Халықтың таңдауы, әрі сенімді серіктес керек

Oinet.kz 20-05-2024 96

Атом электр станцаларының қай жерде салынатыны, референдумның қашан өтіп, құрылыс жұмыстары қай елдің компаниясына сеніп тапсырылатыны әлі анық шешілген жоқ. Өйткені ел билігі тарапынан бұл мәселеге қатысты нақты шешім шығарылған жоқ. 

Screenshot_38.jpg

Есте болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы «Әділетті Қазақстан және Адал азамат» атты халыққа арнаған Жолдауында «Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем», - деп, бұл мәселені халық талқысына сала отырып қабылдайтынын айтқан болатын.

Қалай дегенмен елімізде атом электр станцияларын салуға бірнеше қоғамдық топтар мен тәуелсіз сарапшылардың жеткілікті саны қарсы. Дегенмен елде атом электр станцияларын салуды қабылдауға әсер ететін шешуші факторлардың бірі – халықтың хабардар болу деңгейі. Әдетте, қазақстандықтардың 36,8 пайызы үкіметтің атом электр станциясын салу жоспары туралы ештеңе білмейді. Бұл ретте 34,1 пайызы жақсы ақпараттандырылған және 29,1 пайызы бірдеңе естіген, бірақ егжей-тегжейін ол мәселеге көңіл бөлмеген.  

Жалпы елімізде атом электр станциясын салу туралы әңгіменің айтылып келе жатқанына жиырма жылдан асты. Жоғарыда айтқанымыздай бұл жөніндегі пікір де әр кезде әрқалай. Мәселен, 2019 жылы президенттікке сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу туралы тақырыбты әзірге қозғамауды ескертті. Ал екі жылдан кейін бұл тақырып қайта қозғалды. Сөйтіп атом электр станциясын еліміздің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі халық тығыз орналасқан Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылында салу туралы ұсыныс айтылды. 

Билік бұған дейін Балқашқа тиіп тұрған Үлкен ауылында, сонымен қатар Шығыстағы Курчатов қаласы маңында станция салу мүмкін екені сөз болған. Бұл туралы Алматыда «Атом энергетикасы және оның ресурстық базасын дамыту» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында да қайтара сөз болған еді. 

«Қазақстан атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастамасымен өткен жиынға шетелдік мамандар да қатысып, уран өндірісі, уран қорын басқару, сақтауға қатысты ойларымен бөлісті. Жалпы онда Ресей, Корея, Монголия мен Иорданиядан келген мамандар тақырыпты жан-жақты талқылап, өз жетістіктерін ортаға салды. Бір атап өтерлігі, онда атом энергетикасының өзекті мәселелері, оған қажетті ресурстық база, атом энергетикасын перспективалары мен алғашқы атом электр стансасы құрылысына қатысты мәселелер қаралды.  Дегенмен елімізде атом электр станцасы қашан, қай жерде салынатынын айту үшін Мемлекет басшысының шешімі мен Үкімет қаулысы керек екен. Әрине, мұның барлығы референдумда халық талқысына, халықтың шешіміне қарай болатыны белгілі. 

Қанша дегенмен, энергетика министрлігінің өкілдерінің айтуынша, елдегі энергия тапшылығын шешу үшін әзірге 2 мыңнан 2800 киловаттық 2 атом блогын салу қажет екен. 

«10-15 жылда әлем елдерінде күн және жел энергиясы қарқынды дамып келеді. Бұл саланың қарқын алғанына ұзақ уақыт бола қоймаса да, қазірдің өзінде біршама мәселелер туындай бастаған. Мәселен, ондай қондырғыларды көптеп орнатып алған елдерде қуат кешендеріне ұзақ уақыт қызмет көрсету мен ұстап тұру, ескі жабдықтарды қайтадан кәдеге жаратуға қатысты сұрақтар қордаланып қалған. Бастапқыда жіберілген қателіктер қосымша қаржыны талап ететіні заңдылық. Сондықтан бұл мәселе де біздің ел де қателік жіберіп алмауы керек», – дейді «Қазақстан атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тимур Жантикин.

«Қазақстан атом электр стансалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тимур Жантикин қазіргі уақытта жобаға дейінгі жұмыстар жүргізіліп, онда Қазақстанда бірінші атом электр станциясын салудың түрлі нұсқалары қарастырылып жатқанын айтты.

«Қазір алдын ала жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Біз 2019 жылы жетекші вендорлар, әлемге танымал компаниялар ұсынған 13 түрлі жобаны қарастырдық. Олардың арасынан Қазақстанда жүзеге асыруға ең қолайлы төрт жобаны таңдадық. Олар реакторлар, қысымды сумен салқындатылатын реакторлар деп аталады. Бұл әлемдегі ең көп қолданылатын және ең сенімді өнімділікке ие реактор түрі, яғни қауіпсіздік деңгейі жоғары және экономикалық көрсеткіштері қолайлы. Біз қазір осы төрт жобаны егжей-тегжейлі қарастырып жатырмыз», - деді ол.

Жоғарыда айтқанымыздай қарсы топтың да өз айтар уәжі бар. Мәселен, 

Қарағандылық эколог Дмитрий Калмыков атом электр станциясының құрылысына қарсы. Радиациялық, химиялық, бактериологиялық қауіппен күрес жөніндегі әскери маман Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан. Д.Калмыков былай дейді: «Расында да, экология тұрғысынан алғанда атом энергиясы көмір, мұнай мен газдан жақсы. Ол анағұрлым таза. Алайда тіпті дамыған елдердің өзі технологиялық қиындыққа төтеп бере алмай, үрейлі апаттар болып жатады. Мұндай апат болғанда, атом энергетикасының жылдар бойы «таза» болғаны рөл ойнамайды. Чернобыль апатының экономикалық зияны Кеңес Одағының бүкіл тарихында атом энергетикасының барлық экономикалық пайдасынан асып түсетінін естігенмін. Жақсы, таза әрі пайдалы атом энергетикасы болды, ал Чернобыльдегі жағдай мұның бәрінен түк қалдырмады. Сондықтан оны таза, таза емес деп айту қиын. Теория тұрғысынан таза деуге болатын шығар, ал іс жүзінде олай деп айту қиын. Айтқым келетін жалғыз нәрсе, мердігерді таңдағанда ядролық технологиялар мен көрші елдерге құрметпен қарайтын, оқ жаудырып, ядро станцияларын басып алмайтынын таңдар едім. Пәтеріңізді жөндеу қажет болса, көршілерге тап беретін, бірдеңені бүлдіріп, сындырып кететін жұмысшыларға істетпейсіз ғой, бұл да сол сияқты», дейді ол. Әрине, оның айтып отырғаны жөн. Оған Ресей саясаткерлерінің бүгінгі қазақ еліне қарата айтылып жатқан ақпарат майданындағы түрлі әңгімелерінен кейін біз қалай Ресейлік компанияға атом электр станциясын сеніп тапсырамыз деген уәжі де жоқ емес.   

Негізі Францияда электр қуатының 70 пайызын атом электр станциялары өндірсе, бізде 70 пайызы көмірден келеді. Ол жақта бәрі кедергісіз жұмыс істейді және жұрт пайдасын көріп отыр. Технология бір орында тұрмайды, қазір атом электр станциясының 3+, төртінші буыны шығып жатыр. Болашақта қалдықсыз өндіріс мүмкіндігі туады. Жұрттан қалмас үшін түрлі атом технологияларын дамытуымыз қажет. Атом электр станциясы құрылысы мұны алға ілгерілетуі мүмкін. Мәселен, дәстүршіл ел көрінетін Иранның өзі ядролық энергияны дамытып жатыр. Әйткенмен олар ядролық қару жасап жатыр ма деген де қауіп бар. Бұл олар үшін абырой мен технологиялық дамудың мәселесі екенін ұмытпау керек. Осы тұрғыдан қарап, Қазақстанға бұл керек емес деген дұрыс емес. Уранды жеткізіп қана қоймай, ел дамуы үшін атом энергиясын да дамыту керек. Бұл жоба құрдымға кетер болса да, бәлкім, алдағы 10–15 жылда шағын модульді реакторлар шығып қалар. Солардан неге бастамасқа? Бұл технологиядан бас тартуға болмайды. 

Референдум өткізу арқылы саналы түрде шешу керек деп есептейді
Сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілігі арттырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу