Сайланған әкімдер ел сенімін ақтауы тиіс

Oinet.kz 12-05-2024 128

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси реформа аясында екі жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Осылайша, еліміздің көптеген елді мекендерінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметтеріне белсене кірісті. 

Screenshot_22.jpg

Ал, биыл бұл демократиялық үрдістің қисынды жалғасы ретінде ауыл әкімдерінің сайлауы ақпан айынан бастап қайта басталып кеткен болатын. Сонымен ел азаматтарының мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыруды мақсат еткен сайлау Солтүстік Қазақстан облысының бес ауданында өтіп, жеті ауылдық округтің әкімі сайланды. Осы сайлаудың нәтижесінде бес ауданда да мемлекеттік қызметте айтарлықтай тәжірибеге әрі ел-жұрттың сеніміне ие болған жеті округке жеті азамат сайланып, бүгінде қызметтеріне кірісіп кетті. 

Атап айтсақ, сайлау Қызылжар ауданының Якорь және Рощинск, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Бірлік және Чистопол ауылдық округтерінде және Мамлют, Ш.Уәлиханов пен Мағжан Жұмабаев аудандарда өткен еді. Сол саяси науқанда Мамлют ауданындағы Дубровное ауылдық округінің әкімі болып Павел Титов сайланды. Үміткерді Amanat партиясы қоғамдық бірлестігінің Мамлют аудандық филиалы ұсынған болатын. Аталған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, округте 1046 сайлаушы болса, сайлауға 765 адам қатысып өз таңдауларын жасаған. Оның қорытындысы бойынша әкім лауазымына үміткер болған Денис Бабенко – 84 дауыс, Татьяна Малетина – 63 дауыс, ал Павел Титов – 519 дауыс жинаған. 

Ал М.Жұмабаев  ауданның Авангард ауылдық округінің әкімі болып 360 дауыспен Александр Конюшевский сайланды. Аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, науқанға 444 адам қатысып, өз таңдауын жасапты. 

Сайлау өткен Қызылжар ауданының Рощинск ауылдық округінің әкімі болып 1225 дауыс берушінің жетпіс пайыз дауысына Руслан Аитов, ал Якорь ауылдық округінің әкімі болып 1173 дауыс жинаған Валерий Тихий округ әкімі қызметіне кірісіп кеткен. 

Сондай-ақ саяси науқан Ш.Уәлиханов ауданының Амангелді ауылдық округінде де өткен болатын. Сайлау қорытындысы бойынша 94 дауыспен Саян Құрманбаев әкім болып сайланды. Оны Amanat партиясының Ш.Уәлиханов аудандық филиалы ұсынған еді.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Бірлік және Чистопол ауылдық округтерінің де әкімдері таңдалып, тағайындалды. Ол өткен сайлаудың қорытындысында, Бірлік ауылдық округінің әкімі болып 412 дауыс жинаған Азамат Әржикеев сайланды. Саяси науқанға барлығы 550 адам қатысып, өз таңдауын жасаған. Ал Чистопол ауылдық округінің халқы сайлауда басым дауысын Владимир Руденкинге берген. Кандидаттың жинаған дауысы 1133 дауысты құрады. 

Ауылдық округ әкімдерін сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан, ауылдық округ әкімін сайлаудың нәтижесі аса маңызды. Бұл бір жағынан сайланған әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Сондай-ақ, қарапайым халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына өз үлесін қосады. Ауылдық округ әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасын орындау, ағын су мәселесін шешу, су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, мемлекеттік бағдарламаларды орындау ісіне айрықша көңіл бөлуге тиіс. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуды үйлестіру, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік субъектілерін қаржылай қолдау және жаңа бизнес идеяларды іске асыру, ауылдың мүмкіндігін ескере отырып туризмді дамыту мәселесіне назар аударуға міндетті.

Өз кезегінде жоғарыда аталған жеті ауылдық округте округ әкімінің қызметіне жаңа кіріскен Павел Титов, Александр Конюшевский, Руслан Аитов және Валерий Тихий, Саян Құрманбаев, Азамат Әржикеев пен Владимир Руденкин өздерінде аталған округте сенім білдірген ауыл халқына алғыс білдіріп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындауға сөз берді. 

Әкімдер сайлауы жоғары денгейде өтті
Жаңашыл сайлау жүйесі – саяси реформаның басты құралы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу