Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Ауыл әкімін сайлау оның ел алдындағы жауапкершілігін көтереді әрі халықтың билікке сенімін өсіреді. Қазіргі таңда Қызылорда облысында кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтуде. Бұл саяси науқан облыста ақпан, наурыз, сәуір мен мамыр айларында өтті, енді маусым айында да жалғасуда.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, облыс бойынша жыл басынан бері 5 ауылдық округ әкімі сайланыпты. Ал, 19 мамырда Қармақшы ауданының Жосалы кенті, ІІІ Интернационал, Ақжар ауылдық округтерінде сайлау өткізілсе, Шиелі ауданының Жаңатұрмыс, Еңбекші және Қарғалы ауылдық округтерінде ауыл әкімінің сайлауы 16 маусымда өткізу белгіленіпті.
- Былтыр Сыр өңірінде 38 ауыл әкімі сайланған еді. Басым бөлігі өзін-өзі ұсынған. Ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы – Президент реформаларының бірі. Мемлекет басшысының пәрменімен іске асып жатқан тағы бір айтулы бастама – ауыл әкімдерінің дербес бюджеті. Әкімді демократиялық жолмен сайладық. «Халықтың сенімін алған басшы енді ауыл бюджетін қалай қалыптастырып басқара алады?» деген сұрақ туындайды. Ауыл әкімінің бюджетін айтардың алдында, әуелі әкімдердің сайлауына қысқаша тоқтала кетейік. Сыр өңірінен бастайық. Қызылорда облысында 146 кент және ауылдық округ әкімі бар. Биыл 25-нің өкілеттілік мерзімі аяқталады. Бүгінде Қармақшы ауданында 5, Шиелі ауданында 3 әкім сайланды, - дейді ол.
Оның айтуынша, өткен сайлауларда саяси партиялардан ұсынылып жатқан, сондай-ақ өзін-өзі ұсынып жатқан кандидаттар бар. «Өткен сайлау барысында заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Кейбір азаматтар өздерінің конституциялық құқығы қанағаттанбаған жағдайда сотқа немесе жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссияларына арыздарын, өтініштерін жазуда. Ауыл әкімін сайлау оның ел алдында жауапкершілігін көтереді әрі халықтың билікке сенімін өсіреді. Енді оның дербес бюджетіне аз-кем тоқталсақ. 2020 жылдан барлық ауылға қатысты «4-деңгейлі бюджет» деп айдарланған реформа жүзеге асып келеді. Бұл тетік ауыл басшыларына елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін дербес шешуге мүмкіндік беруі тиіс. Қазақша айтқанда ауыл әкімі қашанғы аудан, я қалаға алақан жайып қарап отырады? Өз шаруасын өзі неге шешпеске? 4-ші деңгейлі бюджет осы мәселелерге жауап болуы тиіс. Ауылішілік жолдарды өздеріңіз білесіздер күтіп ұстауға, техникаларды күтіп ұстауға, көгалдандыру, аулаларды абаттандыру жұмысы сияқты ірілі, ұсақ, орта деңгейдегі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», дейді төраға.
Ал Қармақшы ауданы, Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаеваның айтуынша, Ақжар ауылы бойынша 105 кәсіпкер тіркелсе, оның екеуі ірі, 13-і ұсақ шаруа қожалық, қалғаны жеке кәсіпкерлер. «Дүкеніміз бар, машина жөндеу орындары бар. Түскен салығымызды біз ауылға, қоғамдастықтың мүшелерінің келісімі арқылы ауылға қажетті жұмыстарды істеп отырмыз», - дейді ол.
Экономист мамандардың айтуынша, салықтан түсетін түсімдер ауылдық жерде жұмсалатын ақша қаражатының 5/1 бөлігі ғана. Яғни 100 теңгенің 20 теңгесі салық есебінен дербес бюджетке түседі. Қалғанын аудан мен облыс бюджеттері трансферт ретінде беріп отырады екен.
Дегенмен қазір қаралып жатқан Жаңа бюджет кодексі және Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы аясында IV деңгейдегі бюджетті ұлғайтуға бағытталған шаралар көзделгенін айта кеткен жөн.