Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Құрметті ата-аналар, сіздермен басымнан өткен бір оқиғамен бөліскім келіп отыр. Мүмкін біреуге болсын, пайдасы тиіп қалар. Біз отбасымызбен демалысқа шыққанбыз Дубайға. Әуежайға да келіп жеттік. Балаларымыз мәз, көңіл күйіміз өте жақсы, залда келе жатқанбыз. Адам өте көп.
Кенеттен «Сабит аға» деген дауыс естілді. Дауыс шыққан жаққа қарасам, еңгезердей жігіт құшағын жая ұмтылып келеді. Мен де оған қарай бұрылдым, бір танысым шығар деп. Даусы өте таныс. Келе сала, «Мен ғой, ағай» деп бас салды. Көзәйнегін шешкен кезде ғана таныдым. «Ой, Ермек, қайдан жүрсің?» - дедім таңырқай қарап. Оның қуанышында шек жоқ. «Сізді кейде ойлайтынмын қайда жүр екен деп. Кім ойлаған осында кездесеміз деп» деген сөздерін төпетіп, қуанышын білдіріп жатыр.
Келін бала да келіп, «Аға, қалыңыз қалай?» деп амандасып, екі отбасы да бұрыннан таныс жандардай, әмпей-жәмпей болып, бір шуласып алдық.
Ермек «Аға, жүріңіздер, бір жерден шай ішейік. Отбасыларымызбен де жақынырақ танысайық» - деп бастап кетті. Өзара келісіп, ыңғайлы жерді таңдап, тапсырысымызды беріп отырдық. Бала-шағамызды таныстырып, мәз-мейрам болып қалдық.
Жөн сұраса келе, Ермек екі ұлын осы жаққа жарысқа алып келген екен. Жарыс аяқталған соң кері қайтып бара жатыр. Біздің арамызда бар-жоғы бір сағаттай ғана уақыт бар екен.
Жөн сұрасып, бір-бірімізбен енді елімізде кездесетін болып келістік. Ермек кетерде менің жұбайыма «Жеңгей, міне, өзіңіз көргендей, біздің отбасы болып кетуімізге Сабит ағайдың септігі тиді. Өзіңізге айта жатар» — деп, келін бала екеуі ризашылық білдірді.
Сонымен қош айтысып, олар елге, біз демалысқа жүріп кеттік. Жолда келе жатып жұбайым «Өте жақсы отбасы екен, сенің қандай септігің тиді?» — деп сұрады.
Мен өткенді еске алдым. Ол кезде албырт жас болатынбыз. Достарымызбен шығыс жекпе-жегін меңгеруге жаттығуға баратынбыз. Екі-үш жылдың көлемінде әжептеуір меңгеріп те алдық. Бір күні бапкеріміз досым екеумізді шақырып алып, «Біз клубты кеңейтуіміз керек. Сендерді арнайы тренерлік дайындықтан өткіземіз, содан соң арнайы куәлік табыстаймыз. Қай жерде жұмыс бастайтындарыңызды айтамыз» — деді.
Арнайы дайындықтан өткен соң біздің тренерлік жұмысымыз «Горный гигант» ықшамауданының бір мектебінде болатын болды. Хабарландыру жапсырып, тренерлік жұмысты досым екеуміз бастап кеттік.
Балалар жинау ол кезде еш қиындық туғызбайтын. Алғашқылардың бірі болып осы Ермек келді. Бойшаң, аққұба келген, қаланың баласы екені жүріс-тұрысынан білініп тұратын. Өте еңбекқор, айтқаныңды тез ұғып алады, икемі де жақсы.
Бір жылдың көлеміндей уақыт өтті. Клубтастар арасында жарыс өткізіп, сол жарыста біздің клуб бірінші орынға ие болдық. Соның ішінде Ермек те бар еді чемпиондар қатарында.
Біз әр баланы бақылап отырамыз. Әрқайсысына жеке тапсырма беретінбіз. Кейінгі кезде Ермектің мазасы болмай жүргенін байқадым, бұрынғыдай құштарлық та көрінбейді бойынан. Жаттығудан соң Ермекті шақырып, неге мазасы болмай жүргенін сұрадым. Ол қызарақтап, «Ағай, менде үлкен проблема болып тұр. Не істерімді білмеймін» — деді.
«Мүмкін, менің бір көмегім тиер, айта ғой» — дедім.
Ол кездесіп жүрген қызының жүкті болып қалғанын айтты. Мен «Көңіл білдіріп, жанына жақындағаныңа қарағанда жақсы қыз болар, енді үйленбейсің бе?» — деп едім.
— Ағай, мамамның алдынан өтіп, таныстырып едім. Үйленуіме мүлдем қарсы, — деді.
— Сен қыздың жүкті екенін айттың ба? — Айттым, бірақ тыңдар емес.
— Қыз біле ме?
— Шет жағасын сезгендей, бірақ айтқам жоқ, — деді Ермек.
Мен ойланып, келесі жаттығуға қызды алып келуін сұрадым. Ермек ала келетін болды. Іштей ойландым, мүмкін қыздың мінезі біртүрлі ме, әлде бір тұсы ұнамай қалған шығар, не болса да көрейін деп шештім.
Келіскендей, Ермек қызын алып келді. Мен балаларға тапсырма беріп, олармен танысуға шықтым. Ермек мені ағайым деп таныстырды. Қыз өте ұялшақ, келбетті, қараторы келген. Ұзынағаш жақтың қызы екен. Тіл мамандығының соңғы курсында оқып жүр екен. Ата-анасы бар, жақсы отбасынан екені көрініп тұр. Ермекке «қызыңды шығарып салып кел» дедім.
Жаттығу аяқтала Ермек те келді.
— Не істейміз, ағай? — деді.
Мен:
— Әкеңмен сөйлесіп көрейік, — деп едім.
— Әкемнің басқа отбасы бар, ол басқа қалада тұрады, бізбен мүлдем хабарласпайды, — деді.
— Онда тәуекел, анаңмен сөйлесейін. Мүмкін, бір жақсылық болар, бәрі Жаратушымыздың қолында ғой, — дедім.
Ермекпен ертесі залда жолығып, кешке қарай үйіне бірге баратын болдық. Анасы күндіз жұмыста, мектепте қызмет істейді екен.
Ертесі уәделескен уақытта Ермек те келді. Үйлері біз жаттығатын жерден алыс емес екен. Тез-ақ жеттік. Анасы жұмыстан сол мезетте ғана келген екен. Біз амандасып, үйге кірдік. Анасы салқын амандасты, мүмкін қыз жақтан келген шығар деп ойлаған болар.
Анасы бойшаң келген, бір қарағанда сұсты, бірақ мейірімді жан екені көрініп тұр. Жаттығуда жүріп адамдарды толық білмесең де, оларды біршама түсіне бастайсың. Ермектің анасының түбі жақсы адам екенін байқадым. Ермек «Мама, менің тренерім, танысып қойыңыз» — деді.
Анасының бірден қабағы жылып, «Кешіріңіз, жаңа ғана жұмыстан келіп едім. Балам да айтпады сізді алып келетінін. Мен қазір шай қояйын» — деді.
Дастархан әп-сәтте дайын болды. Шайға келдік, ішім уайымға толы. Қалай, неден бастарымды білмей, не ішіп отырғанымды да ұқпадым. Не де болса, әр ана баласын жақсы көреді ғой деп, Ермектен бастадым. Оның өте тәрбиелі, мәдениетті, еңбекқор екенін, жақында өткен жарыста жүлделі орын алғанын, болашағының өте зор екенін айттым. «Осындай бала тәрбиелеген сізге рахмет» деп алғысымды білдіріп жаттым.
Анасы оның кішкентай кезіндегі қылықтарын айтып, көзіне жас алып, қуанышын білдіріп жатты.
Өз анам есіме түсті. Ананың баласына деген махаббатын, мейрімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Аналарымызға арналған қаншама жүректен шыққан ән бар. Шеті мен шегі жоқ, әлі де қаншама ән арналады. Сол секілді балапанын шырылдап қорғаған аналарымыздың да балаларына деген махаббатының шегі мүлдем жоқ.
Ермек сабағын сылтауратып тұрып кетті.
Мен анасына «Сізге бұйымтайым бар еді, өзара ақылдасып шешсек...» — деп едім.
Анасы жылы қабақ танытып, «Айта ғой» деді.
Мен Ермекті жақсы сыйлайтынымды, оның өміріне бейжай қарамайтындығымды айттым.
Өмір болған соң жастықпен әркім қателесетінін айта келе, «Ол да біреудің сіз сияқты аялап өсіріп отырған қызы. Екеуі бір-бірін жақсы көреді екен. Қызбен көзбе-көз таныстым. Тәрбиелі, жақсы қыз екені көрініп тұр жүзінен. Ол қызды жылатқаннан сіздің балаңыз бақытты боларына кім кепіл? Мүмкін бұл сіздерге келіп тұрған бақ шығар? Немереңіз болады, балаңыздың болашағын ойлаңыз», — дедім.
Анасы үнсіз қалды. Бір кезде «Рахмет сізге уайымдап келгеніңізге, бәрі жақсы болады», — деді.
Мен анасымен қоштасып, жүріп кеттім. Ермек артымнан жүгіріп келіп, «Ағай, не болды, бәрі дұрыс па? Анам не деді?» — деп жатыр.
Мен «Бәрі дұрыс болады» деп, анасының жауабын қайталадым.
Жаттығу жүріп жатты, бірақ Ермек жаттығуға келмеді. Бір демалыстан кейін Ермек келді. Жүзі қуанышқа толы, «Ағай, сізді бола ма?» деді. Мен сыртқа шықтым. Бас салып құшақтай кетті. «Ағай, сізге рахмет! Үйленетін болдым!» — деді.
— Бір апта уайым арқалап жүрген едім, бір жеңілдеп қалдым. Олар тойға дайындалатынын айтты. Мен оларға ақ жол тіледім.
Екі-үш айдан кейін Ермек келіп, тойларына шақырды. Мен қалада болмай қалып, қуанышқа ортақтасу бұйырмады. Міне, содан кейін Ермекті көргенім осы, — деп жұбайыма болған оқиғаны айтып бердім.
Ермектің өз болашағы үшін күрескенінің арқасында сүйіктісімен қазір, міне, бақытты өмір сүріп жатыр.
Қаншама жігіт қыз баласын алдап, жүкті қылып тастап қашып кетеді. Қыздың көз жасына қалғандар ешқашан бақытты болмайтынын біле ме екен солар?
Сәбит Шаймұрат