Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Өткен жылы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау өтетінін айтты. Бұл туралы Президентіміз: «Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз», - деген болатын. Міне, Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында 5 мамырда Ақмола облысындағы үш ауданда ауыл округтері әкімдерінің сайлауы өткізіліп, үміткерлер анықталып, жаңа әкімдер қызметтеріне де кірісіп үлгерді.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасы аясында биыл облысымыздың Целиноград, Зеренді мен Атбасар аудандарында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Бұған дейін елімізде болған саяси бәсекелерге біздің аудандардың халқы немқұрайды қарамай, үнемі белсенділік танытып келді. Кешегі күні өткен сайлауда да жерлестерімнің дәл сондай белсенділік танытқанын өз көзімізбен көрдік. Жалпы, азаматтардың сайлауға қатысуы не үміткер ретінде өзін-өзі ұсынуы – туған өлкенің тұрмысын түзетуге деген ізгі ниеті ғана емес, зор жауапкершілік, - дейді Ақмола облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Садуов.
Оның айтуынша, жалпы бүгінгі күні сайлауға түсуге ниет білдіргендерге қойылар талап та жоғары. Атап айтсақ былтыр Парламент Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған.
Онда ауыл әкімінің сайлауына түсетін кандидаттарға мынадай талаптар қойылған:
Жасы 25-тен асқан Қазақстан азаматы; барлық мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын шектеулер (сотталмағандығы, еңбекке жарамсыздығы және тағы басқа); біліктілік талаптарына сәйкестігі (мемлекеттік қызметте кемінде бір жыл, мемлекеттік органға жатпайтын ұйымдарда кемінде екі жыл басшылық қызмет атқару); арнайы тексерудің нәтижесі (кандидатты тіркегеннен кейін 5 күн ішінде жүргізіледі).
Сайлауға үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсына алады және өзін-өзі ұсыну арқылы. Өзін-өзі ұсынған кезде үміткер тиісті округтегі сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайызының қолын жинау керек.
Ал сайлау кезеңдері Заң жобасына сәйкес, сайлау сол елді мекен әкімінің өкілеттігінің аяқталуына 40 күн қалғанда басталады. Ал сайлаудың өзі әкімнің өкілеттігінің аяқталуына 10 күн қалғанда өтеді.
Кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланған күннің ертесінде басталып, сайлауға 15 күн қалғанда аяқталады. Яғни, мәжіліс спикерінің сөзінше, үміткерлерді ұсыну мерзімі 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады.
Кандидаттарды тіркеу сайлауға 10 күн қалғанда аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың шынайылығын тексереді. Үгіт жүргізуге 8 күн беріледі. Сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде дауыс берудің қорытындысы шығарылады. Сайланған әкімді тіркеу 7 күн ішінде жүзеге асады.
Сондай-ақ заң жобасына мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазуды қосу нормалары енгізілген.