Шымкент тарихи туризм үшін таптырмас қала
Шымкент Қазақстанда өзінің тарихи орнын сақтап қалған бірден-бір қала. Ұлы Жібек жолының бойында мәдениеті мен қолөнері өркендеген қала бүгінде туристердің де қызығушылығын арттырып келеді. Шымкент тарихи туризм үшін таптырмас қала
Тарихи әдебиетте Шымкент атауы Шарафаддин Йаздидің Ақсақ Темірдің жорықтары жайында жазған «Зафар-наме» атты еңбегінде кездеседі. Оның жазуынша, 1365-66 жылдары Ақсақ Темір Моғолстанға бара жатқан жорығында Шымкентте біраз күн аялдайды. Міне, осы жазба орта ғасырдағы Шымкент туралы жазылған алғашқы мәлімет болып есептеледі. Алайда, әлдебір қаланың қалыптасу уақытын тек тарихи жазбалармен ғана шектеп қоюға болмайтыны белгілі. Ғылым кез келген қала мен қоныстың пайда болуын археологиялық қазбалар арқылы анықтайды.
Тарихшылардың айтуынша, Шымкент қаласында алғашқы археологиялық жұмысты 1888 жылы Н. Остроумов деген ғалым жүргізген. Ол сонда бұл жерден VIII-Х ғасырларға жататын бұйымдарды тапқан. Сөйтіп, Шымкенттің Шарафиддин Йазди жазған уақыттан көп жыл бұрын пайда болғаны анықталған. Одан кейін өткен ғасырдың басында қаладағы ескі қамалдың түбін қазған археолог ғалымдар зороастралық дәстүрмен жерленген бір әйел мен еркектің мәйітін тапқан. Олардың 1500 жыл бұрын өмір сүрген адамдар екені анықталған.