Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Бүгінде республика көлемінде сайлаушылар тарапынан тиісті мәслихат депутаттарының жұмысына кері пікірлер қалыптасып, сайлау комиссияларына жиі уәждер айтылып жүргені жасырын емес.
Мысалы, Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысында белгілі бір мәслихат депутаттарына қатысты сын айтылса, Түркістанда Мәжіліс депутатына қатысты мәселе көтерілген. Бұдан сайлаушылардың өз құқықтарын жетік білетіні, бастамашыл топ құру барысында азаматтардың белсенділігі анық байқалды.
Міне, осыған орай Жамбыл облысы мәслихаты депутаттарының өкілеттіктерін атқару барысында жұмыстарды жетілдіру бойынша семинар-кеңес өтті. Семинарда Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңының кейбір баптары туралы әңгіме қозғап, жете түсіндіріп берді.
- Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 13-2 тарауына сәйкес «Бірмандаттық сайлау округтері бойынша сайланған Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын кері шақырып алу» тетігі қаралған, -- дейді Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов. -- Аталған тарау негізгі 5 баптан тұрады, яғни осы баптарда депутатты кері шақыртудың бес кезеңін рәсімдеу шаралары қаралған.
Атап айтсақ, осы заңның 113-12 бабына сәйкес «Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алуға бастама жасау» шаралары қамтылған.
Яғни, депутатты кері шақырып алу үшін бастама жасауға сайлаушылардың сенімін жоғалту, оның ішінде сайлау алдындағы бағдарламаны орындамауға байланысты сенімін жоғалту негіз болып табылады. Екіншіден депутатты кері шақырып алуға бастама жасау депутат жұмыс істеген бірінші жыл және соңғы жыл ішінде қолданыла алмайды.
Өздеріңізге белгілі, республика көлемінде барлық деңгейдегі тікелей құпия дауыс беру арқылы Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттары 2023 жылдың наурыз айында сайланған болатын, яғни, бұл бапты негізге ала отырып сайлаушылар өздері сайлаған депутаттарын кері шақыртуға толығымен құқықтары бар.
Үшіншіден жаңа айтып кеткендей, депутатты кері шақырып алуға бастама жасау құқығы тиісті бірмандаттық аумақтық сайлау округінің сайлаушыларына ғана тиесілі.
Ал 113-13-баппен «Бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алуға бастама жасау және бастамашы топты қалыптастыру тәртібі» рәсімделген.
Яғни, тиісті бірмандаттық аумақтық сайлау округінің сайлаушысы бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу туралы өтінішпен тиісті аумақтық сайлау комиссиясына осындай кері шақырып алуға бастама жасау негіздерін баяндай отырып, жүгінеді.
Сосын сайлау комиссиясы өтінішті осы Конституциялық заңның 113-14-бабының және осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарап шығып, бастамашыны және жоғары тұрған комиссияны өтінішті тіркеу не тіркеуден бас тарту туралы үш күннен кешіктірмей хабардар етеді.
Өтінішті тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап он күн ішінде бас тарту бойынша сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Және аумақтық сайлау комиссиясы бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу бойынша қол жинау үшін қол қою парақтарын өзінің интернет-ресурсында орналастырады, олардың нысанын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.
Енді қол жинау тәртібі мен мерзімдері осы заңның 113-14 бабымен реттелген.
Яғни, депутатты кері шақырып алу үшін азаматтардың қолын жинауды бастамашы тиісті аумақтық сайлау комиссиясында өтініш тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұйымдастырады.
Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов бүгінгі күні осы заң талаптарын іске асырудың алгоритмі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында қаралу үстінде екенін айтты.
Орталық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 3 сәуірдегі №23/25 Қаулысымен қол қою парақтарының, депутатты кері шақыртып алу туралы өтініштің, осы өтінішті тіркеу хаттамасының, бастамашыл топ мүшесі куәлігінің, жиналған қолдарды тексеру нәтижелері хаттамасының және дауыс беруді өткізу туралы шешімнің үлгілері бекітілді.
Яғни, сайлаушылар тарапынан белсенді әрекеттерге көшудің тетіктері анықталып берілген.
Семинар-кеңесте депутаттар сайлау комиссиясының өкіліне өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.