Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа «Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Саяси реформаның арқасында былтыр алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлаулары ұйымдастырылды. Сонымен өткен жылы 700-ге жуық ауыл әкімі сайланғаны белгілі. Бүгінде бұл үрдіс ел көлемінде өз жалғасын табуда.
Биыл Ақмола облысындағы үш ауданда ауыл әкімінің сайлауы өтті. Соның бірі Целиноград ауданы. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Маулиевтің айтуынша, Қызылсуат ауылдық округінің әкімі сайлауына үш үміткер қатысқан.
- Президентіміз соңғы жылдары тұрақты түрде саяси үдерістің бәсекелестігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған түрлі бастамаларды ұсынып келеді. Бұл саяси реформалар мен бастамалардың басты мақсаты – елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайту. Сол арқылы мемлекеттік бағыттың сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекет пен азаматтар үшін қажетті реформаларды жүргізуге мүмкіндік беру. Жыл сайынғы Жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отырғаны айдан анық. Жыл басында Президентіміз айтқандай, өткен жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Біздің ауданда да алғаш рет бір ауылдық округтің әкімін халық өздері сайлады. Шын мәнінде үлкен өзгерістің басы болған ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасып келеді. 2021 жылы басталған бұл науқан елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға тың серпін беріп, тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашты, - дейді ол.
Сонымен ауданда 2024 жылғы 5 мамырда өткен Қызылсуат ауылдық округінің әкімі сайлауының нәтижелеріне сәйкес Целиноград аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Қызылсуат ауылдық округі әкімі болып Оразбай Құбашұлы Сәлменов тағайындалған. Аудан әкімі Бахыдбек Оспанбеков Қызылсуат ауылдық округінің активіне сайланған жаңа әкімді таныстырып, оның алдағы жұмысына табыс тілеген болатын. Ал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Маулиев Қызылсуат ауылдық округі әкіміне куәлік табыс етті.
Аталған ауылдық округке жаңа сайланған Оразбай Құбашұлы Сәлменов 1963 жылы дүниеге келген. Степногорск қаласының тумасы. Еңбек жолын 1983 жылы бастаған. Өз кезегінде аудан әкімі Бахыдбек Оспанбеков Қызылсуат ауылдық округінің жаңа әкімі Оразбай Құбашұлына ұлттық және мемлекеттік жобалардың іске асырылуын бақылауда ұстауды, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, орта және шағын бизнесті қолдауды, аумақтарды абаттандырумен, жолдарды салумен және жөндеумен айналысуды тапсырды.
Аудан әкімі сөзінің қорытындысында, әрбір азаматтың тек заңдар мен ережелерді біліп қана емес, саяси-экономикалық процестердің белсенді қатысушысы ретінде сезінуінің маңыздылығын атап өтті. Бұл міндеттер Қазақстанның тұрақты дамуы мен гүлденуіне негіз болмақ. Әрбір азамат даму процестеріндегі өз рөлін білуі керек және өз қоғамын дамытуға және нығайтуға белсенді қатысуы қажет. Бұл міндеттерді орындау елдің бүгіні мен болашағының күшті, әділетті, бақуатты болуының кепілі екенін жеткізді.