Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Интернет бетінде ене мен келін шайқасы жайлы жиі оқып кеттік. Әрине, сыйыспайтын ене мен келін ел ішінде кездесетін шығар. Дегенмен біз оларды емес, анасы мен қызындай болған, татулығы жарасқан жандар жайлы көбірек дәріптеуіміз керек.Осы орайда мен өзімнің енем жайлы айтып берейін.
Енем марқұм бес қыз, бір ұл тапқан екен. Жастайынан жесір қалып, алты баланы тірнектеп жүріп өсірген мықты адам еді. Марат екеуміз табысып, үйленуге бел буғанда енем баласын ертіп, біздің үйге арнайылап келген. «Жалғызымның таңдағанын өзім көрейін, құдалармен танысайын деп арнайылап келдім» деп әке-шешемнің алдынан өтіп, жағдайын айтып, екі аптадан кейін ағайын-туысымен тағы келіп, мені өздерімен алып кеткен. Келін боп түскеніме үш айдай өткенде Маратты әскерге шақырып, екі жылға борышын өтеуге кетіп қалды. Енді ғана үйренісіп келе жатқан маған бұл өте қиын тиді. Аяғым ауыр, жерікпін, төркінімді сағынам, енеме айтсам дұрыс түсінбей қала ма деп балалыққа салып, бөлмемде қыстығып жылап алушы едім. Марқұм енем соның бәрін сезген екен. Кейін жегім келген асты алдырып беріп, төркініме өзі ертіп апарып, күйеуімнен артық күтім жасады. Ай-күнім жетіп қыз босандым. 9-мамырдың қарсаңында босанғам,
«Немеремнің аты Жеңіс болады» деп, қызымызға ат қойып, сылап-сипап қырқынан шығарып, мәпелеп өсірді. Сол Жеңіс қызымыздан кейін алты қыз тудым. Ол кезде бізбен жасты құрдастарымыз ұлдарын сүндетке отырғызып, той жасап, ырду-дырду боп жататын. Мен содан қысылып «Апа, мен қыз туа бердім ғой, Маратқа ұл керек, екінші әйел әперіңіз» деп жылайтынмын. Сонда енем марқұм «Маратқа кім керегін сен білесің бе? Алла шешеді бәрін! Құдай саған қыз беруден ұялмаса, туа беруден сен де ұялма! Ұл туғанша тоқтама!» деп ұрысып тастайтын. Боркемік боп, егіліп отыра бермесін десе керек... Енем 75 жасында өмірден өтті. Арулап жерледік, батасын алып үлгердік. Ол кезде мен қырықтан асып қалғам, «енді тумайтын шығармын» деп арқаны кеңге салып жүргенде жүкті екенімді білдім. «Марат, мен мынаны тумаймын, масқара, көрген жұрт күлер, құрысын, алдырып тастаймын» дедім. Күйеуім басында тулаған, кейін келісті. Содан үйдегі қыздарыма шаруаның бәрін тапсырып, қалаға жолға шықтым. Алдын жеңгеме жағдайды айтып, таныс дәрігер тауып қоюын өтінгем. Ауылдан жетем дегенше кеш түсіп қалды.
«Ертең барасың, бүгін қонақ бол» деп жеңгем үйіне ертіп апарды. Сол күні бір түс көрдім. Түсіме аппақ көйлек киген енем кірді, «Гүлсім, әй, Гүлсім, маған қара!» деп мені шақырды. «Апа, сіз мұнда неғып жүрсіз, сіз қайтыс боп кетіп едіңіз ғой» деп қорқып қоям. «Мен де доқтырға келгем, бері кел, саған тауып алған нәрсемді ұстатайын» деп шақырды. Жанына барып ем, алақаныма екі күміс тіс ұстатты. «Азуың түсіп қалып еді ғой, мә, мына екеуін салып ал, қане, көзімше салшы, шақ келер ме екен» деп қоймайды. Екі тісті азуыма апара қойып ем, таңдайыма жабысып, тұра қалды...
Ертеңіне көрген түсімді жеңгеме айтып ем, «Құдағи жарықтық әулие адам еді ғой, мынау түсіңді жорысам, ол сенің баланы алдырғаныңа қарсы сияқты. Жұрттың өсегін қайтесің, Құдайдың бергенін туып ал» деп ауылыма қайтарып жіберді. Ай-күніме жетіп, босанып, есім кіресілі-шығасылы боп жатсам «Құттықтаймын, ұлды болдыңыз!» деп мейірбике қыз келіп тұр. Түсімде енемнің екі тіс бергені есімде қалған, «менде егіз болуы керек» деп қоймаймын ғой. Дәрігерлер аң-таң... Сонымен не керек, баламызға Сағындық деп ат қойып, думандатып перзентханадан шығарып алдық. Сағындықтан кейін екі жыл өтпей Қуаныш деген батырды өмірге әкелдім. Қазір екеуі де үйленіп, балалы-шағалы боп кетті. Бес қайынәпкем енемді алтынмен аптады, күміспен қаптады. Марқұм енем өмірден өтерде әлгі алтындардың бәрін қыздарына, менің жеті қызыма теңдей үлестіріп берді. «Маған да бірдеңесін беретін шығар» деп дәмеленіп отыр ем, жетпей қалды. «Апа, маған риза емессіз бе, теберік қылып бір затыңызды бермедіңіз ғой» деп бұртиып қалдым кәдімгідей. «Е, Гүлсімжан, тірі тұрсаң алтынның түр-түрін мына жеті қызың жеткізеді, әлі-ақ тағатын саусақ жетпей отырасың, сенің үлесің қыздарыңа кетті» деп жұбатып еді. Айтқаны айнымай келді, қазір жеті қызым мен екі келінім бар жақсыны сыйлап, қас-қабағыма қарап отыр, шүкір...
Енемнен көрген тәрбие мен тәлімді екі келініме беріп, сыйлы боп өтсем арманым жоқ. Жалпы, еш уақытта келін жаман болмайды, «мен енемді басқарайын, осы үйді билеп-төстейін» деген ниетпен келмейді. Келінді күн ететін де, түн ететін де өзіміз, құрметті енелер! Екі жастың жақсы отбасы боп, жарасымын тауып кетуі біздің жеңісіміз. Сондықтан келінмен бақталас болудан, оларды сынап-мінеуден аулақ болайық!