Күйеуім өзінің әріптесін зорлап, 7 жылға сотталып кетті

Oinet.kz 16-09-2023 4089

Сәлем, Ләззәт ханым! Сіздің парақшаңызды оқып қиын тағдырлардың куәсі болдым. Мен зорлық көрмедім бірақ балалық шағым қиын өтті. 10 жасыма дейін өте бақытты болды. Қиындық әкем өмірден кеткеннен кейін басталды.

Screenshot_16.jpg

Әкем жаман ауырумен бір жылдай ауырып қайтыс болды. Анамның да денсаулығы нашар бір күн сау отырса, бір ай төсек тартып жатып қалатын. Өзімнен 3 жас үлкен ағам және бес жас кіші сіңілім болды. Ағам ұл бала болғасын ба, анама бойұсынбай қаңғырып кететін. Бар ауыртпалық маған түсті, сабақ жайына қалды. Үйде азынаулақ мал бар соны бағам, анама қараймын, астынан дәретін алып, жуындырып, сіңіліме қараймын. Туысқандармыз өз бастарымен әбігер болып кетті, ешкім көмектеспеді. Үйде жейтін азық-түлік жоқ. Біреудің 1 жастағы баласын қарадым. Айына 5 мың алып, соған азынаулақ тамақ алып, бір айға жеткіземіз. Жаз бойы поляда істеймін. Анам сол баяғы ауыра береді, дәрі алуға ақшамыз жоқ. Оның үстіне, анам өте жуас жан болды. Біреумен дауласып жатқанын ешқашан көрмегем. Оған қарағанда мен дөрекілеу айтып тастайтын долы болдым. Мүмкін сол да дұрыс шығар дейтінмін. Жаз бойы поляда істеп ақшасына үйге көмір түсірдім. 

Бір күні үйге ерте келсем, анамың ағасы көмірді салып өз үйіне тасып жатқанын көрдім. Үйге кіріп анамнан сұраймын ауырып жатқан "сізден сұрады ма?",- деп. "Жоқ",- деп орынан тұрып жатыр. Сөйтсем ұрлап жүр екен. Менің ашуым келіп "Көмектесеннің орнына, бұныңыз не?",- деп айғай салдым. "Сізді де мама "ағам" деп жүр, бірауыз сұрасаңыз болмай ма?",- деп қолындағы шелекті жұлып алып, жерге төге салдым. Сосын кетіп қалды. Анам маған ұрсып жүр "Ұялмайсың ба?",- деп. Мен жылап жүрмін "Қайта көмектеспей ме?",- деп. Солай күндер өтіп жатты. Қыз баласы болсам да, қай жерде жұмыс бар қашпаймын, мейлі ауыр болса да жасай беремін. Маған анам мен сіңілім аш болмаса болды. Сабаққа бір күн барамын, бір күн бармаймын. Мұғалімдер де біледі көп ұрспайды. Ал ағам толық барып жүрді, бірақ дұрыс оқымады, көп қаңғырып үйге тұрмай кетті

Солай оқуды аяқтап ағам қалаға кетті, мен анам мен сіңілімді қарайлап ауылда қалдым. Киім тігуді үйрендім. Ауылымызда қазақи киім тігетін цех болған соған жұмысқа кірдім. Ол кезде 17 жаста едім. Екі жыл жұмыс істедім, жағдайымыз кішкене жақсарды. Сіңілім алаңсыз мектепке барып келіп жүрді. 19 жасымда ауылымыздағы жігітке тұрмысқа шықтым. Жақсы көріп қосылдық. Арқа сүйерім бар деп ойладым, бірақ қателестім. Бір үйдің кенже ерке баласы еді. Анасы мені алуына қарсы болыпты, оны кейіннен білдім. "Әкесі жоқ, шешесі ауру, дұрыс тәрбие көрмеген біреуді алдың",- деген сияқты әңгімелер естідім. Үй тірлігіне, сырттың тірлігіне де жатылып өскен маған қиын болған жоқ. Бірақ енем менің отбасымды менсінбей, "жасау бермеді" деген сияқты әңгімелер айтып, бетіме баса беретін. Отырсам опақ, тұрсам сопақ қылды. Үндемей көніп жүрдім, екі ұл босандым. Енем түртпектеуін қоймады. Бірдеңе айтсам, күйеуіме айтып ұрғызып тастады.

Аанама білдіргім келмеді. Мүлде айтпадым, денсаулығын уайымдап, сыр бермей жүрдім. Бір күні күйеуім сыртқа жұмысқа кеткен. Бірге жұмыс істейтін бір әйелді зорлапты. Ол арыз жазған, содан сотталып кетті 7 жылға. Ата-енем бар мүлкін сатып, әйелге өтемақыға берді. Тек мендегі кішкентай дүкенмен қалдық. (Киім тігіп ақша жинап ашқанмын). Күйеуім кеткен соң бөлек шығып, дүкеннің қасындағы бір бөлмелі үйге келіп кірдім балалармен. Ата-енем үлкен ұлының қолына кетті. Ол келінімен шығыспай, көп ұзамай екеуі ғана тұрды. Кішкентай кезімнен қиындық көрген маған күйеуімнің жоқтығы аса біліне қоймады. Қайта саудам жанданып жағдайым жақсара түсті құдайға шүкір.

Балаларымды өзім бақтым. Күйеуім шығып, кешірім сұрап аяғыма жығылып келді. Кешіре алмай жүрмін. Жүрегім тым қатты болып кеткендей. Бірақ балаларым үшін бір күні кешірермін. Бірге тұрмаймыз, бірақ балалармен аралысып тұрады. Бұрынғы еркелік жоқ есейген, ақыл тоқтатқан екен. Өмір біз ойлағандай емес екен. Бәрі бір мезетте өзгеріп кетуі мүмкін.

Айтарым басымызға қандай қиындық түссе де, шешімі бар. Жылап-сықтап отырмай алға қарай басыңды нық көтеріп жүру керек екен. Шешілмейтін түйін жоқ, тек сенім керек. Жығылсақ қайта тұрып үйренейік өмір сонысымен мәнді.

Мені өмір тым қатты қылып жіберді. Тіпті көзімнен жас шықпайтын болыпты. Жұмсару керек болды. Ешкімге сенбеймін, сырымды ешкімге айтпаймын. Тек осында жазып жеңілдеп отырмын.

Мүмкін бала кезімде қиындық көрмесем, тұрмысқа шыққаннан кейінгі көргендерімен кейін сынып кетер ме едім... Тағдырыма тек алғыс айтамын!

Ләззат Ракишева

Instagram парақшасынан

Ұлым өскен сайын әйелімнің көңілдесіне ұқсап келеді
«Мені аласың, әйтпесе соттатам» дейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу