Ауылдық округ әкімдігіне өзін-өзі ұсынған кандидат дауыс беруге құқы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысымен қолдау табуға тиіс. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Заңмен әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде (биыл- 42500 теңге) сайлау жарнасын енгізеді.
Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады. Сайлау алдындағы үгіт кандидаттар тіркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
Ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады. Сайлау қорытындыларын тиісті әкімшілік- аумақтық бірліктегі учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысында сайлаудан кейін үш күндік мерзімінен кешіктірмей белгілейді» дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қ.Құлажанов.
Іс-шара барысында сұрақ-жауап, кейстер талқыланды.
Семинарды қорытындылай келе учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктіліктері мен білімдерін тест тапсырмалары алынды.