Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Шымкент қаласының тарихи орнында қазба жұмыстары жүргізіліп, археологтар ежелгі және ортағасырлық қаланың даму динамикасын сипаттайтын қызықты мәліметтер берді. Сол арқылы қаланың қалыптасу уақыты біздің заманымызға дейінгі 2 ғасыр екендігі анықталды. Яғни, Шымкент 2200 жылдық тарихы бар қала.
Жергілікті өлкетанушы, тарихшы, жуырда ғана Шымкент қаласының тарихына қатысты кітапты жарыққа шығарған Момбек Әбдәкімұлының айтуынша, қала шежіресінің көне замандардан басталуы ешқандай күмән туғызбайды.
-Қазақстан жеріндегі көне қалалардың дерлігі Оңтүстікте өлкесіндегі болған. Мәселен, біздің эрамыздың басында, тіпті одан бұрынғы замандарда іргелері қаланған Түркістан, Отырар, Сығанақ, Сауран, Испиджап, тағы солар сияқты кезінде аттары шығып, даңқтары алысқа кеткен шаһарлардың барлығы – біз атаған оңтүстік өлкесінде орналасқан. Ал оңтүстік өлкесінің нақ кіндігі саналатын – Шымкент те осындай көне қалалардың қатарына жатады,-дейді тарихшы.
Шымкенттің көне тарихы, жаңа мен ескінің өзара үйлестірген ерекше сәулеті, сонымен бірге көптеген тарихи нысандары мегаполистің туристік әлеуетін арттыра түседі. Қазір Шымкентте осыған қатысты көптеген тың жобалар жүзеге асуда.