Ақжол Қалшабек: «Абай қазақтың көзін ашу үшін дінді де пайдаланды»

Oinet.kz 28-02-2024 553

Ақжол Қалшабек - филология ғылымдарының кандидаты, Абайтанушы, ғалым. 1965 жылы, 30 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жоғарғы Сырлы деген малшы қыстағында дүниеге келген. 1992 жылы Шымкент педагогикалық институтының көркем сурет графика факультетін, 1998 жылы Қ.А.Иасауи атындағы қазақ-түрік университетінің филология факультетін бітірген.

Screenshot_1.jpg

– Ақжол Батырұлы, әңгімемізді әдебиетке, ғылымға, оның ішінде Абайға қалай келгеніңізден бастасақ.

– Негізі кез келген адам өз бойындағы қабілетін, нендей дүниеге бейім екенін өзі сезеді. Ақын «ақын боламын» деп болып кетпейді. Оған ешкім айтпайды және. Дәл сол сияқты, хирург болса да, физик, математик болса да, саясаткер болса да адам өзі жаратылысында бар дүниені сезеді. Бір мәселе, оны кім қай уақытта сезіп, қай уақытта іздене бастайтынында. Себебі, адамның алдында бірнеше бағыт тұруы мүмкін. Түбінде біреуін таңдайды. Менікі де солай. 6-7 сыныбымда өлең жазып, мақала жазып, сурет салатынмын. Ол кезде маған жол көрсететін де адам болмапты. Апта салып, ай салып почтадан газеттер келіп тұратын. Оның ішінде «Қазақстан пионері» газеті, «Пионер» журналы болатын. Өте мықты газет-журнал еді және. Ол газет-журнал журналистерінің бүкіл Қазақстанның балаларымен байланысы күшті болатын. Біздің жолдаған өлең, мақалаларымыз не жарияланатын, немесе жарияланбайтын болса, еңбегімізді талдап отырып, неге шықпайтынын түсіндіріп жауапхат келетін. Сонан соң қызығушылығың тіптен арта түседі. Себебі, үлкен қалалардың редакциясынан хаттар келуі, едәуір мотивация беретін. Жаза алады екенмін деп, ақын болуды, жазушы болуды армандадым. Бірақ, түптің түбінде менде ақындық жоқ екені, өзімді қинап өлең жазып жүргенімді түсініп, өлең жазуымды доғардым. Бірақ, әйтеуір бойымда бір жазуға деген қабілет бар екенін сеземін. Бәлкім журналист боларым, бәлкім жазушы боларым, бәлкім ғылым саласына кетерім белгісіз еді.

Өз жолымды бірден таптым дей алмаймын. Бұл жолға келгенше біраз сынақтардан, кедергілерден өттім. 3 жоғары оқу орнында оқыдым. Бірін бітірдім, бірін бітірмедім. Театр әртісіне де тапсырып көрдім. Режиссер де болғым келді. Әскерге барып келдім. Суреттің де оқуын оқыдым. Оқуын бітірген кезде өмірлік айналысатын нәрсем емес екенін түсініп, оны да тастап кеттім. Қабілетім бар, сурет салудың техникасын меңгердім, өз бетімше шығармашылықпен айналысуыма болар еді. Бірақ, оқуымен бірге, суретке деген құштарлығым да тәмам болды. Демек, сенің талантыңның, құштарлығыңның болуы да кейде ештеңе шешпейді. Талантың бар екен, өмір бойы сол іспен айналысасың деген сөз емес ол. Ең соңында, әдеби мақала, пікірлер жазуға құштарлығым үстем түсіп, түбі әдебиеттануға келуім керек екенін түсіндім. Яғни, сурет өнерінен сөз өнерін жоғары қойдым. Сөз өнері маңыздырақ, жан-жақтылау болып көрінді. Шын мәнінде солай екен, қазір көзім жетті. Қазақ та «өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтпайды. Тіл деген – өте үлкен құрал. Біз әдебиет теориясында айтатын бес өнер бар ғой. Оның бесеуі де жақсы. Бірақ, сөз өнерінің бәсі жоғары. Оған дәлел – қасиетті Құран кітаптың өзі сөзбен түсті ғой. Құранның мән-мағынасының маңызын бәрі біледі ғой. Оның формасының өзі қайталанбайтын форма. Оны адам баласы жаза алмайтынын араб ақындары мойындаған. Ол не проза емес, не поэзия емес. Ерекше стиль. Кейбір ақындар сондықтан да исламға келген. Себебі олар, Құранның стилін түсінген. Арабтардың поэзия деңгейі өте жоғары болған ғой. 

Бір түсінгенім, қияли өмірден бір сәт бас көтерген кезде, реалды өмірдің өзі адамға жәрдем береді екен. Былайша айтқанда бидайдың кебегі кетіп, дәні қалу керек қой. Сол дәнді табуға өмірдің өзі жәрдем береді. Өмір – бізге иіліп төсек бола қоймайды. Біздің қалауымыз бойынша жүзеге аса бермейді өмір деген. «Менің өмірім» дейміз ғой. Бірақ сол өмір сенің айтқаныңмен жүре бермейді. Керісінше, кейде біз оның әміріне бағынуға мәжбүр боламыз. Өмір – үнемі сенің қиялыңмен астаса бермейді екен. 

Осылайша әдебиетке келдім жалпы. Кейін нақты айналысу үшін оқу керек екенін, уақытша қызығушылық, алдамшы сезім емес екенін түсініп, филологияға түсіп, оқып шықтым. 

– Сіздің бірегей ғалым, Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті екеніңізді білеміз. Ол кісімен қалай танысқаныңыз жайлы, ол кісіге шәкірт болудың қандай екенін айтып берсеңіз.  

– Әдебиеттің оқуын бітіргеніммен, нақты ғылыммен айналысу үшін диссертация қорғауым керек екені түсінікті ғой. Ол кездері мен 30-ға келіп қалған едім. Сосын жазудың, ізденудің технологиясын меңгере бастадым, ғылыми мақалалар оқып бастадым. Мықты әдебиеттанушылардың еңбектерін оқыдым. «Қазақ әдебиетіне» жарық көретін сыни мақалаларды да қалт жібермеймін. Теориялық талдаулардың қалай жасалатынын, манерасын, ойын қалай түйіндейтінін қарап жүріп, кәдімгі бір шеберханаға кіріп кеткендей болдым. Солай-солай жазуға біршама дағдыландым. Оны жазуға болады. Бірақ, қорғау үшін ғылымда жол көрсететін бір жетекші керек екен. Ол ғылымның қай басынан кіріп, қай басынан шығатыныңды білмейсің ғой. Сосын жетекші іздедім. Мені демеп жіберетін таныс-тамырым болмады. Үйде де ғылыммен айналысқан адам болмады. Сосын бір күні Мекемтас Мырзахметұлымен жолығамын деп шештім. Неге ол кісі? Себебі, ол кісінің еңбектерімен, өмірбаянымен жақсы таныспын. Теледидардан қалай сөйлейтінін көріп жүрдім. Сосын бір көрсетсе осы кісі жол көрсетеді, осы кісі – адал кісі, нағыз ғалым деді ішкі түйсігім. Ол кісіні табудың өзі оңай шаруа емес, қазіргідей интернет, байланыстар жоқ ол кезде. Іздеп жүріп, жақында ғана Алматыдан Түркістанға келгенін білдім. Қазақ-түрік университеті ашылып, сол жерге ғалым деп шақыртылып, сонда тұрып жатқан кездері ғой. Оол кісінің алдына құр сөз, құр қол бармайын деп, өзімнің біраздан ізденіп, жазып жүрген Асқар Сүлейменов жайлы еңбегімді алдына алып бардым. Ол кісі мені жақсы қабылдады. Шынында да, мен ойлағандай, тіпті, мен ойлағаннан да асып кетті. Біріншіден, өте қарапайым екен. Ұлттың адамы ғой ол кісі. Ешкімді жатырқамайды екен. Мені де өте жылы қабылдады. Сосын еңбегімді алдына ұсынып отырып: «Мұның нақты қандай еңбек екенін білмеймін. Осының бағасын өзіңіз берсеңіз деп келдім. Осы жазғанымнан бірдеңе шығады десеңіз, маған бағыт беріңіз, мен айналысайын. Егер, жазғанымнан ғылыми ештеңе таба алмасаңыз, мен қоя салайын. Сіз не айтсаңыз солай болады», дедім. Ол кісі: «Мен мұны оқып шығайын. Бір айдан кейін  кел», деді. Сосын жұмысымды тастап кеттім. Бірақ іштей 100 бетке жуық шатпағымды оқып отыратынына күмәнданып кеттім. Айтқан бір ай өткен соң алдына барғанымда, бір-ақ сөз айтты ол кісі. «Мына жазғаныңда бірдеңе бар екен», деді. Маған да керегі сол сөз еді. Егер ештеңе жоқ екен десе, шын мәнісінде қолымды бір сілтеп кетер едім. Содан басталды біздің таныстығымыз.

Қазір 20 жылдан асты. Мекемтас Мырзахметұлы – менің ұстазым. Ұстазымды өте жоғары бағалаймын. Ол – бүкіл түркі жұртына танымал ғалым. Оның қасиеттерін айтып тауысу қиын. Әдебиеттанушы, Абайтанушы деп танығанымызбен, ол кісі өте жан жақты. Мен ол кісінің бір конференцияда айтқан баяндамасын, көтерген мәселесін, келесі жиында қайталамайтынына таңғаламын. Мүлде біз білмейтін тақырыптарды көтеріп тұратын. Сосын айран-асыр болып қалатынбыз. Бір ғалымдар бір мақаласын бүкіл жиында қайталап оқи береді ғой. Сөйтсем, тынымсыз ізденеді екен. Бір жерде тұрмайды. Және ол кісінің бір рет дауыс көтеріп сөйлегенін көрмеппіз. Бірге жұмыс істеп, қызметтес болып, сол кісінің ұстаздық етуімен мен еңбегімді қорғадым. 

– Енді өзіңіз Абайтанушы болғандықтан, қояр сұрағым орынсыз болмас. Осы ел арасында, Құнанбайдың қажылыққа барып келуін, қатал қазылығын теріс ағымдарға теліп жүргендер бар. Ол Абайдың шығармаларында да бой көрсететінін айтады. Жалпы Абайдың діни сенімінде шиілік бар ма?

– Абайдың діни наным-сенімі шығармаларынан тануға, қорытынды шығаруға болады. Ол айтса «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашан да жалған болмас» дейді. 

Біріншіден, біз Абайдың теолог емес екенін ескеруіміз керек. Ол дін ғылымының теологиясымен, практикасымен, фиқһ, ахидаларымен арнайы айналыспаған. Бірақ ол жан-жақты болған. Сондықтан, Абайдың жазғандары таза діни шығармалар емес. Соның ішіндегі ең атақтысы біздің 5 жылға жуық айналысып жүрген «Китаб-тасдиқ» шығармасы. Бұл жерде дін мәселесі көп айтылатыны рас. Бірақ, ол таза діни шығарма емес. Эссе тәрізді ғылыми трактат. Оның ішінде өзін толғандырған дін мәселелерін қозғайды. Еркін формада. Мұны неге діни шығарма емес деймін? Себебі, діни еңбектердің өзінің формасы, шарттары, жанры болады. Бұл үлкен мәселе.

Екіншіден, Абайдың өзіне келсек. Ол тұлға ретінде, ойшыл ретінде, өзінің шамасы жеткенше сол заман тұрғысынан толғана білген. Ойшыл адам болған соң бәрін білгісі келген, бәрінің жауабын тапқысы келген. Өзі де айтады ғой «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп. Сосын жоғарыда айтқан «Китаб-тасдик» шығармасында, Алланы тану, дүниені тану, өзін-өзін тану дейтін үш мәселені қозғайды. Бұл ең үлкен тақырыптар негізі. Діннің де айтып беретіні осы үш нәрсе. Осы үш нәрсеге өзінше, еркін формада жауап жазған. Бұдан бөлек, Абайды сол кездегі бүкіл діни, теологиялық еңбектерді оқып шықты деп айту қиын. Өйткені, ондай дерек жоқ. Өзінің шамасы жеткенше жазған. Кей тұстарында қате ойлар болуы мүмкін, бір ойлары дұрыс болуы мүмкін. Кез келген мәселе сияқты, дінде де мәселе көп. Кей жерлері қате болып жатса – ол кез келген адамға тән нәрсе. Адамның қателесуі – заңды нәрсе. 

Бірақ, Абай тұтас бір теріс ағымды алып келіп халықты адастырып жіберді деген де дерек жоқ. Керісінше, қазақтың көзін ашқан ойшыл ол. Ол үшін дінді де пайдаланғаны рас. Діни талдаулары өте мықты, өте терең. Оның діни ойлары толық талданған жоқ әлі. Оны талдауға біздің әлі біліміміз жетпей жатыр. Біз әлі үлгере алмай жатырмыз. Бірақ, сөйтіп жүріп Абайға баға беріп жатырмыз. Біз әуелі Абайдың оқыған, тоқыған нәрселеріне жетіп, түсініп алуымыз керек. Қазір оған баға беру асығыстық болады. Ол діннен де, ғылымнан да хабары жоқ адамдардың ұшқары пікірі деп ойлаймын. Егер, рас болса, талдап, арнайы монография шығарсын Абайдың діни сенімі туралы. Шәкіртім Әзімхан Исабекпен бірге шығарған «Китаб-тасдиқ» кітабының өзі толық талданған жоқ. Ал, біз қазіргі таңда Абайдың текстологиясын зерттеп жатырмыз. Оған ешкім тапсырма берген жоқ. Шын ықыласымызбен кірістік. Шын ғылыми жұмыстар тапсырмамен жазылмайды. 

Дүниеде ғалымдардың, өнер адамдарының үлкен мәселесі – тақырып табу. Небір ақын-жазушылар өтті ғой. Кейде біздің әдебиеттанушылар әлдекімдер туралы «мықты ақын еді, тақырыбын таппай кетті» деп айтып жатады. Ал, өзінің нақты тақырыбын тапқан адам – бақытты адам. Үлкен жетістіктерге жетеді ол. Ол да оңай нәрсе емес. Адамның қолында болмауы да мүмкін. 

Абай өзінің бүкіл білген-түйгенін жұмсайтын тақырыбын тапқан, соны жаза алған, өлмес мұра қалдырған бақытта тұлға. Ғалым ретінде, ақын ретінде, ойшыл ретінде. 

– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ғылымға тиісті деңгейде көңіл бөлініп жатыр ма?

– Өздеріңіз де білесіздер, қоғам бір орында тұрмайды. Қазір қоғамда жаңа бір серпілістер, өзгерістер болып жатыр. Саясатқа жаңа адамдар келіп жатыр. Проблеманы өтпей тұрып, санаулы адамдар біледі. Өткеннен кейін екінің бірі біледі. Қазір екінің бірі өткеннің кемшілігін жіпке тізіп айтып береді. Ал оны әуел бастан көретіндер некен саяқ болады. Саяси аренаға жаңадан келгендердің сөзіне сенсек, ғылымға көптеп көңіл бөлінетін көрінеді. Көптеп қаржы бөлінетінін және айтты. Бірақ, қаражат бөлінді деген сөз, ғылым дамып кетеді дегенді білдірмейді. Өйткені басқа факторлар әсер етуі мүмкін. Ол қаражат нағыз мамандардың, нағыз ғылымға жаны ашитын адамдардың қолына тиюі керек. Сондықтан, кейінгісі ақша бөлгеннен де қиын процесс. Осы дүниелер тоғысанда ғана үлкен нәтижелер болады. Екеуі екі жаққа кетіп жатса екіталай. 

– Қазақстанның оқу жүйесінде ала-құлалық бар. Мысалы, мемлекеттік оқу орындары мен жекеменшік оқу ордаларының деңгейі бөлек. Ал, Назарбаев университетінікі тіптен бөлек. Сондықтан да, әр оқу орнындағы студенттердің де білім деңгейі әрқалай. Жалпы, мемлекеттік оқу жүйесінде әралуандылық болғаны қаншалықты дұрыс?

– Оқу орындарынның ұйымдастырылу, құрылымы жағы әртүрлі болғаны дұрыс-ақ. Ол дамуға да әсер ететін шығар. Белгілі бір еркіндіктер болуы керек. Бірақ, негізі іргетасында бәріне ортақ бір дүние, құндылықтар болуы керек. Ол біздің елімізге, жерімізге қатысты айқындық. Ал, басқа жағынан еркіндік берілсе, ол дұрыс. Бірақ, біздің ұлттық, дәстүрлік құндылықтарымызға қайшы әрекеттер болмау керек еш оқу орнында. 

– Сұқбатымызды сіздің көңіліңізге кірбің, жүрегіңізге жүк түсіріп жүрген қоғамның көлеңкелі тұстарымен қорытындыласақ.

– Қоғамда қылмыстың, зорлық-зомбылықтың, өз орнын таба алмаған азаматтардың көп болуы бәрі-бәрі жүректі ауыртады. Осы қоғамның азаматы болған соң қоғамдағы әрбір үлкенді-кішілі оқиғалардың бәрін қарап отырамын. Өзімше сараптаймын. Оның бәрін қараған соң, қалай болғанда да маған өзінше әсер етеді. Қатты әсер еткен оқиғалар туралы ойымды, толғанысымды міндетті түрде қағазға түсіріп отырамын. Бірақ, оның бәрін жариялай бермеймін. Ол әзірге ішкі қажеттілік. Бәлкім кейінірек жарияланар. 

Соңғы «Қаңтар оқиғасы» әлі күнге дейін біздің жанымызды ауыртады. Ол да біздің ішкі мәселелердің ушығып кеткенінің, шешімін таба алмағанының дәлелі. Бірақ, мен оны бір керемет дүние болды демеймін. Ол қазақ қоғамы үшін – үлкен трагедия. Бізде негізгі мәселелер бұлай шешілмеуі тиіс еді. «Қаңтар оқиғасы» – бәрімізге үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Ендігі мұндай трагедияны қайталамаудың, адам өліміне душар болмаудың жолын іздестіру керек. Әрине, қазір барлық мәселе ушығып тұрғанын түсінемін. 

Осы қоғамның бір бөлшегі болған соң, мен де өзімді қоғамнан бөліп қарай алмаймын. Біз – бір кемедеміз. Ортаң бақытты болмай, жеке адамның да бақытты болмайтынын түсіндім. Қара бастың қамын қанша күйттесең де, қоғам реттелмей, біз де бақытты бола қоймаймыз. Жеке бақытты болу қиын. Сол үшін әр адам қолынан келгенше қоғамға, елге қызмет ету керек. Сіздердің де жұмыстарыңыз қоғамдық жұмыс. Егер менің сөзімде тамшыдай дұрыс пікір болса, сол ойды сіздер арқылы мен де көпшілікке жеткіземін. 

Әңгімелескен Сезім Мергенбай

Мен сияқты бұзылған қызды алған жігітке алғысым шексіз
Жездем әпкемді өз үйінен қуып шығыпты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу