Бірмандаттық сайлау жүйесі бәсекені арттырды

Oinet.kz 28-05-2024 560

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу үшін 5 маусымда реформа өткізілген болатын. Халық Президент ұсынған жаңа реформаға өз қолдауларын білдіріп, дауыс берді. 

Screenshot_53.jpg

Жаңа реформа аясында сайлау заңына да өзгерістер енгізілгені белгілі. Сөйтіп сайлау жүйесіне бірмандатты сайлау енгізілген болатын. Мұндай сайлау биыл Түркістан облысының  Бәйдібек, Мақтаарал, Отырар, Төлеби мен Шардара аудандарында 31 наурыз күні өткізілген болатын. Ол шығып қалған депутаттардың орнына мәслихаттар депутаттарын сайлау «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабының 3-1-тармағында көзделген.

Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтың айтуынша, алдын ала аудандағы сайлау учаскелеріне қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, комиссия мүшелері арнайы оқу-семинарлары өткізілген. Соның арқасында ол сайлау жақсы ұйымдастырылып өткізіліпті. 

- Мен бір ғана Төлеби ауданында өткен бірмандаттық сайлауға тоқталайын. Біз Төлеби аудандық аумақтық сайлау комиссиясының, 2024 жылғы 31 наурызға тағайындалған № 18 сайлау округі бойынша Төлеби аудандық мәслихат депутатының сайлауында кандидат ретінде тіркелген азаматтарға сайлау алды үгітті жүргізуде заң бұзушылықтарға жол бермеу, учаскелік сайлау комисиясы мүшелерінің сайлауды өткізу мақсатында өткен түсіндірме жұмысы өз нәтижесін сайлауда бермей қоймады. Ол сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, хорытындысы да жаман болмады, - дейді Әлібек Өмірәлиев. 

Оның айтуынша, Төлеби ауданында 31 наурызда бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Төлеби аудандық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына депутат сайлауына тізім бойынша 3798 азамат қатысады деп жоспарланған. Сайлауға келіп дауыс бергендер 2203 сайлаушыны құрады. Ал сайлауға түскен кандидаттардың жалпы саны үшеу болды. 

- Өздеріңіз жақсы білесіздер, бүгінде Қазақстан аралас сайлау жүйесіне көшті. Бұл 5 маусымдағы референдум нәтижесінде рәсімделді. Есте болса, бұған дейін, 2007 жылғы конституциялық реформадан бері Мәжіліс негізінен партиялық тізіммен ғана қалыптастырылып келді. Тағы 9 депутатын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлады. Төртінші, бесінші және қазіргі алтыншы шақырылымдағы Парламент осылай сайланған. Ал жаңа, жетінші шақырылымдағы Парламентте Мәжілістегі ҚХА-ға арналған 9 мандат жойылды. Қолданыстағы «Сайлау туралы» заңының 9-бабында: «Парламент Мәжілісінің депутаттары біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдермен сайланады» деп қысқа ғана жазылған. Енді бұрынғы биліктің мүдде, сұраныстары үшін осылай мейлінше қарапайымдандырылған конструкция Жаңа Қазақстанда біршама күрделендіріледі. «Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша, біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Мәжіліс депутаттарын бірмандатты сайлау округтері бойынша сайлау кезінде, егер оның кандидатурасына басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілігі дауыс берсе, кандидат сайланды деп есептеледі», – делінген алда Мәжіліс қолға алатын жаңа заң жобасында.

Яғни әлдебір қаладағы әлдебір сайлау учаскесінде айталық, танымал тұлға, ауқатты адам және өзін-өзі ұсынушы бәсекеге түссе, соның біреуі өзгелерінен ең құрығанда бір дауыс артық жиса, сол жеңеді. Екінші тур деген қарастырылмаған. «Аумақтық сайлау комиссияларын және округтік сайлау комиссияларын – Орталық сайлау комиссиясы құрады. Егер бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша округтердің шекаралары әкімшілік аумақтық бірліктердің шекараларына сәйкес келсе, онда округтік сайлау комиссиялары құрылмайды, оның функцияларын аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады», – делінген құжатта.

Окрсайлаукомдардың мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде жергілікті мәслихаттар сайлайды. Бұл – маңызды. Себебі Қазақстанда сайлауда кім жеңетіні комиссия мүшелерінің кеш қараңғылығында дауысты қалай санайтынына да тікелей байланысты.

Сайлауға кімдер түсе алмайды? Бірінші, Сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам; екінші, Сыбайлас жемқорлық қылмыс және коррупциялық құқық бұзушылық жасаған кінәсін сот таныған адам кандидат бола алмайды.

Бұл ретте партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын саяси партиялар ұсынады. Ал бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және олардың филиалдары мен өкілдіктері ұсынады, сондай-ақ жеке азаматтар өзін-өзі ұсына алады.

Партиялық тізімге кірген тұлғаларға бір мандатты округтер бойынша да қатар додаға түсуге тыйым салынады.

Жаңа заң жобасын сәйкес, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну және өзін-өзі ұсыну «сайлау тағайындалған күннен басталады және сайлауға 40 күн қалғанда жергілікті сағат он сегізде аяқталады». Осының арқасында үгіт-насихат жүргізуге көбірек уақыт беріледі. Әйтпесе, қазіргі тәжірибе бойынша «партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлауға екі ай қалғанда ғана басталады» да, дауыс беруге 40 күн қалғанда түгесіледі. Салдарынан, кандидаттардың үгітіне 20 күндей ғана мерзім беріледі.

«Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың өзін-өзі ұсынуы азаматтардың тиісті округтік сайлау комиссиясына бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүргізеді. Кандидатты саяси партияның, қоғамдық бірлестіктің ұсынуы тиісті округтік сайлау комиссиясына жоғары басшы органның шешімін азаматтың ұсынуға келісімі туралы өтінішпен бірге жіберу арқылы жүргізіледі», – делінген құжатта.

Жалпы депутаттыққа үміткер болудың өзі қалтаны қағады. Бірінші қадамды жасау үшін миллион теңгедей қаржы қажет. Мәжіліс депутаттығына әрбір кандидат тіркелгенге дейін және оның қойылатын талаптарға сәйкестігі тексерілген соң Орталық сайлау комиссиясының шотына ең төмен жалақының (ЕТЖ) 15 есе мөлшерінде сайлау жарнасын енгізуге міндетті. Биыл ЕТЖ 60 мың теңге болды, яғни жарна 900 мың теңгеге тең. Бірақ алдағы жылдары ЕТЖ көрсеткіші өсуі мүмкін.

Егер кандидат депутат болып сайланса не сайлаушылардың кемінде 5 пайызның даусын жиса, немесе қайтыс болса, жарна оның өзіне не мұрагеріне қайтарылады. Қалған барлық жағдайда жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне аударылады.

Конституциялық реформа аясында республикада императивті мандат енгізіліп отыр. Оған сәйкес, егер бір мандатты аумақтық сайлау округінде жеңіске жеткен Мәжіліс депутаты ел үмітін ақтамаса, сайлауалды уәделері мен бағдарламаларын сақтамаса, сайлаушылардың бастамашыл тобы оны Парламенттен кері қайтарып алу туралы ұсыныс енгізеді. Жергілікті аумақтық сайлау комиссиясы «бастамашының депутаттардың мандатын кері қайтарып алу жөніндегі өтінішін тіркейді».

Соңынан тиісті шешімді ОСК өз отырысында жариялайды.

Абыройсыздыққа ұшыраған халық қалаулысын кері қайтарып алу рәсіміне бастамашылық жасалған жағдайда сайлаушылардың дауыс беруін өткізуді округтік сайлау комиссиясы ұйымдастырады.

Сайлау додаларына елді қызықтырып, электоралды белсенділікті арттыру үшін енді кандидаттарға әлеуметтік желіде, Telegram, WhatsApp мессенджерлерде де үгіт-насихат жүргізуге рұқсат етіледі. Заңдық актілер аясында оның ережелері мен регламенттері жасалады.

«Онлайн-платформалар мен жедел хабар алмасу сервистерін пайдаланушылар кандидаттың, саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; аталған тұлғаларға ар-намысын, қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау үшін теріске шығаруды тегін жариялау мүмкіндігін беруге міндетті», – делінген заң жобасында, - дейді Әлібек Өміралиев.

Ал Төлеби ауданындағы №18 сайлау округі бойынша сайлауға түскен кандидат Нұргелді Өсербайұлы Клушев сайлаушылардың 1802 дауысы жинап жеңіске жетті. Ал оның қарсыластары Акимжан Маменов 167, Рустембек Мұздыбаев 191 дауысты иеленген болатын. Ал сайлау заңына енгізілген «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны 15 болды. Сонымен ол өткен сайлау қорытындысымен бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Төлеби аудандық мәслихаттың депутаты болып №18 сайлау округі бойынша Клушев Нұргелді Осербайұлы сайланып, жұмысына кірісті.  

Әлібек Өмірәлиевтің айтуынша, басқа аудандардағы сайлау учаскелерінде де сайлау жоғары деңгейде өтіп, халық халаулылары таңдалған. Жалпы бірмандаттық сайлау жүйесін сайлаушылар арасында бәсекелестікті арттырды дейді ол.

Сайрам ауданы Қарасу ауылында жаңа әкім
Жетісайда учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерінің семинар-тренигі өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу