Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Ендігі кезекте Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Теректі аудандарында 2024 жылдың 7 шілдесіне ауылдық округі әкімдерінің сайлауы белгіленіп отыр. Атап айтсақ, сайлау Бәйтерек ауданының Дариян, Құрманғазы мен Рубежин ауылдық округтерінде, Бөкей Ордасы ауданының Темір Масин ауылдық округінде, ал Қаратөбе ауданының Аққозы мен Қаратөбе ауылдық округтерінде, Теректі ауданының Ақсуат ауылдық округінде өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған өткен Жолдауында аудандар мен қалалардың әкімдері сайланатынын мәлімдеген болатын. «Екі жылдан астам уақыттан бері азаматтар ауыл, ауылдық округ әкімдерін өз бетінше сайлайды. Осы уақыт ішінде ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді алдымызда аудан мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауды сынақтан өткізу керек», деді ел Президенті.
Айта кетейік, ауыл әкімдерін сайлау 2021 жылдың 25 шілдесінен бастап ұйымдастырылып келеді. Өткен жылы пилоттық режімдеп сайлау еліміздегі 45 аудан мен үш қалада бір мезетте өтті. Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиевтың айтуынша, пилоттық жоба ретінде өткен жылы сайлау Қаратөбе, Тасқала және Бөкей ордасы аудандарында өтіп, халық аудан әкімдерін өздері сайлады. «Пилоттық режімде өткен сайлауда үміткерлерді тіркеу 15 қыркүйекте басталып, 5 қазанда аяқталды. Сайлауалды үгіт-насихат 24 күнге созылады. Одан кейін тыныштық күні және кейін дауыс беру күні өтті. Сайлау науқанына қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Еліміз бойынша өнірлер мәслихаттарының шешімімен 2,2 миллиард теңге бөлінді», деді А. Жиенғалиев.
Ендігі кезекте Батыс Қазақстан облысының 4 ауданының 7 ауылдық округінде сайлау ұйымдастырылғалы отыр. Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиевтың айтуынша, Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясында Құрманғазы, Дариян, Рубежин ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттілік мерзімінің аяқталуына орай отырыс өткізілді. Комиссия отырысында Құрманғазы, Дариян, Рубежин сайлау округтерін құру туралы және Құрманғазы, Дариян, Рубежин ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын 2024 жылғы 7 шілдеге тағайындау туралы комиссия шешімдері қабылданды. Ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын тағайындау шешіміне сәйкес сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді.
- 2024 жылдың 30 мамыры мен 11 маусым сағат 18.00-де аралығында аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкіміне кандидаттардың құжаттарын қабылдайды, сонымен қатар кандидаттарды тіркеуі ағымдағы жылдың 16 маусым сағат 18.00-де аяқталады. 2024 жылдың 16 маусым сағат 18.00-ден кейін кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті басталады және 2024 жылғы 6 шілдеде 00.00 сағатта аяқталады. Бұл сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді 6 сайлау учаскесі жүзеге асырады. Құрманғазы ауылдық округінде – 2, Дариян ауылдық округінде – 3, Рубежин ауылдық округ бойынша – 1, - деді ол.
Маманның айтуынша, әкімге үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Біріншісі саяси партиялар арқылы. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінен бір ғана үміткерді ұсынуға құқылы. Екіншісі дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының кемінде 1 пайызы қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Бұл ретте сайлауға кандидаттар тіркелмеген не ұсыну мерзімі аяқталған күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда жоғары тұрған әкім тиісінше екі не бір кандидат ұсынуға құқылы.
Талаптарға сәйкес, әкімдерді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей, тең, тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Өкім лауазымына мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін және 25 жастан кем емес Қазақстан азаматы сайлана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айырылған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ. Сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен етелмеген, алынбаған соттылығы бар немесе заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауда кінәсі бар адам әкімге кандидат бола алмайды.
Тағы бір айта кететін мәселе сайлауға қатысу үшін өзін-өзі ұсынған кандидаттар өз қаражаттарынан жергілікті атқарушы құрылымның шотына 350 мың теңге мөлшерінде жарна аударуы қажет. Бұл қаражат кандидат сайлауда жеңіске жетіп, аудан әкімі болып сайланған жағдайда немесе сайлаушылардың 5 пайыздан астам дауысын жинаса қайтарылады.