Қымбаттамаған не қалды?
Биылғы 10 айда баға азық-түлік тауарларына – 8,3%, азық-түлік емес тауарларына – 4,5%, ақылы қызметтерге 3 пайызға өcкен. Статистика комитетінің мәліметінше, қазанда бағаның өсуі жұмыртқаға – 10,3%, құмшекерге – 7,3, күнбағыс майына – 6,3, жаңа жиналған көкөністерге – 2,8, картопқа – 2,1, сүтке – 1,4, шайға – 1, қой етіне – 0,9, ұнға, сары майға – 0,8, макарон өнімдеріне, жылқы етіне – 0,7, нанға – 0,6 пайыз болып белгіленді.
Темекі өнімдері –1,8%, салқындатылған сусындар 0,6 пайыз қымбаттады. Баға өсімі кеңсе тауарларға, дәрі-дәрмекке – 0,8%, жуғыш және тазалағыш құралдарға, автомобильдерге – 0,7, тоқыма бұйымдарына, киім және аяқ киімге, жиһаз және үйге қажетті заттарға 0,6 пайызды құрады.Тас көмір 1,4 пайызға қымбаттаған. Моншаның қызметі де қымбаттапты 0,8 пайызға, спорттық кешендер – 0,7, стоматологиялық қызметтерге – 0,6, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне 0,5 пайыз өсті. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер қоқыс шығару – 6,7, суық суға – 2,5, кәрізге – 2, электр энергиясына – 0,7, ыстық суға 0,3 пайыз өсті.
Қымбаттамаған не қалды дерсіз. Бар екен. Комитеттің мәліметінше, бағаның төмендеуі жаңа жиналған жемістерге – 3,9, тауықтың сирағына 1,1 пайызға тіркелген. Сондай-ақ әуе көлігімен жол жүру ақысы 2,4 пайыз арзандады.