Қазбек Құттымұратұлы. «Ақылдың кені, болмаса сезімнің күші»
Ақылдың кені, болмаса сезімнің күші
Осындай сәтті сағынып езілді ме іші?!
Шу жұтып, уды қылғытып шаршаған жаным
Жанарыңа еніп, келеді көз ілдіргісі.
Осы бір сәтті сағынып, мың ғасыр күтіп,
Ай маңдай абзал арманын шыңға сырғытып,
Мылқаудай мұңға малшынып үндемей келген
Сөйлейді жүрек, ынтыққан ымға тіл бітіп.
Не деймін мұны?!
Кеудеден қызбалық кеткен,
Серпілмеспін деп жүруші ем мұңданып көптен.
Сыңғырлап шыққан даусыңды құлағым шалып
Іздедім Жерден жұлдызды түнде ағып кеткен.
Шаттығым, мұңым, бақ күнім сенде кеткенмен
Таңменен бірге шығатын дөңгелеп белден
Күндей боп гүлдеп үмітім атып келеді -
Махаббат па бұл мазасыз, кенжелеп келген?!
Ақылға толы жанарың, сезімге кенсің,
Құрыштан құйған тұп-тұтас төзім де сенсің.
Сарғайып күткен сарылып азабым сен бе,
Ғаламға тартар ғазалым өзің бе екенсің?