Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Ата-анам 8 жасымда жол апатынан қаза болып, кішкентайымнан анамның туған әпкесінің қолында өстім. Тәтем мені үлде мен бүлдеге орап, аялап өсірді. Ешқашан аманатқа қиянат жасамаған, ары да жаны да таза, дара жан. Сол үшін ол кісіге өмір бойы қарыздар болып өтетінімді білемін.
Мектепті бітірген соң, өз күшіммен Алматыға оқуға түстім. Бірінші курста оқып жүргенде Бағдәулет есімді жігітпен танысып, араласып жүрдім. Басында оның ұсынысын қабылдай алмай, тек дос ретінде сырласып жүрдім. Ол өзінің маған деген қарым-қатынасы арқылы менің жүрегімді жаулап алды. Айтқанымды екі етпей, барынша көңілімді табуға тырысатын. Мен оның мінезіне, жүрегінің кеңдігіне тәнті болдым. Сөйтіп жүргенде оған қалай ғашық болып қалғанымды түсінбей қалдым. Көп ұзамай жігітім маған сөз салып, анасымен де таныстырды. Анасы өте жақсы, кең пейілді, жұмсақ мінезді жан болып көрінді. Бізге батасын беріп, тойдың қамына қуана-қуана кірісіп кетті. Жігітім отбасындағы жалғыз бала, сонымен қатар әкесі өмірден ерте озған екен. Бала күнінен анасына масыл болмай, еңбек етіп, баршылыққа тырмысқан.
Тойды аман-есен атқарып, қонақтарды шығарып салғанымыз сол-ақ еді, енемді біреу алмастырып кеткендей, аузына келгенді айтып, мені балағаттайтынды шығарды. Мен өзім өте байсалды жанмын. Өмірімде біреумен бақталасып, жаға жыртысып, жанжалдасып көрген емеспін. Оның үстіне сүйгенімнің анасы болғандықтан, ол кісіге бір де бір рет аузымды ашып, дауыс көтермедім. Барлығына осы күнге дейін шыдап келемін. Ең қызығы, күйеуім үйде жоқ кезде «Сен жетімсің! Сенің туыстарыңнан пайда жоқ. Өңшең келімсектер. Қайыршы!» деп ашшы тілімен сабап алады. Ал, күйеуім үйге келгенде, мені аяқ асты «Алтыным, күнім-айым, қызым» деп еркелете қояды. Ұлына сыр білдіргісі келмейді. Себебі, күйеуімнің мені қатты сүйетінін біледі.
Кейде Бағдәулетке жылап, бар шындықты айтсам, «Өтірік айтуға ұялмайсың ба? Қарияға кінә тақпа! Анам сені менен де қатты жақсы көреді. Ал сенің айтып отырғаның мынау», – деп менен көңілі қалғанын жасырмайды. Осылай күндер жалғаса берді. Өзім үйленгенге дейін Алматыдағы белді компаниялардың бірінде қызмет атқардым. Келіндік міндетімді де қатар алып жүруге тырысатынмын. Бірақ уақыт өте келе енем күйеуім екеуіміздің арамызға от сала бастады. Табысым күйеуімдікінен әлдеқайда көп болған соң, жалақы алатын картамды да тартып алды. Менің не болса да көнетініме үйреніп қалған. Көп ұзамай ұрып-соғатын өнерін де шығарды. Ол туралы Бағдәулетке айтудың мәні жоқ екенін түсіндім. Ол бәрібір маған емес, анасына сенеді. Мен оны жақсы көргендіктен, бізді ойлап мұңайғанын қаламаймын. Дегенмен, анасының әрекеттері шектен шықты. Бірде, үйге шаршап келген Бағдәулетті кіре берісте ұстап тұрып: «Қатының бар тапқанына боянып-сыланып, біреудің ашынасы болып жүр. Үйге кеш келеді, еркектер үйге дейін көлікпен әкеліп тастайды» деп өтірікті судай сапырды. Сондағы менің таң қалғаным сонша…жағамды ұстап, айтарға сөз таппай қалдым. Мұндай сөздер ойлап тапқанына қарағанда бұл салада біраз тәжірибесі бар адам шығар деп ойладым.
Маған дейін қаншама адамға қастық жасады екен? Мен Бағдәулетпен сөйлесіп, ондай ештеңенің жоғын айтып, түсіндіре алмадым. Анасы: «Сені балама ұрпақ сыйлайтын аяулы жар, ибалы келін болады десем, сенің жүрісің мынау! Иттігіңді енді көтеретін жайым жоқ», – деп мені үйден қуып шықты. Ал, Бағдәулет анасының сөзіне сеніп, менің бетіме бір қараған да жоқ. Қазір әпкемнің үйіне қайта келдім. Күнә болса да, кейде, баламыз болмағаны қандай жақсы деп ойлап қоямын. Баламның әжесі мұндай қазымыр адам бола алмайды. Дегенмен, Бағдәулет менің жұмыстастарыммен сөйлесіп, бар шындықты біліп, енді үйіме келгіштеп жүр. Анасының сөзіне ергеніне өкінеді екен. Кешірім сұрап, үйге қайтуымды өтінеді. Менің одан көңілім қалды. Шаңырағымды шайқалтқан анасын да енді көргім келмейді. Дәл қазіргі жағдайды ойласам, қандай шешім қабылдарымды білмеймін.