Шардара ауданында кандидаттар сайлаушыларымен кездесті

Oinet.kz 26-05-2024 222

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлайтынын айтқан болатын. Содан бері округ әкімдерінің сайлауы Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» заң талаптарының нормасына сай өткізіліп келеді. 

Screenshot_50.jpg

Мәселен, жуырда Түркістан облысы Шардара ауданында осы жылдың  2 маусымына  Қ.Тұрысбеков және Көксу ауылдық округтерінде  екі округте ауыл әкімінің сайлауы өткізілгелі отыр. Бүгінде кандидаттар тіркеліп, аталған округтерде сайлаушылармен кездесулер өкізген.  

Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е. Бейсенбиевтың айтуынша, бұл ауданда ауыл әкімдерінің ұйымдастырып отырған алғашқы сайлауы емес. 

- Былтыр 30 шілдесінде Шардара ауданының Ақшенгелді, Достық және Ұзын ата ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын сәтті өткіздік. Сол сайлауда кандидаттар арасында басым дауысқа ие болған Ордабай Сахов Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Ақшенгелді ауылдық округінің, Ерлан Ақжігітов  Достық ауылдық округінің, Ғани Есимханов Ұзын ата ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Реті келгенде тілге тиек ете кетейік,  «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес енді бұдан былай аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтері әкімдерін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің сайлаушылары тікелей өздері сайлайтыны айтылған.  Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын өткізу, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы жұмыс істеп тұр. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған. Сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады. Екінші жартыжылдықта өткізілетін ауылдық округ әкімдерінің сайлауын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әрекеттегі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде қырық күн бұрын тағайындайды және олардың заңда белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталуына дейін кемінде он күн бұрын өткізілуге тиіс. Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс, - дейді ол.

Оның айтуынша, соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа шатылғандар  кандидат бола алмайды. 

«Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырады.

 Әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.

Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады.

Ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат ауылдық округ әкімі болып сайланады» дейді Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е. Бейсенбиев. 

Сондай-ақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Бейсенбиев өткен аптада Қ.Тұрысбеков ауылдық округі, Шардара ауылындағы «Ш.Уалиханов атындағы мектепте, Көксу ауылдық округі, Көксу ауылының «С.Ерубаев атындағы мектебінде және Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясында әкімдікке үміткерлердің сайлаушылармен алғашқы кездесуі өткізілгенін айтты. Кездесу барысында кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, ауылдық жерлерде жасалатын мүмкіндіктер туралы баяндады. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.

«Біздің өткен сайлаулардан жинақтаған тәжірибеміз мол. Бұл сайлауды да жоғары денгейде өткіземіз деген сенімдеміз» дейді Е.Бейсенбиев.

Сайлауға түсетін әкімдерге қойылар талап жоғары
Сайлаушылар өз таңдауын жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу