Көңілдестің шырмауынан шыға алмай жүрмін

Oinet.kz 11-08-2023 7337

«Ешқашан «ешқашан» деп айтпа» демекші, мен кейін үйтем, бүйтем деп айтпау керек екен. Себебі біз пендеміз, ал пендеге адасу, қателесу тән нәрсе», - дейді Жанғали есімді азамат. Үйленгенде «ешқашан әйелімнің көзіне шөп салмайм» деп өзіне серт бергенін және сол сертінде тұрмағанын ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_4.jpg

«Әкем дінге қатты берілген кісі, бізді де шариғатпен тәрбиеледі. Ненің дұрыс, ненің бұрыстығын ашық, төтесінен айтып отыра беретін. Ер жете бастаған шағымызда «ертең үйленесіңдер, сол кезде тура жолдан тайдырғысы келетіндер шығады. Арақ, ақша, атақ, сосын әйелмен сынайды. Осыдан таза шықсаңдар, онда шешелерің екеуміз сияқты бақытты боп отырасыңдар» деп айтатын.

Сол себепті әйеліңнен өзге біреуге некесіз жақындау, біреумен көңіл жарастыру үлкен күнә боп саналатын.

Өткенде Таразға Астанадағы курстас досым жанындағы әріптесімен іссапарға келген. Көптен көрмегесін үйге шақырып, қонақ еттім. Сонымен болды ғой десем, ертеңіне «қыдырмадық па, қалаңды аралатсайшы, бильярд ойнайық» деп звондап тұр.

Жұмыстан кейін бильярдқа бардық. Бірақ аяқ асты досым мен әріптесім «Саунаға барайық» деп шыға келді. Арам ойым жоқ, «мен бармаймын» деп қашып кетуге ұят, сенің қалаңа қонақ боп келіп тұр ғой. Алдыма салып тәуірлеу деген саунаға ертіп бардым. Буымыз бұрқырап, салқын сыраны сіміріп, біраз жүрдік. «Мочалка» қайда, заказ беріп пе едің» деп курстасым қутыңдайды. «Мочалка бар ғой» деп аңқау басым кір езетін затты көрсетіппін. Сөйтсем саунаға келіп қызмет көрсететін қыздарды «мочалка» дейді екен ғой. «Ой, сен де бір, советский тежегіш екенсің ғой» деп курстасым қолын бір сілтеді. Сол-ақ екен әріптесі біреуге звондады да, әп-сәтте бұл мәселені шеше салды.

Бір уақта бірінен бірі өткен, сылаңдаған үш қыз кіріп келсін. «Ей, жоқ, мынаның біреуі артық, өздерің көре беріңдер» деп шығып бара жатыр ем, курстасым намысыма тиіп, сөйлеп тастады. Менің ойланып тұрғанымды байқады ма, бір қызды қолыма ұстатты да, демалатын бөлмеге итеріп кіргізіп жіберді. Сыра мен саунаның буы қойсын ба, әлгі қыздың ырқына көне бердім.

Бірақ сол күннен бастап әйелімнің бетіне қарай алмай, біраз күн қипақтап жүрдім. Ол да бірдеңені сезген сияқты, тамақ ішіп отырсақ бетіме тесіліп ұзақ қарайды. Қысқасы, ұрлық жасап қойған адамдай қара терге түстім.

Арада екі аптадай өткен, төсекте жатқан әйелім еркелеп отырып «сен маған үйленгелі бері көзіме шөп салып көрдің бе, тым құрығанда сондай ой болды ма» деп сұрасын. Ана жерде сытылып кетудің ретін таппадым. «Өткенде сондай боп қалды, сол күннен бері сенен ұялып, жерге кіретін тесік таппай жүрмін» деп айтып бердім.

Айтуын айтып алып, «әйелім ашуланып, кетіп қалса қайтем» деп ойлап үлгердім. Бірақ ол үндемей тыңдады да «Ауру жұқтырып келмегеніңе шүкір. Енді осындайыңды еститін, білетін болсам, ажырасып кетем. Бір жолға кешірейін» деп қысқа қайырды.

Сол уақытта әйелімнің ашуланбағанына риза болғам. Ал қазір неге ұрысып, «ажырасып кетем» деп қорқытпады деп өкінем. Себебі әйелімнің үндемей, мені жазаламай қоя салғаны мені одан сайын есіртіп жіберген сияқты.

Екі-үш айдан кейін жұмысқа жаңадан бір қыз кірді. Қас қылғандай бастық оны дәл біздің бөлімге отырғызған. Топырлаған еркектің арасына топ ете қалған қызға бәрі қырындап, арасында әзілдесіп жүретін. «Сіздерге кофе демдеп берейін» деп алдымызда бұлғаңдағанда еркек біткеннің аузының суы құритын.

Бірақ сол қыздың қас қылғанда маған көзі түсті ғой. Шай әкеп, білмегенін сұрап жүріп әңгімеміз жарасып кетті. Ақырында көңілдесіме айналды. «Мен еркекпін ғой, анда-санда бір көріп тұрғанда не бар» деп өзімді ақтап алам. «Жігіттер, жас кезіңде ойна да күл» деген терме менің уәжіме дөп түсе салғандай.

Осы күні әйелімнен гөрі әріптестің құшағы ыстық, сөзі шырын боп бара жатыр. Қашанға дейін жалғасатынын...»

«Инабатты келін рөлінен шыға алмай қаламыз»: Психолог ажырасуға ықпал ететін себептерді атады
7 жастағы қызды зорлап, өлтіріп, даладағы дәретханаға тастап кеткен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу