Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Ашу-ызамен ең жақсы көретін аға-жеңгемнің есігін қатты жауып, енді көңілім құлазып, өкініп келемін. Жұмысқа да барғым келмеді. Бар өкпе-ренішімді, мұң-сырымды айтайын деп Бәтима апайдың үйіне бет алдым. Есігінің қоңырауын бастым.
– Сәулеш, амансың ба? Жаным, кіре ғой. Ертелетіп қайдан жүрсің?
– Апа, мен аға-жеңгеммен ренжісіп қалдым, олар маған, мен оларға енді көрместей болып, ауыр сөздер айттық. Менің жағдайымды, қандай күй кешіп жүргенімді түсінбейді. Ай сайын жанымды банк, несие дегендер жегідей жеп барады ғой, қаражат сұрап барып едім…
– Қалқам, қаражаттан қысылма, мен берермін. Бірақ менің үй-ішімнің дәл қазір сәулеті сәнді болғанымен, түр-тұлғамның бүтінделіп тұрғанымен, ішім түтінделіп жатыр ғой. Әлі жассың, талай қиындықтарды жеңерсің, бірақ дәл қазір мені тыңда.
«Бес ағамның ортасында ата-анама еркелеп өскен, бір әулеттің жалғыз қызы едім. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда дегендей, үлде мен бүлдеге оранып, ерте бойжеттім. «Түлкінің қызылы өзінің соры» деген ғой, ауылдағы бозбалалар мен жігіттердің көзіне ертерек түстім. Ата-анамның, бауырларымның жоғары оқу орнына барып, білім ал деген талап-тілегін орындамай, өзімнен он жас үлкен ауылдағы сақа жігіт Мұратқа ғашық болып, тұрмысқа шықтым. Бәрін тізіп айтып қайтейін, оң-солымды танымай, шолжаңдап жүрген ерке қыз екі-үш жылда екі баланың анасы атанып, ауылдағы от басы, ошақ қасындағы әйелдің бірі болып қала бердім. Қалада жоғары оқу орнында оқитын сыныптастарым студент болып қысқы, жазғы демалысқа келгенде, оларға қызыға қарап, өзімнің албырттық істеріме, жеңілтек қадамыма өкінетін едім
Кеше ғана алды-артымды орап, сүйемін деген жан-жарым маған көңіл бөлмей, жұмыс бабы деп, аудан, қала кезіп жүріп, ақыры Алматыдағы жоғарғы партия мектебіне 4 жылға оқуға кетті. Қолымда енем, екі балам бар, күн көру керек. Мен бір мекемеге хатшы болып жұмысқа орналастым. Осылайша жүріп, сондағы қызметкердің «сен – мендіксің» деген сөзіне сеніп, арбалып қалдым. «Ел құлағы – елу» деген, ауылдағы гу-гу әңгімеден құлағым тұнды. Оның да отбасының берекесі қашты. Ақыры екеуміз қол ұстасып, бала-шағаларымызды тастап, басқа қалаға кетіп қалдық. Қызық, қуаныштан гөрі өкпе-ренішке толы күндерім көп болды. Ақыры ол өзінің бірінші отбасына қайта оралды. Жат қала, бөтен жандардың жанында қала бердім. Ауылға баратын бетім жоқ, бұрынғы күндерімді, балаларымды, ата-анамды, бауырларымды сағынып, бір көруге зар болып, аңсап, кейде аңырап тұрып жылайтынмын. Менің әр жансақ басқан қадамым ата-анама қатты соққы болды. Ақыры әкемнің жүрегі шыдамады. Анам сал ауруына шалдықты. Қанша жерден өлімнен ұят күшті болса да, анам қайтыс болғанда, топырақ салуға бардым. Менің келгеніме қуанған жан болған жоқ. Сол жолы жеңгемнің құлағында жүрген анамның алтын сырғасына жармасып: «Бұл менің шешемнің көзі, өзім тағамын» деп, айқай-шу шығардым. Сол кезде жеңешем:
– Сен күйеуге шыққанда, әке-шешеңнің көзі сонда жоғалған, оларды сен төрге емес, көрге сүйредің, – деп құлағындағы алтын сырғаны жұлып алып, маған лақтырып жіберді. Сырғаны алып, ауылдастарыммен, бауырларыммен қоштаспай, ер жетіп қалған қос құлынымның да бетіне қарай алмай, тағы да абыройсыз болып, ауылдан кеттім. Сол кеткеннен, мол кеттім… Не керек, бұл өмірде мен сияқты өмірде жолы болмай адасып жүргендер аз емес екен, өзімнен жасы үлкені, кішісі бар құрбылар жиналып, іштегі қайғы-шерді шараппен тарқатып, күй кешіп жүр едім… Бір күні түсіме анам кіріп «Қызым, жетер енді, жан-жағыңа қара, тым болмаса балаларыңды ая. Әйтпесе, біз оларды алып кетеміз» деді.
Оянып кетіп, біраз отырдым. Басым болса сынып барады. Бірақ тез есімді жиып, мешітке бардым. Шыққаннан кейін бір дәмханаға аспазшы керек деген хабарландыруды оқып, жұмысқа тұрдым. Сол жерде маған Дәрия атты құрбым кездесіп, екеуміз жеке пәтер жалдап, самса, бәліш пісіріп, базарға апарып сата бастадық. Осыдан ісіміз оңалып, екеуміздің күн көрісіміз жақсара бастады. Мен ауылға қаражат жіберіп, балаларымды қасыма алдырдым. Бірінші күйеуім басқа әйелге үйленіп кеткен, енем қайтыс болған. Енді қарамасам, балаларымнан шынында да айрылып қалатын жәйім бар екен. Анам маған дер кезінде аян беріпті. Осыған тәубе деймін. Қарағым, күндіз-түні ерінбей еңбек еткен жанға мына қаланың базар маңынан мол қаражат тауып, тіршілік етуге болады екен. Біз Дәрия екеуміз бірлесіп, шәйхана, одан дәмхана, кейін мейрамхана аштық. Осылайша байлыққа, барлыққа қол жеткіздім. Балаларымды оқытып, жеткізіп, бүгінде немерелі болып отырмын. Сырымды білмеген жанға менен бақытты жан жоқ шығар, бірақ, өзегімді өртеген өкініш жанымды жегідей жеп барады.
…Білесің бе, қарағым, мен 3-4 грамм алтын сырға үшін, ат басындай алтын сыйлап, таба алмайтын бауырларымнан ажырап қалдым. Бүгін ертерек оянып, өткен-кеткенімді саралап, алаңсыз балалық шағым өткен ауылымды, ата-анамды, бауырларымды сағынып, бір шешімге келіп, ойланып тұр едім. Сенің келгенің жақсы болды…»
Бәтима апамның сөзі мені қатты ойландырып, неге екені белгісіз, жаңа ғана өмір бақи көрместей болған, өкпем қара қазандай боп, есігін қатты жауып кеткен аға-жеңгемді тезірек көргім келіп, ата-анам мен бауырларыма деген сағынышым ауылымды аңсатты.
Ләззат Қапышева