Күйеуімнің тәтесі бізді дуалап жүр

Oinet.kz 13-06-2022 2864

Сіздерге ішімдегі сырымды ақтарсам деймін. Биыл жазда күйеуге шықтым. Бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Дегенмен, бар бәле үйленгеннен кейін басталды.

Screenshot_14.jpg

Оның әке-шешесін сырттай танитынмын. Өте жақсы адамдар. Ауылда біраз беделі бар. Оларға тағар мінім жоқ. Ал, күйеуімнің тәтесіне келер болсақ…айтарға сөзім де қалмай қалады. Күлғайша тәтені бір көргеннен дос болып кетеміз деп ойлағанмын. Себебі, мінезін тани алмадым. Ол кісі маған сондай момын, биязы кісі болып көрінген. Маған жылы қабақ танытып, маңызды күнімізде көп көмектесті. Тойдың қамымен жүріп ол кісімен ашық сөйлесіп те көрмегенмін. Әйтеуір сырттан тым жақсы, байсалды болып көрінді. Сөйтсем, қатты қателескен екенмін…Тойды атқарып болғаннан кейін, ертесі ерте тұрып, дастарқанның қамымен жүрдім. Үйдегілерді оятуға бара жатқанымда күйеуімнің қарындасы Әлия жаныма жақындап: «Күлғайша апаның жанына жолай берме. Ол кісінің адамды дуалайтын қасиеті бар. Өзі бір жақсы адам емес»,- деді. Осы сөздерден кейін өзімнің қандай күйде болғанымды өздеріңіз де түсінген шығарсыздар. Өз тәтесін жамандаған қызға не деуге болады? Үстімнен біреу су құйып жібергендей болды. Күйеуіммен үйленбей тұрып бір жыл қыз-жігіт болып жүрдік. Сол уақытта отбасы жайлы көп сұрақтар қоймаған да екенмін. Шынымды айтсам, ол аяқ асты ұсыныс жасамай тұрғанда оған тұрмысқа шығуды тіпті армандамағанмын. Әке-шешесі мен жалғыз қарындасы барын ғана білгенмін. Күнә болса да айтайын, қайын сіңлім тәтесін менен қызғанып, мені дұшпан көріп тұр ма деп те ойлап қалдым. Не десе де, өз көзіммен көрмегенше ешкімге сенуге болмайды деп түсіндім. Солай үйдегілерге шәй беріп, келіндік қызметімді атқарып жүргенде Күлғайша тәте де келіп қалды. Ол кісі маған қарай келіп, күлімдеп амандасты.

Кейін білдім, Күлғайша тәте қайын енемнің туған әпкесі екен. Жас күнінде бір жігітке құлай ғашық болып, оған қосыла алмай, қайғыдан құса болған. Кейін мүлде отбасы құрмаған. Кішкентайынан бақсылық қасиеті бар сынды. Бірақ ол қабілетін жамандыққа билетіп, адамдарға бақыт әкелмейді екен. Мұны күйеуімнен сұрап жүріп әрең естідім. Оған бір ай бойы лям демей, аузымды ашпадым. Өкпем қара қазандай. Мұндай маңызды мәселені менен жасырып қалса, алда бізден қандай отбасы шықпақ? Бір жағынан, ол тәтесі қандай адам екенін үйленгенге дейін айтса, мен оны тастап кетер ме едім? Сірә, жоқ-ау. Не де болса көніп, күйеуімді кешіруді ойладым. Тұрмысқа шыққалы бері түн ұйқым төрт бөлінді. Өзімді күннен күнге нашар сезіне бастадым.Түнде көзім іліне қалса нашар түстер көре бастаймын. Күйеуім болса, пысылдап, тәп-тәтті ұйықтап жатады. Оны көріп одан әрі ызам келеді. Адам ұйқысы қашса, тіпті, жындануға сәл-ақ қалады екен. Басында үйге үйрене алмай жүрген шығармын деп бір ойладым. Кейіннен, басым айналып, күнде өзімді жайсыз сезінгендіктен аяғым ауырлаған болар деп те ойладым. Тексерілсем, олай болмай шықты. Бір күні әдетімше пысықтығым ұстап, кір жуамын дедім. Көрпелердің тысын алып, жастықтарды аулаға жайып қоюға қамданып отырғанмын. Бір кезде жастықтың ішінде кішкентай қатты бірдеңені сезіп қалдым. Түсінбей аң-таңмын. Қытайдың жастықтары ғой, басқа не күтіп едің деп ойлап та үлгердім. Әлгіндей затты ала алмай, әйтеуір де жастықты жырту керек деп шештім. Жастықтың ішінен мен ойлағандай емес, шашқа толы бір қап шықты. Өзімнің не ойлайтынымды түсінбей қалдым. Содан кейін, қайын сіңлімнің сөзі есіме түсіп, Күлғайша тәтенің қылығы шығар деп секем алдым. Себебі, біздің үйге одан басқа кісі жиілеп келе бермейді. Сол оқиғадан соң ол кісіні көргенде денем шымырлай түседі. Өткенде ғана күйеуімнің костюмінің қалтасына таңылған басы үлкен ине тауып алдым. Бұрын соңды ондайды көзім көрмеген.Үтіктеп жатқанда ұшы қолыма кіріп кетті. Енді не істеймін? Күйеуіме айтсам «Ол кісінің бізде шаруасы жоқ. Туған жиеніне ондай зұлымдық жасамас» деп отыр. Расымен, Күлғайша тәтеге бізді дуалап не керек? Не ойлайтынымды да білмей қалдым. Бақсыға барып, тәтеміздің бізге не істеп жүргенін білсем деймін, бірақ, бала күнімнен оның күнә екенін естіп келемін. Ақыл қосыңыздаршы. Әлгі қапты сақтап отырмын. Өртеуге дәтім барар емес, қатты қорқамын.

syrlasu.kz

Енемнен көрген қорлығым таусылар емес
Әйелің әнші болмасын…
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу