Жасөспірім күйзелісі: Балаға қалай көмектесуге болады?

Oinet.kz 08-02-2020 1699

Кішісінде тәп-тәтті, ақылды баланың өскенде қатыгез немесе енжар адамға айналатыны бар. Сонда кей ата-ана қай жерде қателік жібергенін білмей дал болады. Ал оған жасөспірім кезеңі себеп болуы мүмкін. Жасөспірім – көңіл-күйі жиі өзгеріп, ынжұрғасы түсіп, өзіне және әлемге үнемі көңілі толмай жүретін өте нәзік жаратылыс.

Ал, бұл құбылыстар неден және қалай пайда болады? Балаға қалай көмектесеміз? Мәселені бірге қарастырып көрелік…

Уайымдау емес, күйзеліске түсу

Статистика бойынша, әлемдегі әрбір 5-ші бала 12-18 жас аралығында күйзеліске түседі. Бұл ұлдан гөрі қыздарда екі есе жиі байқалады. Олардың көбі қажет көмекті ала алмайды. Өйткені біз жан ауруын елемейміз.

Жасөспірімдік кезеңде ағзасында ересектік өмірге дайындық, эмоционалды қайта түзілулер орын алатындықтан, бала өміріне айтарлықтай өзгеріс әкеледі. Бірі тұйықталса, бір бала ашыла түседі. Оған айналасындағы адамдар мен түрлі оқиға әсер етуі мүмкін.

Жасөспірімнің жан азабы ересектерден мүлде бөлек.

Бала да үлкен адамша жабырқап, өмірге деген құштарлығы жойылып, мұңайып және жалғызсырайды. Соның ішінде ашуланшақтық және агрессия, оқуға қабілетсіздік, яғни миды тұман басып, ақпаратты нашар қабылдайды.

Күйзеліс белгілері: 

Жабырқау, мұңаю. Бала көңіл-күйінің жоқтығын айтып, жиі шағымданады.

Ашу-ызаға берілу. Өтінішке, болмашы сөзге ашумен жауап қатып, жақындарымен жиі керісіп қалады.Жылау. Бала еш себепсіз жылауға дайын тұрады.

Отбасы/достарынан бөлектену. Достарымен сирек араласып, бөлмесінен шықпауды жөн көріп, ойын-сауыққа қатысудан және қарым-қатынастан бас тартады.

Сынды көтере алмайды. Бала бұл жаста өзі туралы ұнамсыз сөздерді естуге толық дайын емес. Бетін қайтару және сәтсіздіктер, әсіресе, үнемі жоғары нәтижеге жетіп жүрген балаларға өте қиынға соғады.

Қызығушылықтың жоғалуы. Бала бұрынғыдай спорт, хобби, кітап немесе киноға қызықпайтын болады.

Сабақ үлгерімі төмендейді. Мұғалімдер баланың сабаққа ынтасының жоқтығын, тапсырмаларды орындамай келетінін айтып шағымданады.

Тамақтану және ұйқы әдеттері өзгереді. Кейбірі тамақтан мүлде бас тартса, бірі тойымсыз болып кетеді. Бірі ұйқысыздыққа ұшыраса, бірі «ұйқылы ояу» жүреді.

Мазасыздық. Оның санасы белгісіз мәселелерге толы. Болмашы қиындықтарға бола уайымға салынып жүреді.Өзін кінәлі сезіну. Бала өзін дұрыс ұстамағаны үшін немесе еш себепсіз өзін кінәлі сезініп, ұяттан жарылардай болады.

Шаршаңқылық. Жасөспірімді жалқаулық басып, үнемі шаршаңқы көрінеді.

Зердесі нашарлайды. Оған бірдеңеге зейін қойып, ойлану қиынға соғады.

Түсініксіз ауырсынулар. «Біресе басым, бірде асқазым, белім ауырып тұр» деп шағымданады. Бірақ дәрігерлер айтарлықтай белгі таппайды немесе жүйке жүйесіне байланысты диагноздар қояды.

Күйзелу себептері: 

Оқуды уайымдау. Көптеген балалар осы сәтте оқу үлгерімі, емтихан тапсыру, жарыстарға қатысып, ЖОО-нын таңдауға байланысты жай уайымдап қоймай, қатты күйзеліске түседі. Бұл әсіресе ата-анасы көп жетістікті талап ететін балаларда орын алады.

Абыройсыздықтан қорқу. Жасөспірімге өз ортасында беделді болу өте маңызды. Қатарластарының өзін мойындамауы ауыр тиеді. Құрдастары жаман әдеттерге құмар болса, бала «оларға қарсылық білдірсем абыройыма нұқсан келіп, доссыз қаламын» деп ойлап, қысымға ұшырауы мүмкін.

Романтикалық мәселе. Алғашқы ғашықтық, жауапсыз махаббат, ұрысу және айырылысу, тіпті кейбірінде жыныстық өмірдің басталуы – мұның бәрі баланың өміріндегі ең маңызды сәттер.

Соққы алу. Жақынын жоғалту, өзіне деген қатал, опасыз қарым-қатынастар балада мазасыздық тудырып, үлкен күйзеліске ұшыратады.

Ата-ананың ажырасуы. Баланың үйдегі ұрыс-керіске мән бермеуі мүмкін емес. Ол бәрін байқап, өзіне жақын қабылдайды. Ал, ата-ананың ажырасуы баланың көңіл-күйіне де, болашағына да айтарлықтай әсер етеді.

Тұқымқуалау. Кейбір адамдар болмысынан уайымдағыш келеді. Егер жақындарында бұрыннан күйзеліске қатысты мәселе болса, жасөспірім күйзеліске басқалардан қатты ұшырауы мүмкін.

Қаржылық дағдарыс. Үйдегі табыстың тұрақсыздығы, тұрмыстың күрт төмендеуі, ата-ананың жұмыссыз қалып, ақшаға алаңдауы – бәрі күйзелісті арттырады.

Ешкімді жақтырмау. Жасөспірім бұл кезде өзін өте тәуелсіз жеке тұлға ретінде сезініп, өзіне ата-анасынан ештеңе керек еместей көреді. Әрине, олай емес. Ата-ананың назарынан тыс қалу – бала психикасына айтарлықтай қауіп төндіреді.

Өзін-өзі төмен бағалау. Бұл жастағы балалардың өзіне көңілі толуы өте сирек. Олардың көбі күдікшіл, ұялшақ келіп, үнемі қысылып, өзіне сенімсіз болып жүреді.

Өзін керексіз сезіну. Бала өзін қолынан түк келмейтін, ештеңені бақылай алмайтын, ешкімге керексіз және пайдасыз зат сияқты сезінеді.

Ең қауіпті белгілер: Балаға жан күйзелісі қатты ауыр тиіп, оны кез келген тәсілмен тоқтатуға тырысады. Мысалы, ұл бала бұзақылыққа жақын келіп, нашар ортаға қосылып кетсе, қыздар өздігінен қысылып, өмірдегі маңыздылығын түсінбейді. Соның әсерінен өз бағасын көтеру мақсатында жыныстық қатынасқа баруы ықтимал.

Балаға қалай көмектесеміз?

Дүрліктірмеңіз. Бұл кезеңде көп ата-ана әуелде қорқып, әбден сасады. Бірақ, кез келген нәрседе жол табуға болады. Бала тәрбиесінде қиындық туындаса дәрігерге емес, балалар психологына жүгінген дұрыс. Олар бала психикасын жақсы түсінеді.

Қолдаңыз. Баладан қорқыныш пен уайымды жасыру оңай емес. Десе де, бала сізді оптимист ретінде көріп, өзіне қалай көмектесе алатыныңызды білсе, өзін жеңіл сезінеді. Күптеген жерден өз-өзіне қол жұмсау туралы әңгіме қозғаса, бірден «Ана интернет бәле болды, не көріп жүрсің ол жақтан?» деп бас салудың қажеті жоқ. Бұл түсіністікті қиындатады.

Адал болыңыз. Ештеңе білмегендей болмай, балаға бәрін түсіндіріңіз. Ақыл айтып, сынап, өз пікіріңізді таңа бергеннен баланы досындай тыңдап, сырлассаңыз, әлдеқайда жақсы көмектесе аласыз. Сүйіспеншілікті мойындаңыз. Мәселесі түкке тұрғысыз болса да, бірден бетін қайтаруға тырыспаңыз. «Онда тұрған не бар?» дей жөнелсеңіз, оның сезімін елеусіз қалдырғандай боласыз.

Ұзақ бөлектенуіне жол бермеңіз. Баланың жалғыз қалғысы келуін әрдайым құптай бермей, жанынан табылып, достармен араласып, қуаныш сыйлайтын істермен айналысуына сеп болыңыз.

Тамақтануы мен ұйқысы. Баланың психикалық жағдайы тұрақты болуы үшін толыққанды тамақтанып, 9-10 сағат ұйықтауы тиіс. Жағдай күрделі болса, психолог немесе психиатрға жолығу керек. Психолог, дәрігер күйзеліске қарсы дәрі жазып берсе, одан қорқудың қажеті жоқ. Дәрілер бала ағзасындағы биохимиялық процессті ретке келтіріп, қысымды жеңуге көмектеседі. Бұдан бөлек мамандар бұл кезде жеке, топтық немесе отбасылық терапияларды ұсынады. Баланың мәселесі әдетте бүкіл отбасының мәселесі. Қарым-қатынаста бірлескен жұмыс өте маңызды. Күйзелісті емдеу міндетті.

Бәрі де реттеледі!

Қазіргі таңда күйзелістен арылтатын әдістер өте көп. Бастапқы сатысында балаға психоәлеуметтік қолдау жеткілікті. Сондай-ақ бұл жерде мәселенің алдын алу өте маңызды. Баланың көбісі өскенде ата-анасының көшірмесі болады. Өмірді ата-ананың әрекеті және пікірімен қабыладайды. Сондықтан ең алдымен өз мінез-құлқыңызды бақылып, балаға өмірде түйіні шешілмейтін мәселенің жоқтығын, бәрін позитивті көңіл-күймен ретке келтіріп, әрдайым оның жанынан табылып, қолдайтындығыңызды көрсетіңіз.


Күйеуіңе мына ғажайып бес сөйлемді жиі айтып жүр. Себебі бар...
Еркектердің әйелдер біле бермейтін 10 құпиясы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу