Шымкент - Орталық Азияның қақпасы
Шымкент-өзіндік мәдениеті, өзіндік ерекшелігі бар Орталық Азияға кіретін қақпа саналады. Мұндай географиялық ерекшелік мегаполистің туристік әлеуетіне зор серпін береді.
2003 жылы «Шымкенттің орта ғасырлық кезеңін археологиялық қазбалар бойынша зерттеу» деген атпен жүргізілген кең көлемдегі қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлер бұл қаланың өте ескі шаһар екенін айқындап берді. Сол кезде біздің заманымыздан бұрынғы II ғасыр мен заманымыздың II-III ғасырларына тиесілі аса құнды жәдігерлер табылды. Мұндай жәдігерлердің соғды мәдениетіне тән екені белгілі болды. Зерттеушілер табылған көне заттарға қарап, көне Шымкенттің тұрғындары сол уақыттағы Самарқан жұртымен тығыз байланыста болған деп нақты байлам жасады. Осынау қорытындылардың негізінде, археологтар Шымкент қаласының жасы 2200 жылға тең және осыншама жыл бұрын осы жерде қалашық болған деген тұжырымға келді. Дегенмен тарихшы Момбек Әбдәкімұлының айтуынша, өте көне замандардан басталатын қалада әлі де болса зерттелмей жатқан төбелер жетерлік.
- Қазіргі Шымкенттің орнында мұндай төбелер өте көп. Мысалы Дулати көшесінің басында, Қапал батыр көшесінің бойында, ескі Фосфор зауытының жолында олар әлі сақталып тұр. Қарасу өзенінің қазіргі Жанкелдин көшесін кесіп өтетін тұсындағы биік төбе 1960 жылдардың ортасына дейін тұрған. Кейін сол жерге үйлер тұрғызылған кезде сырылып тасталған. Бұрынғы пресс автоматтары зауытының маңында да үлкен төбе болған. Ол 1941 жылы осында Воронежден көшіріліп әкелінген жаңағы зауыт салынғанда тегістеліп кеткен. Көнекөздердің айтуынша, сол кезде әлгі төбені бұзып жатқан бульдозерші алтын тауып алыпты. Бұл алтын осында пәлен мың жыл бұрын жерленген тайпа көсеміне тиесілі болса керек,-дейді тарихшы.
Сақ-үйсін төбелерінің Шымкент жерінде кездесуі де қаланың өте көне қоныс екенін айқындайды.