Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
«Не үшін бұлайша Алланың қаһарына іліктім» деп те ойлаймын. Мен Алматы қаласындағы, Ақсай ықшам ауданының тұрғынымын. Жасым 47-де. Жалғыз ұлым бар. Жалғызбасты анамын. Тағдыр мені есімді білер-білместен аяусыз сынады. Мен 14 жасқа келгенде анам өмірден өтті. Біз бір отбасында бір ұл, бір қыз едік. Анамның өмірден өткендегі күйігіне шыдамай әкем араққа салынып кетті де, ақыры ішіп жүріп ол кісіде бақилық болды. Аңырап қалған бізді тума-туыстарымыз асырап алды. Жастайымыздан біреудің қас-қабағына қарап өстік. Асырап алған анамның інісі еді. Ол кісі бізге қанша жерден «жақсы қараймын» дегенімен, ағамыз жоқта жеңгеден таяқ жеп, оның қағажу сөздеріне төзіп өмір сүрдік. Бала болып еркелемедік, шаттанып өмір сүрмедік. Қазір ойлап отырсам сол 14 жасымнан бері бір қабағым ашылып, еңсем тіктеліп көрмепті.
Әйтеуір мектепті бітірдік, артынша өз күшімізбен оқуға түстік. Артымдағы інім қазір үйлі-баранды. Ол өз алдына бір мемлекет, шағын отбасы. Ал мені жаратқан аяусыз сынады. Мен жоғары оқу орнын бітірген жылы 21 жасымда тұрмысқа шықтым. Тұрмысқа шықты деген аты ғана, ауылға келгесін асырап алған аға-жеңгем қоярдай-қоймай жүріп ауылдағы ұстаның баласына ұзатты. Жеңгемнің бар айтары - аяққа оралып, шұбырып жатқан ағайыны жоқ, жалғызілікті ұста. Сөйтіп, жеңгемнің үгіттеуімен мен сол ұстаның жалғыз ұлына тұрмысқа шықтым. Күйеуім мен қайын атамның шағын ұстаханасы бар. Ауыл-үйдің балтасын-балғасын жөндейді, етіктерін жамайды, әйтеуір ұсақ-түйек жұмыстары бітпейді. Ал мен мектепте қазақ тілі әдебиет пәнінен сабақ беремін. Осылай ауылда бір сыдырғы өмір өте берер ме еді?! Бірақ біздің өмірімізді совхоздың тарауы күрт өзгертті. Мен тұрмысқа шыққаннан кейін бір-екі жылдан соң совхоз тарап, барлығы жекешеленді. Табыс көзі азайды. Күйеуім мен атамның (енем ертеректе қайтыс болған) кірісі мүлде жоқ, екі азаматты асырау міндеті маған жүктелді. Мен омыраудағы баламды тастап бірден жұмысқа шықтым. Бірақ табысым бір отбасын асырауға жетпейтін болды. Сонымен не керек, жұрттан қалмай біз де қалаға бет бұрдық. Қалаға келе салысымен күйеуім екеуміз баланы атама қаратып, бірден сауда жасауға базарға шықтық. Бастапқыда ауылдан сүт-жұмыртқа, қатық-құрт әкеліп саттық. Бара-бара кіріс көз молайып, ақырындап саудаға салатын заттарымыздың да көлемі артты. Сөйтіп жүргенде өмірден атам өтті, одан кейін күйеуім құрт ауруынан көз жұмды. Міне, қазір 10 жылдың жүзі болды өзім жалғызбын. Ол аралықта әрине үйсіз-күйсіз жүрген жоқпыз. Қаражаттың басын жиып Алматыдан бір бөлмелі үй алдық. Артынан оны сатып үш бөлмелі үйге қолымыз жетті. Қазір жасым 47-ден асса да Түркия мен Қазақстанның екі ортасында сауда жасаймын. Ақсай базарында Түркиядан әкелінген киімдер сатамын. Әрине, сауда-саттық оңай емес, бірақ үйге кіріп отырған жалғыз кіріс көзі менің осы табысым. Ұлым биыл жазда 25-ке толады. Амалы не керек, оқыттым. Банк менеджері деген дипломды әпердім. Жұмысқа да тұрғыздым. Таныстарымды салып жүріп ол жұмыста өсуіне ықпал еттім. Бірақ ұлым бір жерде тым құрығанда бір жыл тұрақты жұмыс істей алмады. Қазір бос, үйде менің тапқанымды ішіп-жеп, қыдырып көңіл көтеріп жүр.
Жалпы, мен ұлымның ерекше бала екені бала кезінен байқалды. Ес біле бастаған кезінде ұлым қыздардың киіміне, қыздардың заттарына сонша үйірсек болды. Тіпті құлағына жіппен байлап менің сырғаларымды тағып алып, көлектерімді аяғына дейін сүйретіп билеп, ән айтатын. Онысына мен бастапқыда тіпті мән бермедім. «Бала кезінен үнді фильмдерін көп көрді, солардың әртістеріне еліктейтін шығар» дейтінмін де қоятынмын. Бара-бара ұлым мектепке барғанда би үйірмелеріне қатыса бастады. Тіпті қыздарша киініп алып мектеп сахналарында қыздардың рөлін де ойнай бастады. Мен мұнысына да аса мән бермедім. «Қыздарша киінгеннен қыз болып кетпейді ғой, талай ел алдында жүрген азамат әртістер де әйелдің рөлін ойнап жүр ғой» деп ойлайтынмын. Біз ұлымның 12 жасында эндекринолог дәрігердің тексеруінен өттік. Міне, сол кезде дәрігер бізге ұлымның гармондық жүйесінде, дауысында (ұлым қыздар сияқты жіңішке дауыспен сөйлейтін) мутация бар екенін айтты. Әрине, дәрігердің нұсқауымен арнайы тексеруден өттік, ем-шаралар қабылдадық. Сонымен біраз емделдік. Психологтар балаға ер адамның тәрбиесі қажеттігін, еркек баламен біраз еркектерше сөйлесу қажеттігін айтты. Бірақ шынымды айтсам, дер кезінде оның барлығына мән бермеппін. Менің бар ойым, ұлымды оқыту, соны жеткізу, ешкімнің бетіне жалтақтатпай жетімдіктің зардабын тарттырмау еді. Кезінде өзім сол қу жетімдіктен әбден қағажу көрдім ғой. Сөйтіп, ұлым ер жетті, оқуға түсті, оқуын бітірді. Бірақ ұлымның жиырмадан асқан кезде сылаңдаған жүрісі тіпті ұнамай кетті. «Ой подрушки», «мен баландинкамын ғой» дей ме, толып жатқан сондай сөздері әбден жүйкеме тиетін болды. «Ойвааай» деп қойып таңдайын қағып, кірпігін көтеріп жіберіп әңгіме айтқанда оған қарап мен ұялатын болдым. «Сен ер-азаматсың ғой, неге олай сөйлейсің» десем, өзімнің бетімнен алатын болды. Құлағын тесті, бұтына кең балақ дамбал киді. Ернін өсірді. Қысқасы, бұл ұл мені соңғы төрт жылда әбден шаршатты. Қан қысымым көтеріліп неше мәрте ауруханаға жатып шықтым. Ұлым қазір гей клубтардың тұрақты қонағы болып шықты. Бір күні ерінбей-жалықпай оны аңдып жүріп сол клубта отырған жерінен айғай-шумен алып шықтым. Ол ұялған жоқ, керісінше, «подрушкаларымның алдында позорымды шығардың» деп өзімді ұялтты. Әбден ыза болған мен оны үйден қуып та жібердім, бірақ іштен шыққан балаңды қайда қиясың, күндер өте ол қайтып келсе бәрібір үйге кіргізеді екенсің.
Міне, құрметті оқырман, менің қазіргі күйім осындай. Кейде «мұндай күйікті көргенімше өліп-ақ кетсемші» деп ойлаймын. Жаратқанға «ұлымды түзу жолға сала гөр» деп жалбарынамын. Ұлым әрбір кешікккен сайын қоңырау шалсам ол маған қазір «мен клубтамын» деп ашық айтатын болған. Тырнақ жалғап, шаш өсіріп, сырға салып жүрген ұлымды үйге келген кісілерге көрсетуге ұяламын, ал ол сол бетінше ұяттан ада болып клубтарды аралап, көшеге шығады. Мұндай сұмдықты біз көрмедік қой. Айтыңыздаршы, мұның бір емі бар ма? Көзі ашық оқырман гей клубтан шықпайтын ұлымды қалай құтқарсам болады? Ақыл қосыңыздаршы...
Нәзиман, Алматы қаласы