Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Жасыратыны жоқ, депутаттардың жұмысы да, жеке өмірі де көп сынға ұшырайды. Олардың ішінде саясаткері де, блогері де, спортшысы және басқасы да қоғамның қатаң сынына тап болып жатады. Жұрт бір мандатты депутаттардың біразының белсенділігі төмен екендігіне, бар-жоғы білінбейтініне назар аударып, осыдан кейін «бұлар ел үмітін ақтады ма?» деген сауал туындайды.
Расында Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 13-2 тарауына сәйкес «Бірмандаттық сайлау округтері бойынша сайланған Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын кері шақырып алу» тетігі қаралған.
Нақтырақ айтсақ, аумақтық сайлау комиссиясы бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу бойынша қол жинау үшін қол қою парақтарын өзінің интернет-ресурсында орналастырады, олардың нысанын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.
- Қол жинау мерзімі аяқталғаннан кейін қойылған қолдар саны тиісті бірмандаттық аумақтық сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының он пайызынан астам болған кезде бастамашы қол қою парақтарын тиісті сайлау комиссиясына ұсынады, -- дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов. -- Қойылған қолдар саны тиісті бірмандаттық аумақтық сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының он пайызына жетпеген не тиісті сайлау комиссияларына қол қою парақтары ұсынылмаған кезде тиісті сайлау комиссиясы қол қою парақтарын жарамсыз деп тану, бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу жөніндегі қызметті тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Тиісті сайлау комиссиялары құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктер беру жөніндегі уәкілетті органның жұмыскерлерін тарта отырып, қол қою парақтарындағы осы бірмандаттық аумақтық сайлау округі азаматтары қолының және тұрғылықты жерінің дұрыстығын он күн ішінде тексереді.
Әрбір азамат қол қою парағына тек бір рет қана қол қоюға құқылы. Азаматтың қолы оның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), тіркеу орны, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері және параққа қол қою күні толық көрсетіле отырып толықтырылады.
Белгіленбеген үлгідегі қол қою парақтары жарамсыз болып табылады.
Осы баптың талаптары бұзыла отырып толтырылған қол қою парақтары дауыстарды санау кезінде есепке алынбайды.
Ал, дауыс беруді өткізу тәртібі мен мерзімдері 113-15 баппен реттелген.
Яғни, тиісті сайлау комиссиясы ұсынылған қол қою парақтары осы Конституциялық заңның 113-14-бабының талаптарына сәйкес келген кезде дұрыстығын тексеру мерзімі өткен соң бір күннен кешіктірмей, бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу бойынша дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды.
Сосын тиісті сайлау комиссиясы дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатқа оны кері шақырып алу бойынша дауыс беруді өткізу туралы хабарлама жібереді.
Ал, депутатты кері шақырып алу бойынша дауыс беру – дауыс беруді тағайындау туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
Тиісті сайлау комиссиясы дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылданған кезден бастап бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатқа және оны кері шақырып алу бастамашысына бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Парламент Мәжілісінің депутатын кері шақырып алуға қатысты үгіт жүргізу құқығын – күнтізбелік бес күн ішінде береді.
Ал, бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған мәслихат депутатын кері шақырып алуға қатысты үгіт жүргізу құқығын күнтізбелік үш күн ішінде береді.
Енді бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу бойынша дауыс беру тәртібі 113-16 баппен реттелген.
Яғни, депутатты кері шақырып алу дауыс беруді өткізу арқылы жүзеге асырылады. Дауыс беру осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, депутаттарды сайлау сияқты тәртіппен өткізіледі.
Егер дауыс беруге тиісті бірмандаттық аумақтық сайлау округі сайлаушыларының кемінде үштен бірі қатысса, дауыс беру өткізілді деп есептеледі. Сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астамы оны кері шақырып алуға дауыс берсе, кері шақырып алынған болып есептеледі.
Депутатты кері шақырып алу бойынша дауыс беру қорытындылары тиісінше Орталық немесе аумақтық сайлау комиссиясының отырысында шығарылады, хаттамамен ресімделеді, оған комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы және мүшелері қол қояды.
- Сайлау комиссиясының бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу туралы ресми хабары дауыс беру өткізілген күннен бастап үш күн мерзімнен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Осылайша депутат кері шақырылып алынған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы осы Конституциялық заңның ережелеріне сәйкес депутаттарды сайлауды тағайындайды, -- дейді Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов.