Жұбан Молдағалиев. «Торы ат басы»
Көрінген сонадайдан
Торы ат басы
Жаманды жаратканша, жаратпашы.
Айқасып қалмақтармен жатқан түнде,
Жұртыңды жау шапса да оятпашы.
Я, ұқсас сол төбе тас ат басына,
Кер торы-туырылған тат басында.
Сол жерде әнеки бір қыз бен жігіт,
Ерттеулі екі бірдей ат қасында.
Байқаймын, отыр олар ойға кетіп.
Оңай ма серт байласу тойға бекіп?
Махаббат пірлеріне жүгінбек пе?
Жылдарды, аныздарды бойлап өтіп?
Әлқисса, тас орнында ауыл бопты,
Жесір мен жер дауынан жауыр бопты.
Қашаннан азабы мол ғашық жолы
Ал мұнда қыл көпірден ауыр бопты.
Қазақта не бір сұлу қыз болады,
Табысса тау қыраны, мұз баяғы.
Көзіндей арғымақтың кара көзі,
Жалт етсе, жаныңда өшпес із қалады.
Кездескен сондай қызға кедей жігіт,
Кім білсін арбағанын нендей үміт,
Дүниені мал билеген зар замана
Кеткен ғой сан ғашықты селдей үгіп.
Ынтықтық қандай отқа қарағады?
Сұлу да ер жігітті жарағады.
Ұрланын екі ғашық мауқын басса.
Тоқырап тұрады екен дала таңы.
Жігіттің жан серігі торы аты бар.
Сенгені, сүйенгені ара тұрар.
Аймалап айсыз түнде ат үстінен,
Ақ білек, жібек бұрым оратылар.
Ұмытып жауыздықты, таршылықты.
Жатса олар шыңғырған бір зар шығыпты.
Кісі емес, бұл ышқынған торы ат екен,
Тебіренткен тыныштықты, талшілікті.
«Апырай, болмағай деп масқара түн»,
Еске алып таң күзетіп тосқан атын,
Жас жігіт жан ұшырып жетіп барса,
Дұшпандар қиып кеткен дос қанатын.
Торы емес, теңкиген бір көпек жатыр,
Жанында кесілген бас бөлек жатыр.
Жас толы жанарында жануардьң.
Махаббат үшін ол құн төлеп жатыр.
Тіл бітіп сол мезетте бас қиналып,
«Босама, достым, енді босқа налып.
Қатып қал жау алдында қара тастап»-
Депті де, кетіпті өзі тасқа айналып.
Сол аңыз мынау тұрған
Торы ат басы.
Секілді сыр сандығы, қорап тасы.
Осында жазылған сөз, айтылар серт.
Жаманды жаратқанша, жаратпашы.
Таныса жастар бұдан үміт тасып,
Жылытсын жалынымен, суытпасын.
Жас ұрпақ, жарқын ұрпақ, бақытты ұрпақ
Махаббат құрбандарын ұмытпасын.
1966