Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Жас қыздар көрсе күйеуім елең ете қалатын болыпты. Бірақ үйленгенімізге көп бола қойған жоқ. Қазіргі уақытта отбасылық өмірімнің бірінші жылын бастан кешіп жатырмын. Асқар екеуіміз бір-бірімізге, мінезімізге енді-енді үйренісіп келе жатырмыз.
Жуырда өзімнің жүкті екенімді білдім. Бөбегіміз 5 апталық болып қалыпты. Токсикоздың кесірінен айтарлықтай арықтап кеттім. Тіпті, айнаға да қарағым келмейді.
Өзіме мүлде қарамай, өзімнен жиіркене бастадым. Күйеуімді де жаныма жуытпай, оның әрбір іс-әрекетіне ашуланатын болдым. Десе де құрбыларымның бәрі мұның жай ғана уақытша құбылыс екенін айтты. Жақында жарыммен саябаққа шығып қайтайық дедік. Соңғы айларда мүлде сыртқа шыға алмаған едім. Шулы жерде әзер басымды көтеріп жүрдім.
Бір байқағаным, сүйіктім басқа жас қыздарға көз сала бастапты. Бұрын соңды мұндайын байқамаған едім. Демек, ол да менен жирене бастаған ғой. Солай ма? Оның сәбиін көтеріп, қиналып жүргенімде жан-жарыма басқа қыздар қызық болып, қызыға, тамсана қарағаны жүрегімді ауыртты. Оны өзіне айтып едім, ашуланып шыға келді. “Ол қыздар саған не істеді? Сенің бар мақсатың мені ашуландыру. Солайша өзіңді қанағаттандырасың” деді.
Бұдан кейін көз жасыма ерік беріп, еңіреп жылап алдым. Қазір жүктілігіме байланысты сезімтал болып алғанымды білемін. Десе де, жарымның мені түсіне алмағаны, маған оның іс-әрекеттерінің қаншалықты жағымсыз екенін аңғармайтыны ұнамайды. Қазір тіпті болмашы нәрсеге бола сөзге келіп қалуымыз жиілеген. Мұның барлығы маған жығылғанға жұдырық болып тұр. Не істеймін? Қандай кеңес бересіздер?
Өзімді қалай қолға аламын? Босанамын дегенше күйеуімнен айырылып қаламын ба деп уайымдаймын. Бірақ жарым да мені түсінсе жақсы болар еді. Алғашқы жүктілік болған соң ба бойымдағы, тәнімдегі, әрі басымдағы психологиялық өзгерістерді әзірге еңсере алмай жатырмын. Мұндай сәтте жаныңды түсініп қолдау болатын адам ауадай қажет екен. Өйткені еш себепсіз жылағым келетін сәттерде өзімнен өзім қорқып кетемін. Ал, жарымның қыздарға көз сүзгенін көргенде тіпті басыма қан шабады. Қазір көшеде әр еркекке қылымсыған қыздар көп. Барлығына күйе жақпаймын. Десе де кет әрі еместері де табылады.
…Бәлкім ол қыздар ештеңеге кінәлі емес шығар… Барлығына кінәлі менің бойымдағы қызғаныш па?