Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
2 маусымға қойылған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауы еліміздің бірқатар өңірінде ұйымшылдықпен өтті. Соның ішінде Түркістан облысы да бар.
Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішевтің айтуынша, 2 маусым күні облысқа қарасты Жетісай және Шардара аудандарындағы Абай және Қазыбек би, Көксу мен Қ.Тұрысбеков ауылдық округтерінде сайлау өткізілген.
- Жетісай аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес Жетісай ауданы Абай, Қазыбек би ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы бойынша дауыс беру нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде аудандық сайлау комиссияларының қорытындыларын белгіледі. Енді сол екі округте болған сайлау қорытындысына тоқталар болсақ, Абай ауылдық округіндегі сайлаушылар тізіміндегі 5232 азаматтың 2775-сі сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады. Бұл округте біз байқағандай халықтың белсенділігі жоғары болды. Санақ барысында 6 жарамсыз бюллетень анықталды. Ал дауыс беру барысында 7 сайлаушы «барлығына қарсы» жолын белгілепті. Әр кандидат үшін берілген дауыс санына қарай жеңімпаз анықталды. Сайлау барысында дауыс, атап айтсақ, Мусаев Даурен Ирисбекұлы 542, Оспанов Багдат Жанаевич 2220 дауысқа ие болды. Сайлау қорытындысымен Абай ауылдық округінің әкімі болып, 1980 жылы туған, Халықтар достығы ауылының тұрғыны, Абай ауылдық округінің әкімі, өзін-өзі ұсынған Оспанов Багдат Жанаевич сайланды, - дейді өзі қатысқан округтегі жағдайды баяндаған төраға орынбасары.
Ал Қазыбек би ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне 8123 азамат болса, оның 4687-сі дауыс беруге қатысқан. Санақ барысында жарамсыз бюллетеньдер саны – 9, «барлығына қарсы» жолында белгісі бар – 3 бюллетень шаққан. Ал екі кандидаттың бірі Серік Нүркен Дәуітұлы сайлаушылардың 1033, Мутаев Нурлыбек Сагынбекұлы 3642 дауысына ие болған. Сонымен Қазыбек би ауылдық округінің әкімі болып, 1987 жылы туған, Жетісай қаласының тұрғыны, Жетісай ауданы Мансап орталығының кәсіпкерлерді қолдау және еңбек нарығын ұтқырлығын арттыру бөлімінің маманы, «Amanat» партиясы ұсынған Мутаев Нурлыбек Сагынбекұлы сайланды.
- Ендігі кезекте 7 шілде күні Түркістан облысының Сайрам ауданының Ақсукент ауылдық округінде ауыл әкімі сайлауы өткізіледі. Қазіргі таңда кандидаттарды тіркеу жұмыстары басталып кетті. Ол сайлау да Сайлау заңы талаптарына сай өткізіледі деген сенімдемін, Дегенмен бүгінгі күні сайлауға түсуге ниет білдірген кандидаттарға қойылар талап та жоғары. Атап айтсақ былтыр Парламент Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған.
Онда ауыл әкімінің сайлауына түсетін кандидаттарға мынадай талаптар қойылған болатын. Атап айтсақ, кандидаттың жасы 25-тен асқан Қазақстан азаматы; барлық мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын шектеулер (сотталмағандығы, еңбекке жарамсыздығы және тағы басқа); біліктілік талаптарына сәйкестігі (мемлекеттік қызметте кемінде бір жыл, мемлекеттік органға жатпайтын ұйымдарда кемінде екі жыл басшылық қызмет атқару); арнайы тексерудің нәтижесі (кандидатты тіркегеннен кейін 5 күн ішінде жүргізіледі).
Сайлауға үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсына алады және өзін-өзі ұсыну арқылы. Өзін-өзі ұсынған кезде үміткер тиісті округтегі сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайызының қолын жинау керек.
Ал сайлау кезеңдері Заң жобасына сәйкес, сайлау сол елді мекен әкімінің өкілеттігінің аяқталуына 40 күн қалғанда басталады. Ал сайлаудың өзі әкімнің өкілеттігінің аяқталуына 10 күн қалғанда өтеді.
Кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланған күннің ертесінде басталып, сайлауға 15 күн қалғанда аяқталады. Яғни, мәжіліс спикерінің сөзінше, үміткерлерді ұсыну мерзімі 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады.
Кандидаттарды тіркеу сайлауға 10 күн қалғанда аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың шынайылығын тексереді. Үгіт жүргізуге 8 күн беріледі. Сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде дауыс берудің қорытындысы шығарылады. Сайланған әкімді тіркеу 7 күн ішінде жүзеге асады.
Сондай-ақ заң жобасына мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазуды қосу нормалары енгізілген, - дейді Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев.