Автобустағы бүкіл еркектің масқарасын шығарған қария
Автобуста ығы-жығы жолаушы. Бәрінің жүйкесі жұқарған. Жұмысқа асыққан бір адам. Жасы ұлғайған бір ақсақал отырған. Бір аялдамадан аяғы ауыр келіншек мініп, ешкім оған орын бере қоймаған соң, жылжып-жылжып дәл қарияның жанына келіп тұрды.
Қария байқады. Байқады да келесі аялдамадан түсетін сыңай танытып, орнынан түрегеліп, есікке таман жақындады. Оның отырған орны да шығар есікке таяу еді. Келіншек орын табыла кеткеніне қуанып, жайғаса кетті. Бірақ ақсақал жуық арада түсетін сияқты емес, автобус екі-үш аялдаманы кейінге қалдырды... Жүкті келіншек ыңғайсыздана бастады.
- Ата, мен сізді түсетін шығар деп орныңызға отырып едім, сіз болсаңыз...
- Қызым, отыра бер. Мен сол саған орын берейін деп тұрдым ғой.
- Мә, атай, ұят болды-ау, мен шыдайтын едім ғой, сіз атасыз... біз...- деп төңіркке қараған, орнынан тұра қоятын жан көрінбейді. Жастар да жасамыстар да өтірік қалғып-мүлгіп отыр. Кейбірі құлағына құлаққап қыстырып алған. Ұртында сағыз. Олардан қайыр болмасын түсінген келіншек амалсыз отыра берді,- бұл көліктің кондукторы да жоқ, үлкен адамға орын босатыңдар деп жастарға ескертіп қоятын...
- Жә, түк те етпейді, айнам, сен отыра бер. Мен жай ғана ата емеспін ғой, мен осы тұрғанда ер азаматпын!- қарияның дауысы маңайға естілердей қаттырақ шықты,- ал мына отырғандардың дені еркек болғанымен, олар әлі бала ғой, ер болу үшін, азамат болу үшін, ой-ой, қанша жолдан өту керек, қысқасы өмір көрулері керек қой! Солай қызым, мен бұл көліктегі жалғыз ер-азаматпын!
Кеш те болса, ұяттары жыбырлап, өздерінше ақсақалға орын бергілері келіп қопаңдағандар бұл сөзді естіген соң отырған орындарынан тіпті қозғала алмай қалды. Сөз байлап тастаған. Ештеңе естімегендей бастарын бұға түсті, кейбірі терезеден тысқа көз жіберіп, өздерінше қалың ойға батқан.
Келесі бір аялдамадан ақсақал түсіп қалды. Көлік ішіндегілер сонда барып қозғалақтай бастады. Келіншек: «Рахмет... ата, ер-азамат...» деп күбірлейді. Автобус қайта жүріп кетті.