Қазбек Құттымұратұлы. «Күнбағыстай Күннің жүзін аңдыған»
Күнбағыстай Күннің жүзін аңдыған
Сені көрсем шешек аттым - бар кінәм.
Ханға айналдым қарасирақ жарлыдан,
Дүрге айналдым диуанадан қаңғыған,
Қалай шыдап төзе алады жан бұған?!
Сені көрсем сыр ашылып жасырған,
Толқын болдым жағаға кеп бас ұрған.
Бас ұрып ап, бәсі қымбат сезімді
Бермеймін деп қайта қаштым қасыңнан,
Кешіре көр, кешіре көр, асыл жан!
Ақылы ерен, жүзі жарқын, топ алды
Сені көрсем мұңданатын боп алдым.
Құштарлығым іштарлығым емес қой,
Кебін бірақ қалай кием Қодардың?!
Пері қызым, кімге тастап жоғалдың?!
Күнбағыстай Күннің жүзін аңдыған
Сені көрсем шешек аттым - бар күнәм.
Хан қылдың да кете бардың дал қылып
Қайта айналдым диуанаға қаңғыған,
Қалай шыдап-төзе алады жан бұған?