Күйеуге тиген қызды «бағы ашылды» десек, некесіз бала туған әйелге не дейміз?

Oinet.kz 16-04-2024 2452

Палатада үшеуміз. Қауыннан уланып түстім. Қасымда тағы жүкті келіншек бар. Үш қызы, күйеуі күнде тамақ әкеледі. Инфекциялық ауруханаға тамақ кіргізбейді, сонда да ұрланып, терезе арқылы береді. Терезе де тормен жабулы, бірақ пысық келіншек оның да ебін тауып, отверткамен шегені босатып, терезенің торын ашатын етіп алған!

Screenshot_14.jpg

Күнде үйдің тамағын жейді, сорпа, лапша, картоп т.б.

Әдемі келген келіншектің жасы отыздарда. Өзбекстаннан Қазақстанға келген қазақ екен. Күйеуі өзбек. Түрі қазақ демесең, бүкіл әрекеті, менталитеті өзбекше. Үстіндегі халаты да)

Алғашында сыр білдірмей, 3-4 күн бақытты әйелдің рөлін "сомдады". Күйеуін көргенде, кішкене ішімді тартып қалдым: жасы үлкен сияқты, қайыс қара, әбіржіңкі, жүзі солғын, тым жүдеу киінген, көзінде мұң.

Ал қыздары тым пысық, сүйкімді - анасына тартқан. Ойнақшып, терезеден бірдеңелерді айтып, анасын "воздушно" сүйіп, тырқылдай күліп тұрады.

Ақыры сұрадым: "Күйеуің сенен көп үлкен бе? Неге өзбекке тидің?"

"Ой, менің басымда қазір нелер өтіп жатқанына білмейсіз ғой..." - деп ауыр күрсінді әдемі келіншек.

- Мені қайын жұртым жек көреді, баласын менен қызғанады. Мені ажыратқысы келеді, тіпті қазір мені үш қызыммен далаға қуып, баласына өзбек қыз әперуге дайын бұлар. Бірақ күйеуім мені қатты сүйеді, қимайды, менен айырылғысы келмейді. Бір шетінен анасына да қарсы келе алмайды. Жалғыз ұл ғой...- деп көзі мөлтілдей бастады.

*

Сәлима Өзбекстанда туып өскен, үйінің еркесі екен. Апалары өзбек дәстүрімен ерте күйеуге тиіп, үйлі-жайлы болып кеткен. Сол жерде жүріп, кафеде даяшы болып істейді. Себебі анасы ауру, әкесі бірер жыл бұрын қаза болған, отбасына көмек қажет. Қазақстаннан барған өзбек жігітінің көзі Сәлимаға түседі. Өзбек екен деп ойлайды. 16 жасар Сәлима ересек көрінеді. Аққұба әдемі балмұздақтай қызға есі кете ғашық болған өзбек жігіт жайлап қырындауды бастайды, көйлек, тәтті-пәтті әпереді, жол пұлын төлейді. Әкелік қамқорлық көрсете бастайды. Өзбек жігіті ол кезде 30 жаста екен. Өзінен екі есе жас қыздың шынайы жасын білгенде, күтуді жөн көреді. Осынша қамқорлықты күтпеген жас қыз жігіттің түр-тұлғасы ұнамаса да, басы айналып, оған бауыр басып қалады. Содан жігіт ата-анасына үйленетіні туралы айтады. Анасы "қазақ қыз, жетім, кедей, болмайды" деп үзілді-кесілді қарсы болады. Ал жігіт қызды қимайды. Қыздың тұрмысы оңала бастағандықтан, жігітті тірек санап, одан айырылғысы келмейді. Оның үстіне егер оған тисе, Қазақстан азаматтығын алу мүмкіндігі де бар. Мына ауру анасын кейін көшіріп алмақ. Ал қазір Қазақстанға көшіп кету мүмкіндігі жоқ. 

Анасының қатты қарсылығына тап болғанын күтпеген жігіт Сәлимаға "бірге тұрайық, бала сүйейік, сосын анам амал жоқ көнеді"  дейді. Сөйтіп, 17-ден енді асқанда, Сәлима қызды болады. Қызы екі жасқа келгенше, жігіттің анасына айтпайды. Ал жігіт пәтер жалдап, Сәлиманы Қазақстанға әкеледі. Бір күні жігіт анасына қызын көрсетпек болады. Белді бекем буып, Сәлиманы үйіне әкеледі. Анасы долданады, қарғайды, әпкелері де ұрсады. Ақыры басылады. 19 жасар Сәлиманың өзге босағадағы келіндік өмірі басталады...

Жатса-тұрса ұрыс, кемсіту, жеку. Бәріне шыдайды. Сөйтіп жүріп екіншісін көтереді. Күні бойы отымен кіріп, күлімен шығып жүрсе де, жақпайды. Түнде өксіп жылай, күйеуіне мұңын шағады. Күйеуі "шыда, жаным, шыдамен" басады. Тек күйеуінің шексіз махаббаты мен аялы алақаны Сәлиманы қолды бір сілтеп кетіп қалудан сақтайды. Тіпті кезекті бір ұрыста өз-өзіме қол жұмсай жаздадым дейді.

Содан түсік тастайды. Оған өзін кінәлі сезінген енесі кішкене басылады. Себебі ұлының қатты уайымдап, ас ішпей қойғанын көреді. Көреді де, ұлының Сәлима десе, өліп кете жаздайтынын мойындайды. 

Ұлымды дуалаған мына қазақ қыз деп, енесі қыздарымен қосылып, талай емші-тәуіпке барады, ұлын дуадан аластатады. Ұлын ажырату үшін небір балгердің әртүрлі нәрселерін үйіне іліп тастайды. Тіпті жуыну үшін қайнатқан суына дейін жоқ болып кете береді. Кейде көйлектерінен көптеген қышытпа тікенектер тауып алады. Небір қиын кезеңді бастан өткізеді...

Сәлиманың көңілділігі мен елгезектігі, жоқтан бар жасайтын іскерлігі, қиындықтан мойымайтындығы енесін жеңеді. Күніне үш рет дәмді ас пісіріп, жоқтан бар жасап, үнемі дастарханды жайнатып ұстайтын Сәлимаға көршілері мен туыстары да дән риза еді. Енесі де "кейін шегінеді".

Тұрмыстың қым-қуыт тірлігімен жүріп, өзінің қатты есейгенін, үш қыздың анасы болғанын да байқамай қалады. Күйеуі жақсы бизнес бастап, тасы өрге домалай бастайды. Дәл сол тұста енесі тағы қиқу шығарады "мына бәлеге жеке үй әпер де, ажырас, өлмейді, қыздары есейді, өзбек қызын ал, мен қашанғы жүрер дейсің, мына жалғанда жалғыз ұлыма өзбек қызының бұйырмағаны ма?" деп.

Ұлы қатты кейіп, 2-3 күн жоғалып кетеді. Содан келе сала Сәлимаға "бол, тез жинал, көшесің, анамнан бөлек тұрасың, ал мен шетелге кетемін, енді үйленбеймін ешқашан, анама да, сендерге де ақша жіберіп тұрамын, уайымдама, шетелден хабарласып тұрамын, мүмкін он-он бес жылдан кейін көрісерміз, анам сені қабылдай алмайды, сені де қинағым келмейді, осындай шешім қабылдадым" дейді.

Анасы аң-таң, Сәлима да аң-таң. 

Анасы "кетпеші, кетпе" деп, өкіре ұлына жармасады. Ал Сәлима суық қана: "Жарайды, сенсіз де өмір сүрерміз, бірақ мына кәрі анаңды қайтпексің? Кім қарайды оған? Күтуші де жағдайын дұрыс жасамайтыны белгілі ғой. Сен кете бер, мүмкін өзбек әйел аларсың сонда, ал менің ақ босағам осы, балаларым осында өмірге келді, апасын жақсы көреді, қалай айырам көз ашқалы көрген апаларынан?' - дейді.

Хооош, сөйтсе күйеуінің анасын тәубасына келтіру үшін ойлап тапқан айласы екен. Алайда Сәлиманың бұлай айтатынын шын күтпесе керек. Ары қарай тату-тәтті өмірін жалғастыра береді.

Келінінің мынадай жағдайда айтқан сөздері жүрегіне жаққан қария іштей көңілденіп қалады. Сонда да өзбек келін алсам деген арманы бой бермейді.

Төртіншісін көтерген кезде, күйеуінің бизнесі құлдырай бастайды. Жолдастары алдап кетіп, жерге отырады. Салған ақшалары күйіп, оны жабу үшін банктен қарыз алып, әбден титықтайды. 

Сәлима жүкті екеніне қарамастан, саудаға шығады. Ауыр ала дорбаларды көтереді. Біраз септесіп, күйеуінің кредитінің бір бөлігін жабады. Күйеуі мынадай жағдайдағы әйеліне салмақ салғанына ұялып, өз-өзінен желіне бастайды. Енді-енді есін жия бастағанда, енесі Сәлиманың тағы да қызды болатынын біліп, ұлына ұрпақ жалғастырар ұл сыйлар әйел ал деп, тағы миын жейді.

*

- Енді міне, жатысым мынау. Айым-күнім жақындағанда, іштегі қызымның енеме керек болмай, қарбыздан уланып. Мүмкін енемнің қарғысы мен қаламауы осы қызымды үзіп түсірер, білмеймін, - деді мұңая.

- Сендерде той болмағаны белгілі, ал енді ырымын жасап, ең болмағанда, басыңа ақ орамал жапты ма? - деп сұрадым.

- Жоооқ, қайдағы? Тіпті ЗАГС жоқ...

- Ал неке ше?

- Қидырмадық...

- Масқара! Сонда 15 жылдан бері некесіз тұрып жатсыңдар ма? Некесіз баланың ауырлығы ата-анаға түседі. Жас емессіңдер, мешітке екеуің ғана барып, неке қидырсаңдар кім кедергі? Мұсылмандар емессіңдер ме?

- Шынында ойламаппыз.

- Сен бара сала некеңді қидыр, бұлай болмайды. Мүмкін сонда мына қиындықтар басылар. Қанша ғашық болсаңдар да, неке деген қасиетті нәрсе бар. Сонда бүкіл балаң некесіз ғой, ертең жолы байланса, некесіздіктің салдары болуы мүмкін... - өзімше ақылымды айтып жатырмын.

- Мақұл, осыдан шыға сала некемді қидырамын, - деді де, дереу күйеуіне телефон соға бастады, - Жаным, біз неке қидырайық, мен ауруханадан шыққан соң, мешітке барайық...

*

Ал, ары қарай сіздер - төреші.

Сәлима күйеуге тиген боп санала ма, тимеген боп санала ма?

Некесіз төрт бала жасады. С@лдақы ма, адал ма?

Күйеуге тиген қызды "бағы ашылды" десек, Сәлима бағы ашылған қыз ба?

Гүлжазира Есбол

Facebook парақшасынан

Мінезді әйел күйеуінің аяғын отыз жыл жуып келіпті
Мені нағашыларымның үйіне жіберген анамды жек көремін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу