Банкке пайыздық құлдыққа түспеудің бес тәсілі

Oinet.kz 28-05-2019 1750

вложить-деньги-под-проценты-в-банк.jpg

2013-2014 жылдар бойы Қазақстанда тұтынушылық несиеге деген сұраныс жылына 50 пайызға жуық мөлшерде өсіп отырды. Ал өткен жылғы девальвациядан соң,  бұл көрсеткіш небәрі 7 пайызды құрады. Пайыздық құлдыққа түсіп қалудан қорқа бастаған қара халық несиеге жоламауды жөн көре бастады. Ал банк саласының мамандары тұтынушылардың мойнындағы несие әзірге адам төзерлік деңгейде деп санайды. Қазір жалданып жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің несиесі 3,4 айлық жалақы, яғни 407 мың теңге деңгейінде. Егер несие бойынша қарыз 5 айлық жалақыдан асатын болса, бұл банк тілінде «қолайсыз жағдай» деп аталады.

Банк саласының статистикасына қарағанда, тұтыну несиесін шектен тыс көп алатындар Алматы қаласының тұрғындары екен. Оңтүстік астанада тұтыну несиесін алған қандастарымыздың берешегі 8 айлық жалақыны, яғни 1,2 миллион теңгені  құрайды. Банк мамандары алматылық несие алушылардың ішінде өз бизнесін дөңгелетіп жүрген азаматтардың көп екенін айтады. Жалпы Қазақстан бойынша тұрғындардың түтыну несиесінің көлемі 2,5 триллион теңге, бұл – 13,5 миллиард АҚШ доллары деген сөз. Ал алматылықтардың еншісіне бүкіл қазақстандықтарға берілген несиенің 37,7 пайызы тиіп отыр. 

Банктер осы 13,5 миллиард АҚШ доллары мөлшеріндегі несиені аса үлкен қаржы деп санамағанымен, бұл көрсеткіш елдің Жалпы ішкі өнімі мен әрбір отбасының жеке жағдайы тұрғысынан қарағанда аз сома емес.  

Енді тұтынушылық несиесінің табиғатын сипаттайтын бірқатар тұжырымдарға тоқтай кетелік. Несие, соның ішінде тұтыну несиесі  – Қазақстан халқының аяғына тұсау, көңіліне қаяу болған, еліміз бұрын-соңды көрмеген құбылыс болып отыр. Бұдан 3 мың жыл бұрын да Көне Римде  адамдар несие алған. Кепілдікке қоятын мүлкі болмай, көп адам өзін, яғни өз бостандығын кепілдікке қоятын. Қарызы мен несиенің өсімін төлей алмаған соң, Римнің еркін азаматтары құлақ кесті құлға айналатын. Ия, сол құлдар Римнің көптеген ғимараттарын салған. Ауыр еңбекке шыдай алмай, құлдар сол құрылыстарда өлім құшатын.

Көрші Өзбекстанда адамдар тұтыну несиелерін өте сирек алады. Себебі ол жақта теледидарды, кір жуу машинасын немесе жиһазды тапқан табысына алу керек деп есептейді. Тойлар мен құдалықтарға несие алу – ұят саналады. Жалпы несиені зат сатып алу үшін емес, жаңа жұмыс, бизнес бастау үшін алған дұрыс деп есептейді.

Енді тұтыну несиесін қай жағдайда алу керек, қандай тұстарын ескеру керек, сондай-ақ несие пайыздық құлдыққа айналмауы үшін қай нәрселерге көңіл бөлуіміз керек? Бұл жайлы мамандар не дейді, соған тоқтала кетейік.

Тұтыну несиесі – басқа несиелерге қарағанда көп алынады. Тұтыну несиесін аларда 5 мәселеге мұқият  көңіл бөлу керек. Егер осы 5 шарт толық орындалса, қаржылық, пайыздық құлдыққа түсіп қалудан аман боласыз:

1. Тұтыну несиесін алу өте жауапты шешім. Ол қарыз алушының белгіленген уақытта негізгі қарызды сыйақысымен қоса  қайтаруды білдіреді. Тұтыну несиесін алу бойынша шешім қабылдаудан бұрын: бірінші сізге қанша қаржы керектігін, екінші – қарызды уақытында қайтаруға мүмкіндігіңіз қаншалықты жететінін анықтап алыңыз. Жалпы алынған несие үшін төлейтін берешегіңіз табысыңыздың 20-30 пайызынан  артық болмауы керек.

2. Несие жайлы барлық ақпаратты зерттеп-зерделеп шығыңыз, сондай-ақ қарызды өтеу шарттарын мұқият қараңыз. Банк қызметкерінен барлық төлемдер жайлы ақпарат алыңыз. Бұл мына ақпараттар:

а) несиенің мөлшері, 

ә) оны өтеу кестесі,

б)  толық бағасы (мұны банк тілінде «эффективная ставка кредита» дейді), 

в) банк тарифтерін мұқият қарап шығыңыз. Қабылданған шешім дұрыс болуы үшін, 2-3 банкттің тұтыну кредитінің шарттарын салыстырып көріңіз, сондай-ақ бұрын несие алған адамдармен ақылдасыңыз.

3. Несие келісімін мұқият оқып шығыңыз. Келісім шартқа қол қоюға асықпаңыз. Мүмкіндігінше келісімді үйге алып кетіп, оны 2-3 рет оқып шығыңыз, түсінбеген жерлеріңізді белгілеп қойып, сол тарау немесе бап бойынша банк қызметкерінің кеңесін алыңыз. Күдік туғызған шарттар бойынша анық ақпарат алуға тартынбаңыз.

4. Несие келісіміне қол қою. Психологтар қол қою рәсімін биліктің атрибуты, яғни бір көрінісі деп есептейді. Банк менеджері: «Міне, енді келісімге қол қойыңыз» дегенде, әрбір адам өзін биліктің қайнар көзі деп сезінеді. Сондықтан келісімге қол қоя отырып, қандай шектеулер мен қиындықтар туындауы мүмкіндігі жайлы ойлаңыз. Келісімге қол қойып бекіту – үлкен  жауапкершілік екенін есте сақтаңыз.

5. Банктің репутациясы. Атақты банктер алаяқтыққа бармайды. Бизнес әлемінде репутация үлкен мәнге ие. Сондықтан имиджі мен репутациясы жоғары банктерден кредит алыңыз.

Несие алу өте күрделі, әрі қиын екенін ескере отырып, тағы бір рет  осы мәселені екшеп шығайық. Несиені таңдау барысында мына мәселелерге мұқият көңіл бөліңіз: ол сіз жалақы алатын валютада, яғни теңгеде болуы керек. Кейде пайызы төмен деп көп адамдар несиені доллармен немесе еуромен алады. Валюта курсының өзгеруі, мысалы, өткен жылғы девальвация кредитті теңгемен алу керектігін тағы бір рет дәлелдеді. Егер сіз жалақыны доллармен алсаңыз – онда несиені де доллармен алуға болады. Алған кредитіңіз аса үлкен болмауы керек. «Көбірек ала берейін» деп, мысалы тағы 50 мың теңге қосып алсаңыз, банкке – 75 мың қайтаруыңыз керек болады. Несиені ұзақ мерзімге алуға болмайды. Уақыты ұзақ болған сайын, сіз көбірек сыйақы төлейтін боласыз. Мысалы, 200 мыңды 2 жылға емес, 5 жылға алсаңыз – сіз банкке 110 мың өсімімен төлеуіңіз керек болады. Сонымен, несиені теңгемен, қысқа мерзімге, сондай-ақ несие бойынша төлеміңіз  табысыңыздың 20-30 пайызынан аспайтын мөлшерде болғаны жөн.

Біз бұл несиеге байланысты кеңестерді қандай да бір банктің немесе қаржылық институттың мүддесін көздеп беріп отырған жоқпыз. Егер ондай мүддені көздегенімізде, оқырмандарды банктерге пайда әкелетін қызметтер – несие алуға немесе өз қаржылырыңызды депозитте, яғни банктерде ұстауға шақырған болар едік. Біздің мақсатымыз – оқырманға дұрыс шешім қабылдауға ықпал ететін ақпарат ұсыну.  

Байлар мен кембағалдардың арасын айырып тұрған – сауатсыздық
Әлемдегі алып мемлекеттердің ішкі өнім салыстырмасы (GDP 1800-2040)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу