Балаға қауіпсіздік ережелерін үйрету маңызы

Oinet.kz 20-11-2019 1566

Screenshot_4.jpg

Қазақстанда мектеп жасындағы әрбір екінші бала күш көрсету мен озбырлықтан жапа шегеді екен. Сондай-ақ қаншама бүлдіршін адам ұрлығының құрбаны болуда. Осы секілді қоғамдағы қауіп-қатерден балаларды қорғау мемлекеттің ғана емес әрбір ата-ананың да міндеті. Балаларға адамдармен қарым-қатынас барысында қауіпсіз ережелеріне 3-4 жастан бастап үйрете беруге болады. Осы ретте мамандар ата-аналарға балаларға қауіпсіздік ережелерін үйретудің 10 қағидасын біліп жүруге кеңес береді.

1. Бала-бақша жасындағы балалар әдетте ерме, сенгіш болып келеді. Бүлдіршін жылы сөйлеген көшедегі кез-келген  бейтаныс адамды жақын тартуы мүмкін. Сол себепті балдырғандарыңызға бейтаныс адамдардың оны жақсы көріп, бетінен сүйіп, тәттілерді беруге құқы жоқ, оны тек қана ата-анасы, бауырлары, жақындары ғана еркелетіп, құшақтап, сүюге құқылы екенін түсіндіріңіз.

2. Балаларға адамдар көп шоғырланған жер ол үшін ең қауіпсіз жер екенін айтыңыз. Егер де бейтаныс адам оған келіп сөйлеп, тәттілер ұсынып немесе қолынан ұстап сүйрелесе бірден қашуға тырысу керектігін үйретіңіз. Маңыздысы бала көше қуыстарына емес дүкен, дәріхана, дәмхана секілді халық көп жүретін орындарға кіргені дұрыс. Мұндай сәттерде балаңыз айғайлап, көмек сұраудан қысылмауы керек. Тіпті, өзіне тиіскен адамнан қорғану үшін оған тас лақтырып немесе көлігін «талқандауға» рұқсат беріңіз.

3. Қауіп төнуі мүмкін жағдайларға мектеп жасындағы балаңызға мынадай сұрақтарды қойып көріңіз. «Үйде жалғыз қалғанда, танымайтын біреу есіктің қоңырауын басқанда, көшеде бейтаныс адам сенен бірдеңе сұраса, жеделсатыда тұрғанда жаныңа ер адам жақындаса, сауда орталығында, көшеде адасып қалсаң, артыңнан біреу аңдып келе жатқанын сезсең, ұялы телефоныңды жоғалтып алсаң, бөтен адам «сізбен танысуға бола ма?» деп мазаңды ала бастаса «НЕ ІСТЕЙСІҢ?» .  Және де осы жағдайларға онымен бірге тәжірибе жасап көріңіз. Мәселен көшеде оған сұрақтар қойып, тиісе бастаңыз. Ұл-қызыңыздың осы кездегі әрекеттерін байқаңыз. Кейін дұрыс және бұрыс жерлерін айтып, түзетіңіз. Адамдардың өзіне оғаш қылық таныта бастағаннан айғайлап, көмекке шақыру керектігін тағы да бір есіне салыңыз.

4. 5 пен 12 жас аралығындағы балаларға қылмыскерді суреттеп бер десең «қара киімдегі ағай» деп жауап береді. Баланың санасына жастайынан «қылмыскер», «күдікті», «бөтен» деген сөздерді сіңіре бергеніңіз дұрыс. Адам ұрлағыштар мен педофилдердің әдіс-амалдарын да жасырмай айтыңыз. Және олар ер кісі де әйел де болу мүмкін.  Перзентіңізге «Бөтен кісіге еріп кету үшін баланы қалай алдауға болады?» деп сұрап көріңіз. Періштеңіз мұндайда өтірік-шыны аралас бар білгенін айтып береді. Осы арқылы оның қаншалықты аңғал, сенгіш екенін аңғаруға болады.

5. Бала көшеде адасып қалса кімнен көмек сұрау қажет? Біріншіден көшеде, қоғамдық орындарда жүрген балалы әйелдерден, жақын маңдағы дүкен сатушыларынан, асхана, кафе қызметкерлерінен. Екіншіден, жедел үйіндегілерге хабарласу. Көмек келгенше қоғамдық орындардан алыстамағаны маңызды.

6. Жасөспірімдер әдетте мектептегі проблемаларын, көшеде болған оқыс жағдайларды немесе біреудің тиіскенін ата-анасына ашылып айта бермейді. Егер де сіз қызыңыздың немесе ұлыңыздың қандай да бір қауіпті жағдайға тап болғанын кейінірек естісеңіз (мұғалімнен немесе достарынан т.б) оны жасырғаны үшін бірден ұрыса жөнелмеңіз, ашуланбаңыз. Сабырмен оқиғаның қалай болғанын сұрап, жазалаудың орнына ақыл-кеңесіңізді беріңіз.

7. Балаға қауіптің әлеуметтік желілерден келетінін де ұмытпағаныңыз жөн. Мүмкін болса желідегі отбасыңыз, балаларыңыз туралы ақпараттарды, мекен-жай, телефон нөмірі секілді жеке мәліметтерді енгізбеңіз.  Суреттерін тіпті салмағаныңыз абзал. Көптеген педофилдер, алаяқтар сіз және отбасыңыз туралы мәліметтерді дәл осы  желіңізден алады. Егер балаңыздың желіде кіммен, қандай ортамен сөйлесіп жүргенін тексергіңіз келсе анонимді түрде онымен чатта дос болыңыз, танысып, әңгімеге тартып көріңіз. Неге қызығатынын және жақын достарының кім екенін жәйлап сұрап көріңіз. Бұл тәсіл арқылы оның  достарын «сүзгіден» өткізе аласыз.

8. Ләжі болса балаға қымбет телефон, планшет, гаждеттерді қолдануға тыйым салыңыз. Өйткені жасөспірімдер желідегі қауіпті сезіне бермейді. Желіге тәуелді балалар нашақор, алаяқ, ұрылардың оңай олжасы екенін ұмытпаңыз.

9. Ұл-қыздарыңызға міндетті түрде өзіңіздің, әкесінің, бауырларының телефон номерлерін жаттатқызыңыз. Сондай-ақ бала-бақша, мектептен алып кетуге өзіңіз келе алмаған жағдайда орныңызға кімдерді жіберетініңізді алдын ала хабардар етіп, таныстырыңыз. Бала кімге сенуге болатынын біліп жүргені жақсы.

10. Материалдық жағдайыңыз жетсе балаңыздың ұялы телефонына «ата-аналар бақылауы» жүйесін орнатып қойыңыз. Сонда оның қайда жүргеніне әрдайым хабардар болып отырасыз. Әрі қауіп төнген жағдайда балаңызға жедел көмекке келе аласыз. 

Отбасындағы психологиялық қатынастар балаға қалай әсер етеді?
Ананың қызына жазған хаты (анасы бар қыздар оқуы керек)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу